2.07.2019, 11:30
Қараулар: 48
ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ – ҰЙЫМШЫЛДЫҚТЫҢ КӨРІНІСІ

ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ – ҰЙЫМШЫЛДЫҚТЫҢ КӨРІНІСІ

Подстепный ауылдық мәдениет үйінде Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының аумақтық семинары өтті.

Жиынға БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов, аудан әкімі Әділ Жоламанов, Орал қаласы, Теректі, Бәйтерек және Бөрлі аудандарының қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары, ақсақалдар мен аналар кеңестерінің төрағалары мен төрайымдары, медиаторлар және жастар қатысты.

  • Теректі ауданы бойынша 1 аудандық және 15 ауылдық округтерде қоғамдық келісім кеңестері жұмыс жасауда. Кеңестердің негізгі міндеті — қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту мақсатында азаматтық қоғам институттарының, саяси және үкіметтік емес ұйымдардың, бірлестіктердің басын бір арнаға біріктіру. Қоғамдық келісім кеңесі азаматтық қоғам институттарын өзара әрекеттесуде жаңадан құрылған және бұрыннан қызмет етіп жатқан үкіметтік емес ұйымдармен өзара әрекеттесуде оң әсерін енгізеді. Ауданымызда «Әйел. Қоғам. Болашақ», «Сябры» белорусь этномәдени орталығы», «Бірлік» деструктивтік діни ағымдардан қорғау және көмек көрсету орталығы» «Іс үшін – За дело» жастар қоғамдық бірлестігі сынды 4 үкіметтік емес ұйымдар және «Сябры» белорусь, «Өркендеу» корей, «Еднання» украин, «Алтын бесік» қазақ, «Русская изба» орыс этномәдени орталықтары қызмет атқарады. Аудан бойынша 24 медиатор тіркелген. 13 ауылдық округтерде медиация кабинеттері жұмыс істейді, — деп аудан басшысы Әділ Тауфикұлы Теректінің хал-жағдайымен таныстырды.

БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов пен БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Жамал Ихсанова облыс бойынша осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды баяндады. Ұлттық құндылықтарымызды тұрғындарға насихаттап жүрген жандар алдағы уақытта да ынтымақтастықта жұмыстануды ұсынды.

«Бүгінгі семинарда қоғамдық жұмыспен айналысып жүрген белсенділерді толғандырған мәселелерді шешетін боламыз. Мұндай жиынды жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып жүрміз. Кезек Теректі ауданына да келген екен. Жұмыстарымызды көрсету арқылы  сіздердің шабыттарыңызды оятып, құлшыныстарыңызды арттырғымыз келді. Соңғы кездері халықтың наразылығын тудыратын жағдайлар орын алуда. Халқымыздың арандатушылардың қақпанына түсіп қалмауы үшін еңбектенуіміз қажет. Еңкейген шалдан еңбектеген балаға дейін тарихын, салт-дәстүрін жетік біліп, саяси сауатты болуы маңызды. 130-дан астам ұлт мекендеген еліміздің бейбітшілігінің сақталуына атсалысуымыз қажет», — деді Ғайса Хамедулаұлы.

Семинарға қатысушылар сұрақтарын қойып, пікірлерімен бөлісті.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА