2.07.2019, 12:06
Қараулар: 1003
ЖАЗ ЖАЙНАТЫП, КҮН КҮЛДІРІП, БІЗ ЛАГЕРЬГЕ БАРАМЫЗ!

ЖАЗ ЖАЙНАТЫП, КҮН КҮЛДІРІП, БІЗ ЛАГЕРЬГЕ БАРАМЫЗ!

Жаз – балалардың күн санап асыға күтетін сүйікті мезгілі. Жылдың тоғыз айында мектеп қабырғасында сабақтан бас алмайтын әр шәкірттің үш айлық демалыстарын қызықты өткізуді армандайтыны рас. Соған сәйкес балғындардың ата-аналарымен қатар, мектеп әкімшіліктері де алдын-ала балаларды қызықтыратын бағдарламаларға толы ойын-сауықтық, сауықтыру лагерьлерін ұйымдастырады. Газетіміздің бүгінгі нөмірінде оқырмандарды Федоров және Шаған жалпы орта білім беретін мектептері жанынан ашылған лагерьлерде демалып жатқан бүлдіршіндердің хал-жағдайымен таныстыруды жөн деп шештік.

Биыл ауданымызда 1 маусымынан бастап 34 мектеп жанындағы жазғы демалыс лагерьлері 1 мезгілдік тамақтандырумен, 15 лагерь  профильдік бағытта және 1 шатырлы лагерь ашылған. Мектеп жанындағы және қала сыртындағы жазғы демалыспен барлығы 5760  оқушыны қамту жоспарланған. Балаларды сауықтыруға жалпы 11649,0 мың тенге бөлінген.

-Ата аналар жиналысында және жеке сынып жиналыстарында жазғы демалыс уақытында суға түсу маусымында қауіпсіздік ережелерді сақтау бойынша жаднамалар таратылды. Оқушыларды жүзуге үйрету мақсатында  2018 жылы екі қанқалы бассейн сатып алдық. Бұл жобаны жүзуге асыру үшін 1 млн. 429 мың тенге қаражат бөлінді. Жайдары жазда әр оқушының демалысын жақсы өткізу мақсатында балалар шығармашылық үйі түрлі экскурсия, 1-2 күндік жорықтар ұйымдастырады. Шілде айында «Отанымыздың елордасы – Нұр-Сұлтанмен танысамыз» атты өлкетану жобасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласына үш күндік экскурсияға ауданымыздан 50 оқушыны апару жоспарлануда, — дейді аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Хусаинова.

Федоров жалпы орта білім беретін мектебі жанынан ашылған бастауыш сыныптарға арналған «Бәйтерек» жазғы демалыс лагері 4 ауысымда жұмыс істейтін көрінеді. Барлық 153  оқушы бір мезгіл тамақтанады екен.

— 5-10 сынып оқушыларына арналған еңбек (пәндік, туристік) лагеріне   150 оқушы қамтылды. Қазіргі таңда бұл лагерьде қатысушылар мектеп үлескісінде егілген  көкөніс,  гүлдер,  жеміс ағаштарын суарып, пәндік бағытта қосымша білім алуда. Жорыққа шығып,  туристік техниканы қолдану жолдарын үйренеді, — дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, лагерь жетекшісі Мирас Абуғалиев.

Шаған жалпы орта білім беретін мектеп жанынан құрылған 1-3 сынып оқушыларына арналған «Балдәурен» жазғы  лагері 1 маусымнан бастап өз жұмысын бастады. Балғындар әр уақытын ұтымды өткізуде. Күн сайын таңертеңгі жаттығудан кейін машықкерлер ертегілер еліне саяхат өткізеді. Содан соң барлығы ертегі кейіпкерлерін ермексазбен бейнелеп, ән сабағына қатысады. Жүрек жалғап алған соң, түрлі спорттық шараларға қатысады.

Ақмарал БАЙЕШОВА, Шаған жалпы орта білім беретін мектебінің қамқоршылар кеңесінің төрайымы: 5 маусым күні аудандық білім беру бөлімі басшылығының қолдауымен Шаған және Социализм мектебінің оқушылары 3 күндік шатырлы лагерьде өте керемет уакыт өткізді. Оқушылар топ-топқа бөлініп, жетекшілерімен бірге түрлі спорттық шаралар, концерттік бағдарламалар, түрлі қойылымдар ұйымдастырды. Балалар бір-бірімен танысып, тез тіл табысып, бір үйдің балаларындай болып кетті. Тәрбиелік мәні зор, үлгі аларлық шара барша оқушылардың көңілінен шықты. Барлығының көңілінен шыға білген, барлық балаға қуаныш сыйлаған Теректі білім бөлімінің басшысы Жанаргуль Хусаиновага, мектебіміздің басшысы Ұлмекен Сағынқызына, Социализм мектебінің басшысы Ағыс  Сүндетқалиеваға, тәрбие ісінің жетекшісі Юлия Шыныбековаға және жетекшілікке барған барлық ұстаздар қауымына, спорт жетекшілеріне және аспазшыларға үлкен алғыс білдіреміз. Әрдайым биіктерден көріне беріп, еңбектеріңізге жеміс тілейміз! Осындай туристік шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады деген ойдамыз.
Бахтияр Даулеткереев, Шаған ЖОББМ 8 «а»сынып оқушысы:

Жазғы демалысымның басында үш күндік шатырлы лагерьге барып қайттым. Бірге оқитын сыныптастарым да барды. Демалыс керемет өтті. Жаңа достармен таныстым. Таза ауада серуендеп, түрлі жарыстар өтті. Сонымен қатар, мектебіміздің мұғалімдері де барған болатын. Мұғалімдермен жақын араласып сөйлестім. Өткізген жарыстары қатты ұнады. Осындай жарыстар жиі болып тұрса деймін. Табиғат аясында, таза ауада жаңа достармен демалған керемет.

Айкөркем Амангелді, Федоров жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы:

Мен «Бәйтерек» жазғы демалыс лагерінде керемет демалдым. Әр күнім өте көңілді өтті. Достарыммен түрлі спорттық шараларға қатыстық. Түрлі ертегілер оқыдық. Мультфильмдер көрдік. Жазғы демалысымыздың жақсы өтуіне атсалысқан ұстаздарыма алғысым шексіз.

Бетті дайындаған Аягөз АЙТҚАЛИЕВА

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Биылғы жылы мектепті 330 түлек бітірді, олардың 250-і ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірді, бұл 75-ті % құрайды.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар