3.07.2019, 10:37
Қараулар: 100
Енелер мен келіндер: «пай-пай» ма, «ойбай» ма…

Енелер мен келіндер: «пай-пай» ма, «ойбай» ма…

Осы жазбама бұрынғы көршімен кездесу себеп болды. Жасымыз шамалас. Сондықтанда болар, іргелес отырған көрші келіншекпен әңгімеміз жарасымды болатын. Шүйіркелесіп, өткен-кеткенді айтып, үй ішінде ыдыс-аяқ сылдырлай қалса, мұңымызды айтатынбыз бір-бірімізге. Оған да он-он бес шақты жыл өтіп кеткен екен. Олардың отбасы күйеуінің қызмет бабымен облыс орталығына жақын ауылға қоныс аударды. Соңғы жылдары мен де қызыма қарайлап, қалада тұрамын.

Өткен аптада көшеде кездесіп қалдық. Шұрқыраса жөнелдік. Аман-саулықтан соң әңгіме балаларға қарай ауысты. Үлкені ұл, кішісі қыз, қос баланың анасы бүгінде келін түсірген екен қолына. Мен мәз болып, «құтты болсын, қолың ұзарған екен» деп жатырмын. Құрбым мырс етті. Байқаймын, жаңа ғана жарқын тұрған жүзін көлеңке шалды. «Анау-мынау» мәселелерді ойын-қалжыңға айналдырып, жеңіп кететін жан еді. Соған қарағанда, келіні жайсыз болды ма деп, сұрақтың астына алдым. «О не дегенің, келінім керемет. Екі жыл болды қолымызға түскелі, бір сөзге келіп көргеніміз жоқ» дейді. «Енді неге көңілсіз айттың келін жайын?», деймін ғой. Оның өз сыры бар екен. Құрбымның сөзін сізге дәл жеткізуге тырысайын (аты-жөнін белгілі себептермен атамай отырмын).

-Ұлымды білесің ғой. Қақ-соғы жоқ, басын кітаптан алмайтын еді ғой бала кезінде. Сол қалпынан көп өзгерген жоқ. Тек, компьютерге «шұқынып» қалатын әдет қосылды. Сабаққа жақсы болған соң, жоғары білім алуы да қиындық туғызған жоқ. Оқып жүріп осы келінімізбен танысты. Біз қуандық. Бір үйдің кенжесі екен. Қолымызға тапсырғанда анасы, біздің құдағай: «Кенжетайым еді, бетінен қақпадық. Өз қызыңдай қара, құдағай», деді. Ал, жақсы. Өз қызымдай, бұл да біреудің әлпештеген баласы дедім. Той-топыр өткен соң, әдетімше, таңғы тамақты дайындап, алдарына тосып ұстадым. Үйренген соң өзі қолға алар, дедім. Сенбі-жексенбі үй жинау, тамақ дайындауға өз қызыммен бірге жүрді. Тек, менің қызым ата-анасының қолындағы қыз ғой. Ол – келін. Айтуға, таңмен тұрып, үй шаруасына кіріс деуге аузым бармады. Жаңа қосылған жастардың көңіл-шырқын бұзбайын дедім. Не айта берейін, осы екі жыл ішінде келініме ене емес, «үй қызметшісі» болып кеткен сияқтымын. Мен дайындаған асты жеп, тұрып жүре береді. Таңмен ерте тұру деген, тіпті, түсінігінде жоқ. Қызметтен менен ерте келсе де, мен келгенше тынығып, немесе, телефон шұқып отыра береді. Сырт көзге, біз «идеальный» отбасымыз. Кейбірі «екі жыл бірге тұрып, бір ренжіскеніңізді естімеппіз. Алтын келіннің алтын енесісіз ғой», деп жатады. «Ия» деймін, сыр білдірмей. Ал, шындығым – осы. Ол өз алдына, үйдегі қызым жеңгесінен үлгі алып, барған жеріне соны істегісі келер ме деп те ойлаймын. Қызыма күні бұрын: «үйдегі қыз бен келіннің орыны екі бөлек. Келін өз қызыңдай болмайды. Оның өз «функционалдық қызметтері» бар деп, құлағына құямын. Кейде келінімнің көзінше, «қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деген мақсатта айтамын. Бірақ, үндемей тыңдайды да, жүре береді. Міне, қолым ұзарған түрі осы,-деп, ішін тарқатты.

Сөзін бөлмей тыңдадым. Не айтайын. Жалпы, «баланы бастан» деп тәрбиелейтін, әсіресе, шет жерде өз әулетінің мерейін асыратын не болмаса, жерге қарататын қыз баланың тәрбиесінде ата-анасының олқылық жібергені-ай дедім іштей.

Қазақта «қыз бала кісінің кісісі» дейді. Яғни, жат жұрттыққа жаратылған. Есі кірісімен анасы қасына алып жүріп, үй шаруасына бейімдейді. Кесте тоқу, іс тігу сияқты қол өнеріне баулиды. Бұның бәрі болашақта келін болуға жастайынан оқыту. «Дала университеті» келіндердің «жоғары білімді» келуін осылай шешкен. Қазірде «жоғары білімдімін» деп бәлсінген кейбір келіндер нан бастыра алмайды-ау.

Ойымның осы жеріне келгенде қызметтес болған қыз есіме түсті. Еліктің асығындай, өз үйінде әкесінің қызы болып, ерке өскен Күлімхан Даужанова қазір бір үйдің келіні болып отыр. Енесін де танимын. Әлеуметтік желіде «Ас үй ханшайымы» деп, түрлі тәтті-дәмдісін көрсетіп, дайындау жолымен бөлісетін өнері бар. Күлімхан пісірген тәтті орама, бәліш, бөлкелерін көрсең, сілекейің шұбырып жүре береді, шіркін.

Білдей бір басқармада жұмыс жасайтын Күлімхан ата-енесінен қазір бөлек тұрады. Қызмет жасайтын күйеуіне жағдай туғызып, демалыс күндері ата-енесін баптап, риза етеді. Келіндік «жұмыс өтілі» — 2 жыл 6 ай.

-2017 жылдың қаңтарында бір үйдің жалғыз ұлына ұзатылдым. Салғаннан үй шаруасын дөңгеленте жөнелдім десем, шындыққа жанаспас. Әр үйдің өз тәртібі бар,  сіңісіп кету оңай емес. Алғашқы күндері енемнен «не тамақ дайындайын?» деп сұрайтынмын. Енем «қалағаныңды пісіре бер» дейтін. Десе де, «менің пісіргенім ұнай ма» деп қобалжитынмын. Атам да, енем де алғыс айтып, «рахмет, тамағың өте дәмді» деумен келеді.

Біраз шаруа жағын білсем де, киім үтіктеуді ұнатпайтын едім. Ер адамның көйлек-шалбарын үтіктеуді, тіптен, білмеймін. Күйеуім – мемлекеттік қызметкер. Таза, ұқыпты жүруі тиіс. Және, солай жүруге үйренген. «Ақ жейдем мен шалбарымды үтіктей салшы» деген кезде, «мен үтіктей алмаймын», деп, ұяла мойындадым. Содан, енем бір кеште қасына алып отырып, үйретті ғой. Негізі, енемнен үйренгенім көп, әлі де үйрену үстіндемін. Бір сұрақ-мәселелер болса, ақыл-кеңесін айтып, шешуге көмектеседі. Ауырып қалған күндерімде қасымда отырып, сорпа-суымды өзі ішкізді. Бірге тұрған кезімізде, жұмысқа, қонақтыққа барарда шашымды әдемілеп өріп беретін. Қызым дүниеге келген соң, қамқорлығы күшейді. Үлгермей жатсам, жаялығын жуа салатын енем. Қызымды алып қалып, той-қонақтыққа да жібереді. Керек-жарағымызды алып беріп, қаржылық жағынан да болысып жүр. Мен енемді анамнан кем көрмеймін. Қай жерде болмасын, мақтанып отырамын енемді айтып. Сонда, қыздардың көбі «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» ғой, қалай бірге тұрып жатырсыздар?» дейтін. Енемнен бөлек шығу ойымызда болған жоқ. Бірақ, күйеуімнің қызметіне байланысты кеттік.

Енеммен бет жыртысып, көңілін қалдырудың Алла бетін аулақ қылсын. Біз бірге тату-тәтті тұрдық. Әлі де солаймыз. Демалыста келеміз, тәтті пісіремін, келіндік қызметімді атқарамын.

Жалпы, мен ойлаймын, ененің көңілін тауып, өзара жақын болу келінге байланысты. Келін өз міндетін, өз орынын білуі тиіс. Енең айтқан сынды көтеріп, үлкеннің алдында естілік танытсаң, ол да саған кешіріммен қарайды. Жанына тартады.

«Келін енесінің топырағынан жаралады» деп жатады ғой. Көп адамдар енең екеуің ұқсассыңдар дейді. Өз анам да, «енеңе тартып барасың» деп, күледі.

Мен әлі жас келіндер қатарындамын. «Білетінім бір түйір, білмейтінім тоқсан тоғыз түйір» демекші, енемнен үйренерім көп. Екеуміздің сыйластығымыз бұзылмай, нығая түссе екен деймін.  Мен үшін келін болу – бақыт.

Жас келіннің бәрі де осы Күлімхандай болса-ау, дедім.

Сосын, келіндік «қызмет өтілі» 30 жылдан асқан, келіндігі өз алдына, өзі де ене болып отырған құрдасым Айжан Құбашеваны да осы тақырыпта сөзге тарттым:

-Мен тұрмысқа, қазіргі өлшеммен қарасам, ерте шығыппын. Үлкен әулетке келін болып түстім. Білгенімнен, білмегенім көп болды. Енем, марқұм, өте жайлы кісі еді. Тамақ жасаудан бастап, сиыр сауу, қияр-қызанақ тұздау, тосап қайнату сияқты барлық үй шаруасын сол кісіден үйрендім. Өзі бірге жүріп, қолымен жасап отырып, көрсететін. Анамдай көрдім ол кісіні. Ол да мені қызындай көріп, білгенін айтып, ақыл қосып отыратын. Дегенмен, ол кісінің ене, өзімнің келін екенімді еш есімнен шығарған емеспін. Ата-енеммен тұрған жылдары өмірлік тәжірибем толықты. Сол кісілердің ара-қатынасына қарап, үй түзедік. Қазір өзім де енемін. Бала-келін бір жыл қолымызда, бірге тұрдық. Енді, өз алдарына үй болып, бөлек кетті. Келінім Айгүл біреудің жалғыз қызымын деп, еркелік танытпай, үй шаруасына, қонақ күтіміне көмектеседі. Өзімізде қыз жоқ, екі ұл өсірдік. Сондықтан, қызымдай болады-болмайды деп айта алмаймын.

Міне, екі келін, бір ененің айтары осы. Жалпы, ене мен келін арасындағы қатынас қай ұлтта болсын, шиеленісті. Орыстардың «теща-зять» туралы анекдоттарындағыдай болмағанмен, өзара тартыста жүрген ене-келіндер баршылық. Бұны, бір жағынан қызға өз үйінде тәртіп-тәрбие бермегеннен дейміз. Екіншіден, енелер жағы, соның ішінде қазіргі енелер, «шолақ белсенді». Жұмысбасты, бір отбасын өзі билеп үйренген ханымдар жаңа түскен келінді «қолынан түк келмейді» деп, сөге жөнеледі. Ойбуу, ішінен біліп туған адам жоқ. Төзімділік танытып, жас баланы баулуға болады ғой. Не болмаса, шамадан тыс мәпелеп, келінді басына шығарып алады. Семіздікті қой ғана көтереді емес пе… Мәпелегенге даңдайсып, басқа шыққан келіндер бар. «Ата-енеге «служанка» емеспін» деп, салғаннан бөлек тұруға ниеттілері бар. Енесін балағаттап, қол көтерген, отбасын бұзып, «ойбайлатып» кеткен келіндер таңсық емес, өкінішке орай. Не болмаса, «келіннің орыны – есік алды» деп, жібекті жүндей түтетін енелерді де көріп жүрмін.

Қазақта келін туралы «Жақсы ауылға келген келін – келін, жаман ауылға келген келін – келсап»,  «Келін жаман емес, келген жері жаман» деген мақалдар бар екен деген. Келіннің жақсы-жаманы енеге, келген ортасына байланысты.

Қазақтың ардақтысы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апамыз:  «Қыз тәрбиелеу – ұлт тәрбиелеу деген сөз. Біздің әр үйде өсіп жатқан қаракөз қыздарымыз – бәрі қазақтың болашақ ұрпағының анасы, ұлттың әжесі. Сондықтан, қызымызды ата-баба дәстүрімен, қырық үйден тыйым салатын сәлиқалы салтымызбен өсіруіміз керек» дей келіп, «Қазір келін мен ата, ене мен күйеубала шөлмектес. Бұл ұлттық құндылығымыздың азғындауы. Жасыратыны жоқ, қазір атасының алдында «шорти» киіп шолтаңдап, енесінің алдында тар, ашық-шашық майка киіп, қарнын жарқыратып, кіндігін көрсетіп жүрген келін қаншама! Ар санамайды. Тіпті ұялмайды. Денесінің ашығынан ұялмаған келіннің бетінде ұят қала ма? Жоқ! Әр халықтың өзіне ғана тән дәстүр, салты бар. Егер сол жолдан аттасаң, онда тамырыңнан айырылып, азғындық жолға топ ете қаласың. Өйткені, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ар-иба – ұлттың рухани коды»-депті Alashainasy.kz. жарияланған сұхбатында.

Бұл сөздерден артық не айтарсың?!

Осы жазбам оқырманға ой салар деп үміттенемін. Өз пікірлеріңізді білдіріңіздер.  Біз, өз тарапымыздан, хаттарыңызды жариялап, пікір алаңын ашуға дайынбыз. Өмірлік тәжірибелеріңізді бөлісіңіздер, енелер мен келіндер. Өзімізден жас буынға ақыл-кеңесімізді беріп, «пай-пай, қазақтың келіндері-ай» деп тамсанардай келін тәрбиелейік.

 

Камелия ҚАРЕКЕСОВА

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар