4.07.2019, 13:06
Қараулар: 641
Қымызды ауыл қызығы

Қымызды ауыл қызығы

Теректі жерінде қазақтың тағы бір әдемі дәстүрі жаңғырды. Сенбі күні Юбилейный ауылында жылқы ұстайтын азаматтар халық жинап, қымызмұрындық берді.

Әнебір жылдары ұлттық дәстүр-ғұрпымыздан көз жазып қалдық.  Тұңғыш Президент Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, жалғасы болған «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында игі дәстүрлер оралды ортамызға. Соның бірі – қымызмұрындық.

Бұрында қымызмұрындықтың дәрежесі құрбан айт, наурызбен тең болған деседі. Қытымыр қыстан аман шыққан ел жаз жайлауына жетіп, жадырап, сағынған сүйікті сусынына ерін тиер күнді нағыз мейрамға айналдырады екен. Теректіліктер де нағыз той жасады. Аудан басшылығынан  бастап, сала-бөлім, мекеме-ұжымдар жабыла кірісті той қамына. Той қызығын ән-жырымен әрлеген мәдениет қызметкерлерінің үлесі бөлек бір төбе.

Қымызмұрындық өткізуге мұрындық болған азамат — Юбилейный ауылында жылқы ұстап отырған Бағдат Едресов  тойға өз төрін ұсынды. Бас демеуші болған да өзі. Ибрагим Жақсымбетов, Құсайын Бақтиярұлы, Ермұхан Үмбетов, Қамбар Махметов, Жанғабыл Сәтбаев, Қанат Дакишевтай іскер азаматтар да ел тойына үлес қосып, демеушілік көрсетті. Ауылдың бас көтерер азаматы Бейбіт Қуанышқалиев «тойдың болғанын боладысы қызық» күндерінде білек сыбанып, ұйымдастырумен айналысты.

Той, дәстүрге сай, қымыз татудан басталды. Аудан әкімі Әділ Жоламанов қымызмұрындықтың терең тамыры жайлы сөз қозғап,   той қызығы жарассын деген тілегін айтты.

Содан той басталып кетті. Аудандық этнофестиваль дәрежесімен ұйымдастырылған тойға Ақтөбе, Жаңғала, Казталов, Бәйтерек, Тасқаладан жылқы баптап, тазы салған қаны қазақ жиналды. Той басталғаннан жүргізуші міндетін атқарған жәнібектік Орынбасар Ғилымов халыққа жаршы қызметін мінсіз атқарды. Тай, құнан жарыс, топ бәйге мен аламан өтті қиқулатып. Қыз-бозбаланы бір-біріне таныстырып-жарастырған қыз қуу көрсетілді.

Білек күші, ептілік пен қайсарлық сыналған күрес, қой көтеру кезінде қазақ даласынан әлі талай батыр шығарына сендік. Тойдағы ең таңсығы тазылар жарысы, көкпар  мен аударыспақ болды.

Қымызмұрындық болған соң, қымыз ішілмей ме?! Қымызды кім көп ішер деп, сегіз адам жарысты. «Мешкей» деген жақсы атақ болмағанмен, Мерлан Сайман қымызға да тойды, жүлдені де ілді.

Бие байлап, тәнге қуат сусын дайындап жүрген оншақты қожалық қымыз бәсекесіне түсті. Қымыз дәмін татып, әділ бағасын берген қазылар – Меңдіхан Халықұлы, Асқар Ишанғалиев, Бейбіт Қуанышқалиев Ақылбек Ишановтың қымызын ең дәмді деп мойындап, І орын байлады. Той тарту-таралғы, сияпатсыз бола ма! Ат жарыста топжарғандарға Қамбар ата баласынан бастап, ірі қара, қой-торпақ байланды. Тазысы озғандардың қоржыны томпайды. Күрескен палуандар, асық атқандар, аударыспаққа түскендер, көкпар тартқандарға рет-ретімен жүлде байлады.

— Аудандағы әрбір елді мекен осы мерекені ұйымдастырса екен деймін. Құдайға шүкір, оған қазір мүмкіндік бар ғой. Біріншіден, ата салтымызды  ұлықтар едік, екіншіден, дені сау ұрпақ өсірер едік. Артымызда ерген жастар дұрыс жол таңдап, аттан түспесе, нағыз ұлттық болмысымызды сақтаймыз. Бірнеше жылдан бері осы істі қолға алып жатырмыз. Менің идеямды қолдап, іліп әкеткен азаматтарға ризашылығым шексіз, — дейді қонақжай, жылқылы аула иесі  Бағдат Едресов.

Кең далада тігілген киіз үй ішінде қанша қымыз ішілгенін есептей алмадық. Теректінің жылқылы ауылдары нағыз қазақ екендерін көрсетті. Әрісі Алматы, Маңғыстаудан келген қонақтар ішінде «қымызмұрындық тойын алғаш көруіміз» деп, тамсанғандар бар.

Өткен жылы Абай ауылында берілген қымызмұрындық Юбилейныйда  тап осылай жалғасты. Алдағы жылы Аңқатыда қымыз тойын тойлаймыз деген жоспар бар. Ендігіде тек ат шаптырып, палуан белдестірумен шектелмей, алтыбақан құрып, ай астында ақсүйек те ойнаймыз дейді жастар.

Сапырып құйып, сіміріп ішкен бал қымыздың қызығы мол болды. Көргендер,  көрмегендерге қымызмұрындық қызығын жеткізе айтыңдар.

Айтпақшы, қымызмұрындық мерекесі аяқталғанмен, қымызды ауыл орнында. Бал қымыз ішем, әл жинаймын деген жанға төрін жайып, сабасын пісіп отыр!

 

Камелия ҚАРЕКЕСОВА

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар