2.07.2019, 11:52
Қараулар: 953
ЗАМАНЫНА ҚАРАЙ БАЛАСЫ

ЗАМАНЫНА ҚАРАЙ БАЛАСЫ

   Арман деген көп белес, біріне шықсаң бірі бар. Армандай білу — қандай керемет, ә! Күнім шаттыққа, сағатым қуанышқа, минутым бақытқа толы болсын деген адамдар, армандаңдар! Себебі, арманның ғажап бір қасиеті — орындала білуінде.

   Мен жазушы болсам дейтінмін. Қолыма қалам алып, өзім түсінетін, ешкім түсінбейтін шатпақпен жаза жөнелетінмін. Бертін келе, ақын болсам деуді шығардым. Ұйқассын ұйқаспасын бір нәрселер құрастырып, ешкімге көрсетпей, сақтап-жинап жүретінмін. Бұлардың бәрін неге айтып отыр дейсіздер ғой. Оған қазіргі менің кішкентай іні-қарындастарым себеп. Олардың арманы…..Қатеміз, армандарын естіп күлетінімізде. Қатеміз, заманымызды осы келер ұрпаққа зымиян, сұм етіп көрсететінімізде. Енді армандарын білейікші… Әлішер әкімболсам дейді, неге десем ақша көп болады менде дейді. Бауыржан бастық болсам дейді. Бәріне ұрсамын ғой деп жәудіреп маған қарап тұр. Кішкентай Мөлдірдің айтуынша арманы «модница» болу. Күшті киім киіп, теледидарда тұрам дейді. Ал 7 жасар Бақыт бандит болам деп «қырып салды». Айтуынша, «бәрін өлтірем, сосын менен қорқатын болады адамдар». Міне, қазақтың болашағының армандары. Осыны оқып, бәріміз күлеміз-ау, бірақ ойланатын адамдар санаулы. Қай ата-ана баласын жаман болсын дейді? Әрине, ешкім. Бірақ, мына заманды өмірдің қыр-сырын түсінбеген сәбиге келемежтеп, мазақ етіп, олқы тұстарын дастарқан басында әуелете әңгіме етумен боламыз. «Мына әкім мынандай ақшаны жымқырыпты (білсекте, білмесекте осылай дейміз), қайда жіберіп жатыр екен» дегесін әлбетте Әлішер әкім болады. Сосын осы әңгімедегі іс-әрекетті істейді. Солай емес пе?

Бір ата-ана жұмыстан ашуланып келіп, үйінде тыныш отырған балаларына жекіреді. Себебі дастарханның үстінде белгілі болады. «Біздің шеф(жаңа қазақтардың сөзі) бүгін ашулы. Менен алды өшін, кабинетінде тұрып айқай естумен болдым» деп баласына қарап тағы бір қатты сөзбен сыбап алады. Бұны көріп өскен Бауыржан міндетті түрде бастық болады ғой.

Қазір сәбиді іздесек теледидар алдынан табамыз. Қандай арнада не болып жатыр, бәрін үйдегі баламыз біліп отырады. Дүкендерде қазір косметикалық бұйымдардың сәбилерге де арналғаны түрі шыққан. Аналар кішкентай қыздарына осы бұйымдарды әперіп (не үшін әперетінін ұқпадым ақыры), қысқа юбки киіп, бөкселерін бұлғаңдатқан бикештерді көрсететін арнаға қойып, өздері шаруаларымен айналысып жүре береді. Бастысы, сәбиі жыламасын. Ал кішкентай қызымыз бесіктен белі шықпай жатып, әр түрлі зиянды химикаттар қосылған опа-далаппен сыланып, екі көзін «апайларынан» алмайды. Міне, сосын Мөлдірдің «модница» болам деп қиялдануы. Осы теледидар құрғыры атыс-шабысты жарысып беруден тынар емес. «Ұрпағыңды түзер болсаң қазағым, экранды түзеп алғын алдымен» деген ағамның сөзі есіме түсіп отыр. Теледидарға үмітпен үңіліп, түңілуміздің жоқтығынан Бақыт бүлдіршін бандит болам деп шауып жүр. Көп көргенім шамалы, данышпансып кетті демеңіздер. Іні-қарындастарымның келешегі тәрбиелеп отырған ата-аналардың қолында екеніне көзім жеткесін ғана қалам алдым қолға. «Ел болам десең бесігіңді түзе» деп қалай дәл айтқан бабаларымыз?! Расымен, ең бірінші ештемеден хабары жоқ сәбиді дұрыс ойлауға, дұрыс армандауға үйрету- отбасыдан басталады екен. Бұл-бір.

Екіншіден, баланың ой-санасын өсіретін ойын. Ия, кәдімгі балалардың жиылып ойнауы. Енді қазіргі сәбилер қалай ойнайды, білесіздер ме? Жоқ, білмейсіздер. Менде назар аудармайтынмын. Құлағымды түріп, назарымды кішкентай бүлдіршіндерге салғам. Басында күлдім, сосын ойландым, аяғында ашындым. Жолда екі қыз тұр. Біреуінің қолында ұялы телефон. Жастары шамамен 10-12 деп топшыладым. Біреуі шашын жіберіп, жолға жайғасып, қос аяғын созып, ернін шүртитіп (өзім өте ыңғайсыз күйде болдым, Құдай сақтасын) отыр. Екіншісі «кадр бір, кадр екі» деп шыртылдатып суретке түсіруде. Міне, қазіргі ойынның түрі. Бұрын замандастарымның, қала берді аналарымыздың «мак» деп атап кеткен ойындары қандай әсем еді, шіркін. Қазақ қыздары жолға жайғаспай-ақ ұяңдығымен, сыпайылығымен сұлулығын көрсете білді емес пе?! Жоғарыда аталған көріністі көріп ашынғаным ештеңе емес, жерге кірердей ұялдым. Қыз Жібектің, Баян Сұлудың, Фариза мен Хиуаз әжелерімнің аруағынан ұялдым.

Ауданымызда ойын алаңы жасақталған. Кез-келген уақытта әткеншек теуіп, доп қуып, құмда қиялдан туған бейнелерді жасауға болады. Бірақ балалар сол жерге бара ма? Барам деп кетеді-ау, бірақ ол жерде баладан көрі шиқылдап ұшқан торғайлардың саны көп (кешірерсіздер!). Көшелерде сандалған бала, сенделген қыздар. Шайтанарбамен (атауы біртүрлі осының) әрлі-берлі құйғытып, желмен жарысқан көлік біткеннің алдынан бір, артынан бір шығып, шуылдасқан бүлдіршіндер. Не болып барамыз? Осылайша ойланып келе жатқанда алдымнан екі бала шықты. Жастары 5-6 шамасында. Кішкентай ғана велосипед (осылайша атайыншы) бар біреуінде. Кім болып жүрсің десем, мен жүргізушімін дейді. Жүрегім жылып кетті. Балалық тәтті арман. Ешқандай боямасыз сөз. «Аға, жолдан былай тұрыңыз, досымды алып кетейін, менде тек бір орын» деді де екінші баланы артына салып, мәз болып кетіп барады. Сіздерге жасанды көрінер, бірақ мен шынымен қуанып кеттім. Баланы ерте есейтуге бейім емес, отбасылардың барына қуандым.
Үйіме жақындадым. Есік алдында көршілерімнің балалары телефонға шұқшиып отыр. Жандарына жақындап неге ойнамайтындарын сұрадым. «Ешқандай ойын жоқ қой, не ойнаймыз? Телефонда күшті ойындар бар» деп қойып қалды. Осы телефон баланың нағыз тәтті шақтарын жұтып жатқан тажал іспетті. Ғаламтордың шырмауына түскен бала, оны сол құрдымға жіберіп жатырған ата-ана. Байқамаймыз. Бірақ бұл дабыл қағатын мәселе. Сол балғындардың көздерінен бейқамдықты, мына адамдарға деген ызаны, еріншектікті байқадым. Қуыспақ, жасырынбақ, қумадоп, бес қаңылтыр, секіртпе, ақсүйек, ақсерек-көксерек сияқты ойындармен өскенімді білмейді-ау.Түнімен ұйықтамастан аға-апаларыммен жиылып, сақинаны таңдаған адамыңның уысына салып, «шық, шық, шық, ақ қояным атып шық» деп тоқтамастан, үйдегі үлкендерді ұйықтатпастан жалықпай жалғастыруымыз — естен ешқашан кетпейді. Осы ойындар тез ойлануға, шапшаңдыққа, ортада тіл табысуға бейімдейтінін аналарымыз жиі айтып отыратын. Міне, ойындардың тізбесі мен пайдасы. Қуанышым су сепкендей басылды. Басым салбырап, үйге қарай бет алдым…

 

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар