15.04.2019, 12:27
Қараулар: 807
Жұмыс тобы – жол үстінде

Жұмыс тобы – жол үстінде

Аудан әкімі Әділ Жоламанов бастаған, аудандық деңгейдегі мекеме-ұжым басшыларынан құралған жұмыс тобы 9 сәуір күні Шалқар ауылдық округін бетке алды.  Округ орталығы – Сарыөмір ауылында мектеп-балабақша, денсаулық сақтау орыны сияқты әлеуметтік нысандарда аралаған жұмыс тобы жаңадан салынып жатырған жазғы лагерь құрылысын қарады. Қабырға-төбесі тұрғызылған ғимараттың енді ішкі жұмыстары жасалады.

Ауылдық мәдениет үйінде «Ашық әкімдік» шарасына келген ауыл тұрғындары баспана, әлеуметтік атаулы көмек алу сияқты мәселелер көтерді. Ауыл тұрғыны Бекболат Қоңқашев құс өсіргісі келеді. Соған несие алу жолын қарастырып жүр.

Бұдан соң Дуана ауылына бет түзеген жұмыс тобы көгілдір отын сұрап жүрген дуаналықтармен кездесті. 30 шақты түтіні бар ауылдағы мектепте бала саны азайып, жабылу алдында  тұр, яғни, ауылға газ тарту экономикалық жағынан тиімсіз болуы мүмкін.

Сарыөмірде жұмыс тобымен кездесуге округтің белсенді адамдары жиналды. Сала басшылары мемлекеттік бағдарламалар, кәсіпкерлерді қолдау, ветеринарлық талаптарды сақтау жақтарына тоқталды.

Қайтар жолда, кеш болғанына қарамастан,  аудан әкімі және әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімі басшысы Арайлым Тасенова, жұмыспен қамту орталығының басшысы Бақытжан Митанов Шаған ауылдық округінің орталығында күтіп отырған көпбалалы аналармен кездесті. 20 мыңдық көмек алудан үмітті аналардың сұрақтарына байыпты жауап берген топ күн батқан соң тарқасты.

Арасына бір күн салып, тап осындай шара Аңқаты округі аумағына өтті. Округ орталығында белгіленген «Ашық әкімдікке» жетер жолда Әділ Тауфиқұлы Валерий Голоуховтың шаруашылығына бас тіреді. Егін салудың барлық технологияларын сақтайтын дихан қазір ылғал жабу, тырмалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жолай соққан Ерсары ауылында да ер-азаматтар қауырт қимыл үстінде.

Аңқатыдағы қабылдауға келген тұрғындар әлеуметтік мәселелер – денсаулық сақтау, үй кезегі жөнінде жолықты. Жұмыс сұрағандар болды. Қылшылдаған жас жігіттер бар көрінеді үйде отырған. Жергілікті қожалықта қол күші жетпейді дегенмен, «таза орын» іздегендер мал бағуға барғысы келмейтін көрінеді.

Түс қайта әлеуметтік нысандарды қараған жұмыс тобы қоғамдық моншаға да бас сұқты.

Түс қайта ауылдағы бас көтерер азаматтар, ауыл үлкендерімен жиналғанда аудан басшысы Аңқаты округінің мақтар тұстарын баса айтты. Тақтай жол, таза су, көгілдір отын келген ауылдың жағдайы жақсы. Округ жайлы айтқанда ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сагдат Жолдығалиев аңқатылық «Мақсат Аңқаты» кооперативінің жұмысын үлгі етті. Ветеринария бөлімі басшысы Айдос Шонаев осы жерде сарыптың жиі шығатынына қынжылып, жою жолдарын айтты. Білім беру бөлімі басшысы Жанаргүл Хусаинова  Аңқаты мектебінде бала саны азайғанына,  білім сапасының төмендеуіне алаңдатушылық білдірді.

Округ тұрғындарының сұраныстары бар. Округке қарасты шағын ауылдар – Қандық, Сатым Шеген, Ерсары таза су сұрайды. Медициналық қызметкер, дәрігер керек. Мектеп ғимараты жөндеу күтіп тұр. Қатты қалдықтар, лас сұйықтықтар шығарылатын орын белгіленсе екен дейді.

Әр сұрақ бойынша толық жауап берген аудан әкімі   биыл мектеп жанына спорт алаңы салынады деп, аңқатылықтарды бір қуантты.

Атқарушы органдар қызметін халыққа жақындатып, тікелей, бетпе-бет тілдесуі үшін жолға шыққан жұмыс тобы аудандағы әр округте тап осындай кездесу-есептер өткізетін болады.

 

Камелия ӨТЕУ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар