3.07.2019, 10:32
Қараулар: 1065
Құйқылжытып ән салған, тігін десе жан салған…

Құйқылжытып ән салған, тігін десе жан салған…

«Тігін тігу өнері – махаббат пен сұлулыққа деген құштарлық жиынтығы» деген әдемі сөз бар. Ауданымызда бұл тұжырымның рас екенін дәлелдеп жүрген нәзік жандылар көп. Солардың бірі сұлудың мүсінін айшықтайтын киімдерді өз қолымен тігіп, тапсырыс қабылдап жүрген жез таңдай әнші, аяулы жар, ардақты ана, бір сөзбен айтқанда «сегіз қырлы, бір сырлы» жан Гүлназ Құсайынова.

1991 жылдың 2 ақпаны күні Ресей Федерациясының Кострома облысы Судиславский ауданы Михайловский селосында дүние есігін ашқан Гүлназ 2 жасқа толғанда ата-анасы Қазақстанның батысына қоныс аударады. Дәлірек айтсақ, Қаратөбе ауданы, Төбеқұдық елді мекеніне көшіп келеді. Сол аймақта болашақ әнші 4-сыныпқа дейін білім алады. Ал Ақтай-сай ауылында 4-11 сыныпты оқып, тәмамдайды. Кішкентай күнінен ән айтып, түрлі концерт, той-томалақтың сәнін келтірген Гүлназ мектеп бітірген соң, Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Мәдениет және өнер» факультетіне оқуға түседі.  Вокалдық өнер мамандығы бойынша 4 жыл білім алған әнші 2013 жылы Құдай қосқан қосағын жолықтырып, тұрмысқа шығады. 2012 жылы қол ұстасқан екі ғашық Теректі өңіріне келіп, мамандық бойынша қызметтеріне кіріседі. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша үй алған жанұя бүгінде 3 қыз тәрбиелеп отыр.

-Қолөнермен айналысып, тігін тігу — менің хоббиым. Арнайы білім алмадым. Ғаламтордан  тоқыма тоқудың, киім пішіп, тігін тігудің үлгілерін көріп, дәлме-дәл қайталап, үйреніп алдым. Басында балалардың бас киімін, шұлығын, әйелдерге арналған кардигандарды тоқып, сатып көрдім. Барлығына ұнады. Содан «Instagram» әлеуметтік желісінен парақша ашып, тоқыған заттарымды, қолдан жасаған әшекей бұйымдарымды жүктедім. «Артық дәулет бас жармас» дегендей, уақыт өте келе өзіме сенімділігім артып, тапсырыс қабылдайтынымды жарияладым. Үш жылдай уақыттың ішінде көп нәрсені біліп, қолым жаттығып, тоқыма тоқудың нағыз маманына айналдым, — деп Гүлназ Рахымғалиқызы әңгімесін бастады.  Бүгінде бала күтіміне байланысты еңбек демалысында отырған ана алтын уақытын босқа телефон шұқылаумен өткізбей, пайдалы нәрсеге жұмсауды жөн көріпті.

— Әр ата-ана баласы үшін тау қопаруға да дайын ғой. Балабақшадағы екі қызыма мейрамдарда тәрбиешілері сұраған киімдерді базар аралап, әрең дегенде тауып әкелетінбіз. Бір күні сол киімдерді неге өзім тікпеймін деген оймен іздене бастадым. Курстарға баратын уақытым болмаған соң, ғаламтордың көмегіне сүйендім. Бір жақсысы, көзбен көргенімді айнытпай қайталап жасайтын қасиетім бар. Осылайша, тігін тігуді меңгеріп келе жатырмын. Әзірге тігін машинасын алмадым. Терможеліммен жабыстырып жүрмін. Тігу қажет болғанда, апамның машинасын 1-2 күнге сұрап аламын. Тіккен киімдерімді әлеуметтік желілерге жариялағанда, көбі тапсырыс бергісі келіп, шабытымды шыңдады. «Нартәуекел» деп кірісіп кеттім. Қазір қыз-келіншектердің тойға, салтанатты жиынға киетін көйлектерін тігіп жүрмін, — деді талайды әсем әуезімен таңқалдырған кейіпкеріміз.

Аз уақыттың ішінде тапсырысқа киім тігіп бастаған Гүлназ Теректі ауданы мен Орал қаласынан басқа Атырау, Ақтау,  Жезқазған қалаларының тұрғындарына да қызмет көрсетіп үлгерген. Айтуына қарағанда, тапсырыс өте көп түседі екен. Үшінші қызы кішкентай болғандықтан, көбінен бас тартуына тура келген.

— Қазір той маусымы. Тапсырыс саны күннен-күнге артуда. Дегенмен, өз жағдайыма қарап, тығыз уақытта бітуі тиіс тапсырыстардан бас тарттым. Қарап отырсам, биыл көп киім тігіппін. Қазір қыз жасауына қажет ұлттық нақыштағы қобдиша, сәукеле, камзол тігумен айналысудамын, — дейді ісмерлікке қадам басқан әншіміз.

2018 жылдың қараша айында тігіншілікпен айналысуға шешім қабылдап, мақсатына жету жолында аянбай еңбектеніп жүрген Гүлназдың не жоспарлап жүргенін де біліп алдық.

— Негізі балаларға арналған киім-кешек тігуді, тоқуды жаным сүйеді. Болашақта жаныма көмекшілер алып, тігін цехын ашып, тек қана балаларға арналған киімдер тіксем деген арманым бар. Әрине, ол үшін мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне жүгіну дұрыс секілді. Бірақ осы күнге дейін жасаған қадамдарым сәтсіз болып тұр. Алдымен, сапалы тігін машинасын алуым керек. Одан кейін үлкен тапсырыстар қабылдауға да  мүмкіндік туады. Бұйырса, ол күнге де жетемін деп ойлаймын, — деп өз-өзіне сенімді ісмер қысқа қайырды.

Гүлназбен әңгімелескен уақытта үйдің тірлігі мен хоббиын ұштастырып, жоқтан бар жасап, «тамшыдан — теңіз» демекші,  тиыннан ақша құрай білген еңбекқорлығына тамсандым. Күйеуінің бабын тауып, қыздарының еркелігін көтеріп жүрген Гүлназ келесі жылы тапсырысқа торт пісіріп жүрсе, таңданбаймын. Әр қазақтың келіні Гүлназдай алғыр, пысық, табанды болса, сананы тұрмыс билеген заманда ажырасушылар саны азаяр еді.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА

 

 

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар