2.07.2019, 11:38
Қараулар: 831
Ауылға барған ақсоғымдықтар

Ауылға барған ақсоғымдықтар

Ақсоғым ауылдық округінің орталығында  Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» жобасы аясында ұйымдастырылған «Туған жер — алтын бесік» жерлестер форумы өтті.

Қонақжай, қаймағы бұзылмаған ауылдан ержетіп, шартарапқа тараған ақсоғымдықтар туған ауылына сағына жетті.

Жерлестер форумына арнайы келген азаматтар мен ауылда қалған ағайын шұрқырасып, көрісті. Басқосуды сөз шебері, республикалық ақындар айтысының жүлдегері  Эльдар Ихсанов жүргізді.

Ән-жырмен басталған тойда әнші жерлесіміз Гүлзада Бисенова, көрші Ақжайық ауылының өнерпаздары    Орынша Түсіпқалиева, Нұрбол Құрымғалиев, халықтық «Ақ отау» әжелер ансамблі жиналған жұрттың көңілін көтерді.

Аламан бәйге, тай жарысты тамашалаған көрермендер де, додаға Атырау, Ақтау өңірінен, көрші  аудан-ауылдардан келген атбегі-шабандоздар да  той дүбірін қыздырды.  Халық велоспорт, қазақша күрес, арқан тартыс, қол күресі  сынды  түрлі спорттық, ұлттық ойындарда ептілік пен қара күш сынасқандарды жігерлендіріп, көтермелеп тұрды. Дала қызықтарымен қатар ұтысқа бағалы заттар тігілген лотерея ойыны ойнатылды.

Жарыста үздік көрінгендерге   бағалы сыйлықтар және дипломдар табысталды.

Шет жүріп, ауылын аңсаған ақсоғымдықтарды туған өңірімен байланыстыру, ізбасар жас буынды елжандылыққа баулу мақсатындағы  шараны  ұйымдастырып,  демеушілік жағын көтерген  мектептің 1977, 1980, 1983, 1984, 1985, 1986, 1987 жылдардағы түлектері мен ауыл жастарына ауыл халқы бек риза. Шаруашылық басқарып жүрген Сәбит Ашекеев, Оңғар Төлемісов, Болат Байарстанов,  Арман Жиенғалиев,  Ербол Кенжалиев секілді ауыл азаматтары да жерлестер басқосуының мәнді де сәнді өтуіне үлес қосты.

 

А.Арстанова,

Ақсоғым ауылдық клубының  меңгерушісі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар