2.07.2019, 11:15
Қараулар: 836
МЕМҚЫЗМЕТКЕР КӨШБАСШЫ БОЛУЫ ТИІС

МЕМҚЫЗМЕТКЕР КӨШБАСШЫ БОЛУЫ ТИІС

Таяуда аудан әкімі Әділ Жоламанов мемлекеттік қызметкерлермен кездесті.

Әр қызметкермен жеке танысқан Әділ Тауфикұлы:

-Сіздермен танысқаныма қуаныштымын. Мемлекеттік қызметкер жұмысына адал, елін сүйетін, халқының қамын ойлайтын жан болуы керек. Осы уақытқа дейін әрқайсысыңды сырттай бақылап жүрдім. Өз-өздеріңді ұстауларың, жұмысқа деген ынталарың ұнады. Мемлекеттік қызметші екендеріңді қайда жүрсеңдер де ұмытпауларыңды сұраймын. Сіздер біздің ізбасарларымызсыздар. Кез келген уақытта басшылыққа бос лауазым болса, сіздерді тағайындайтынымызды біліп жүріңіздер, — деп олардың болашағынан зор үміт күтетінін жекізді.

Жиында мамандар ұсыныстарын айтып, пікірлерімен бөлісті. Шағатай ауылдық округінің жетекші маманы Қаламқас Сұлтанова ауданымыздың көркеюі үшін тұрғындардың патриот болуы, ауыл-аймағы мен туған жеріне жаны ашып, қызмет етуі маңызды екенін айтты. Қаламқас Сырымқызының бұл ойын аудандық ұйымдастыру және бақылау бөлімінің бас инспекторы Айнұр Нұрышева да қостады. Ол меценат Сағидолла Еркебаевтың жыл сайын жерлестеріне жасаған жақсылықтарын жіпке тізді. Федоров ауылдық округі әкімінің көмекшісі Қайрат Жұмақаев пен кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Ернұр Жасұланов қабылдаған аудан басшысына алғыстарын айтты.

Басқосу барысында аудан әкімдігі аппаратының басшысы Армат Байғазиев ешқандай қиындыққа мойымай, тек қана алға ұмтылу қажеттігін айтты.

 Аягөз АЙТҚАЛИЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар