2.07.2019, 11:33
Қараулар: 502
Іскер ханымдар іске кіріскенде

Іскер ханымдар іске кіріскенде

Подстепный ауылындағы мәдениет үйінде аудандағы іскер әйелдердің І форумы өтті.

Аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, қоғамдық белсенді Майра Исенова, теректілік кәсіпкерлерді «жетектеп» жүрген «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бизнес-жаттықтырушысы Зухра Идгеева ұйымдастырған шараға әйел адамдар мол жиналды.

Олардың арасында кәсіпкер болуға ұмтылған ер азаматтар да болды. Әрине, іскер әйелдердің облыстық кеңесі мүшелері, шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдауды іске асыратын «Даму» қоры, «ҚазАгроФинанс» АҚ БҚО филиалы, «Қазақстан халық банкі» АҚ өкілдері, жергілікті деңгейде халықпен тікелей жұмыс жасайтын «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Саид Садаров, аудандық ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік, жер қатынастары бөлімдері, жұмыспен қамту орталығы мамандары қатысқан басқосуда қандай да болмасын сұраққа толық жауап аларына бәрі де сеніп, қызығушылықпен жиналды.

Форумды аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Майра Исенова ашып, жүргізіп отырды.

Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау, соның ішінде көпбалалы, кірісі төмен отбасы аналарына, жұмыссыз әйелдерге қолдау көрсету шаралары туралы, жұмыссыз жүрген жастарға арналған арнайы бағдарламалар жөнінде облыстық іскер әйелдер кеңесі төрайымы Дина Галиметденова баяндады. Кәсіпкерлерді қаржылай қолдау тетіктерін жүзеге асырушы мекеме-ұйым, банк қызметкерлері де кепіл салу, кепілсіз несие алуға мүмкіндік беретін бағдарлама-жобалардың әрқайсына тоқталып айтты.

БҚО ІӘК мүшесі Ғалия Сатыбалдина өзінің кәсіпкерлікке келу жолын айтып, қазіргі қызметінен мол мәлімет жеткізді. Ісін бастауға ниетті әйел адамдарды өзінің үлгісімен жігерлендірген ол кеңестік көмек беруге дайын екенін айтып, байланыс телефонын берді.

Форумға қатысушылар үшін арнайы келген спикерлердің өздерінің кәсіпкерлік жолы туралы айтқан әңгімелері өте қызықты да пайдалы болды.

2012 жылы банктен 42 миллион несие алып іске кіріскен Зүлфия Оразғалиева бүгінде танымал, әдемі терезе перделерін тігетін ательенің иесі. Дизайнерлік қызмет көрсетеді.14 процентпен алған несиенің 7 проценттік үстемесін өзі, 7  процентін мемлекеттік субсидия есебінен жапқан. Басында екі адам ғана жұмыс жасаған тігін ательесінде қазір 15 адам еңбек етеді екен. Ісін кеңейтіп, тағы бір салон ашатын жоспары бар.

Облыс орталығында «БулкиХаус» деген нан-бөлке, тәтті бәліштер пісіріп-сататын наубайхана ұстап отырған Анар Өтебалиева тәжірибесімен бөлісті.

-Бұрын мен Ақсай қаласында тұрдым, мамандығым – бухгалтер. Оралға қоныс аударып, кәсіпкерлік нысан ашар алдында отбасымызбен ұзақ ойландық, сосын, әрбір әйел адамға түсінікті іс – нан пісірумен айналысайық деп ой байладық. Наубайхана ашқан кезде франшиза қолдандық. Нан, тәттілер пісіру тәсілі, ұйымдастыру үрдісі дайын бұл іс Башқұртстанда, Уфа қаласында іске қосылған. Сол дайын жобаны сатып алдық. Біздің наубайхананың ерекшелігі – нан тек қана табиғи жолмен, табиғи ашыту тәсілімен пісіріледі. Тәтті бөлке-бәлішке де ұнтақ, қопсытқыш қосындылар салмай, жұмыртқа, сүт, май-қаймақ салып жасаймыз. Сондықтан да, біздің нанды тұтынушылар қатары қалыптасты. Негізі, кешке қарай бар өнімді өткізіп үлгереміз. Егер, қалып бара жатса, сағат бес-алты кезінде жарты бағасына түсіріп, сатып жібереміз. Оны білетін адамдар, тіпті, жабылар алдында арнайы келетіні бар,- деп өз ісінің қыр-сырымен бөліскен Анар: — Іс бастауға, кәсіпкер болуға тартынбай кірісіңіз. Білмеген жерді бизнес-жаттықтырушылардан, жұмыспен қамту орталығы, «Атамекен», «Даму» қызметкерлерінен жасқанбай сұраңыз. Мемлекеттің беріп отырған көмегі көп. Орынымен қолданып, ынталы жұмыс жасасаңыз, бір-екі жыл ішінде аяққа тұрып кетесіз. Менің де іс бастағаныма бір-ақ жыл болды. Қазір тағы бір наубайхана ашсам деген ойым бар,-деді.

Шара бойында сұрақ-сауалдар қойып, пікір білдіріп отырған қыз-келіншектер бейнеролик арқылы Әсем Сырымованың тегін оқыту жүргізетін «Шеберлік оқу» жобасы жайына қанықты. Қызыға қараған арулардың арасынан, бәлкім, тағы бір оймақты шебер шықпас па екен…

Ия, іскер ханымдар іске кіріссе, алынбас қамал қалмас.

Теректілік іскер әйелдердің алғашқы форумы «алғашқы құймақ шикі болады» деген ел ішіндегі сөздің бекер екендігін мықты дәлелдеді. Қызу ара-қатынаста жүрген басқосу соңында банк қызметкерлері, бизнес-жаттықтырушылар мен кәсіпкерлер өзара байланыс орнатып жатты.

 

Камелия ӨТЕУ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар