6.04.2019, 10:40
Қараулар: 231
«Агрооқу» семинары өтті

«Агрооқу» семинары өтті

Қар кетіп, жер жылуын күткен егіншілер жаппай далалық жұмыстарға кіріседі.

Жауапты жұмысқа дайындықты пысықтау үстіндегі шаруаларды ауылшаруашылығы аумақтық инспекциясы «Агрооқуға» жинады.

Федоров және Долин округтерінің әкімдері, аумақтық инспекторлар, фитосанитарлық диагностика орталығы, аудандық ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік бөлімдері,  «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдері қатысқан шараға аудандық ішкі істер бөлімі,  төтенше жағдайлар қызметкерлері арнайы қатысты.

Полиция қызметкері, учаскелік инспектор Қанат Жақыбаев қожалық басшыларына мал бағымына, таңбалануына мұқият болу, шеттен жұмысшы тартқан кезде құжаттарына назар аударуды ескертті. Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Бибарыс Нығметжанов егін себуге шығатын техниканың өрт қауіпсіздігін тексеру, былтырдан қалған шөп-шаламды өртейміз деп, дала өртін тұтатып алмау жағын баса айтты.

Федоров ауылдық округінің әкімі Болатбек Тілегенов, Долин ауылдық округінің әкімі Талғат Манатауов жерді тиімді пайдалану жағына тоқталды.

Әрі қарай «Агрооқу» басталды. Аумақтық инспекция басшысы Қамидолла Дүйсенәлиев өсімдіктерді қорғау және карантинге байланысты заңнама-ережелерге енгізілген өзгеріс-толықтырулармн таныстырды.

Бұдан соң фитосанитарлық қауіпсіздік мәселесіне тікелей қатысы бар мамандар -М.Нұғманов, Ж.Сұлтанбеков, Б.Зайдуллаев, Қ.Ахмадиев, А.Сақау өсімдіктерді қорғау, зиянкестермен күрес, армашөптерді анықтау, карантиндік объектілердің таралуын тоқтату, дәнді дақылдар ауруын анықтау жөнінде баяндап, агрономия саласынан дәріс оқыды.

Семинарда шаруа қожалықтары басшыларына мемлекеттік субсидиялар, жоғары репродукциялы тұқымдық дән қолданудың тиімділігі жөнінде түсіндірілді.

«Агрооқу» ауданның басқа да округтерінде өткізіледі.

Камелия ҚАРЕКЕСОВА