10.04.2019, 10:33
Қараулар: 267
Әлдимен өскен батасыз болмас

Әлдимен өскен батасыз болмас

Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін,
Байқұтанның құйрығын
Жіпке тағып берейін,
Әлди, әлди, ақ бөпем….

Осы жыр жанға жылы, құлаққа жағымды. Бесік жыры ғой бұл. Алдының жасы жетпістен, артының жасы отыздан асқандар ішінде «Бесік жырын» тыңдап өспеген қазақ баласы кемде-кем-ау, сірә. Алайда,  әлди жырмен өскен ұрпақтың соңы біз боламыз ба деген қорқынышты ой ұялайды кейде. Өйткені,  бүгінгі ұрпақ бесік жырын естімей өсіп келеді. Мысал үшін айтайын, өзіммен шамалас, әже атанып отырған құрбымның  үйіне бардым. Дүниеге келгеніне екі айдай болып қалған тұңғыш немересіне «бауы берік болсын» айтайын деп. Амандық-саулықтан соң, түпкі бөлмедегі нәрестенің қасына бардық әжесімен. Әдемі ақ кереуетте жатырған шақалақтың бас жағында смартфон «сарнап» тұр. Шетелдің әні. Қай әнші, қай ән екенін айыра алмадым. Әйтеуір, ың-жың. Құрбыма қарадым.  «Бұл не?» деген сұрақты көзімнен ұққан ол: «Келін солай үйреткен. Музыка ойнап тұрса, өзі жата береді. Өшірмейміз»,- дейді жайбарақат. Бүгінгі ананың, қазіргі әженің бала бағу «тәсілі» осындай болғаны ма? Бала бесік жырын қай тілде тыңдап өссе, сол тілде тілі шығады. Сонда бүгін бесікте жатып, ана тілінде ән естімеген бала қай тілде сөйлерін кім білсін?!

Психологтар әлі «дым білмейтін» сәбилердің уілді не болмаса әуенді естісе, кәдімгідей қуанатынын айтады. Рас шығар. Ендеше, «баланы бастан» деп неге әлдимен  өсірмеске?! «Әлди, әлди» әнімен балбырап ұйқыға кететін сәби санасына ұлттық «қан» таралады.  Ұлттық сана, ұлттық тәрбие осындай кішкентай нәрседен басталмай ма? Өкініштісі, ежелден келе жатқан осы ұлттық үрдістің тіні үзіліп бара жатқандай. Бар нәрсені жақсылыққа жоритын әжелеріміздің айтуынша, бесік жырында баланың болашақта батыр, еліне, жеріне пана болатын азамат болып өсетінін әнге қосу үлкен рөл атқаратын көрінеді.

Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем.
Қолымыздан іс алып,
Мойыныңа күш алып,
Бізді бағар ма екенсің.
Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің.
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Шебер болар ма екенсің.
Қуып ойдың жетегін,
Біліп ғалым тетігін,
Ғалым болар ма екенсің,
Еңбек етіп бар елге,
Өнеріңмен әлемге,

Мәлім болар ма екенсің,
Көп қиыннан өтерсің,
Мақсатыңа жетерсің.
Ұйықтай қойшы, бөпешім!
Ұйықтай қойшы, бөпешім!

Балаға деген тілек те, тәрбие де бесік жырының осы жолдарынан көрінеді.

Тілек демекші, қазақтың балаға айтар тілек-батасы да өз алдына бір ғылым.

Қазақ халқында көпті көрген білікті қариялардан, халық қадір тұтқан аузы дуалы қасиетті кісілерден «мына жаман шаранаға батаңызды беріңіз!» деп, жаңа туған сəбилеріне де бата сұрайтын салт бар. Сондай кезде батагөйлер:

Өмір-жасы ұзақ болсын,

Маңайы аққан бұлақ болсын,

Əр күні қызық, шуақ болсын,

Жер-ана жайлы тұрақ болсын,

Жомарттың қолын берсін,

Жортқыштың жолын берсін,

Қыздың қылығын берсін,

Судың тұнығын берсін,

Даланың кеңдігін берсін,

Батырдың ерлігін берсін,

Ақынның өрлігін берсін,

Иассауидің даралығын берсін,

Фарабидің даналығын берсін!

Аллаһу акбар! –деп бата-тілектен бал ағызады.

Осындай ақ тілекпен жарық дүниеге келген шақалақ өсе келе де үлкендердің батасынан кенде болмайды. Балам адамгершілікті, өнер-білімді болса екен, өз құрбыларынан оза шауып, Отаны мен халқының қалаулы азаматы болса екен деп, жатса-тұрса жар құлақтары жастыққа тимейтін ата-аналар балалары ес біліп, өнер-білімге талпына бастаған кезде ауылдағы қадірлі, өнерлі қариялардың бірін үйлеріне шақырып: «Мына балаңызға батаңызды беріңіз, жолыңызды ұстап, арман-мұратыңызды жалғастырсын», – деп, балаларына бата сұрайды. Осы кезде батагөй қариялар:

Ұрпағың өнерлі болсын,

Өрісті болсын,

Іс-қимылы келісті болсын,

Ата-баба аруағы қолдап,

Еңбектері жемісті болсын!

Жары жібектей болсын,

Ары түлектей болсын,

Өнері өрлей берсін,

Жас басы төрлей берсін!

Аллаһу акбар! –деп аталық ықыласын білдіреді.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе», — депті Мұхтар Әуезов. Әлдимен тербеліп, ана тілін ана сүтімен бойына сіңірген, ақ батамен ер жеткен бала азамат болғанда елін ойлар, жерін бағар ер болары сөзсіз.

Қазақта бата беру дәстүрі ерекше маңызға ие.

Бата – ниет ету, тілек тілеу.  Батаның екі түрі болады екен: діни және дәстүрлі бата. Діни бата көбінесе о дүниелік болған адамға құран оқып болғанда, көңіл айтқанда жасалады. Дәстүрлі батаны тойларда, салтанатты жиындарда, айтады немесе кез келген отырыстарда, шараларда жасай береді.  Бір-бірінен өзіндік өзгешелігі болғанымен, мағынасы, мақсаты біреу — тілек тілеу. Бата тек өлеңдетіп айтылуы міндет емес. Өз сөзіңізбен айтылар ақ тілек ол.

Қазақтың бата беруі әр жағдайға, түрлі болады. Жаңа туған шақалаққа, ес білген жеткіншекке берілер батаны жоғарыда айттық. Сол баланың анасы, ата-енесіне, келген жақын-жуық пен қонаққа иіліп сәлем салып,  бабын тапқан әулеттің келініне:

 

Жасың ұзақ болсын,

Күнің шуақ болсын.

Басыңа бақыт қонсын,

Үйіңе жақұт толсын.

Балалы-шағалы бол,

Ағалы-жағалы бол.

Өркенің өсе берсін,

Бақытқа қолың жете берсін! –деп, аталық алғысын жаудырады.

Тізе берсек, бата түрі таусылмас.

Ақсақалдар мен үлкен кісілер өздерін сыйлап, құрметтеп, бір шыны қара шайы болса да, қабақ шытпай берген отбасына ықылас бата береді. Ата-ана мен ақсақалдар, ел ағалары  жүрекжарды ақ батасын айтады.

Азаматтардың аса игілікті істері, ерен қызметі мен ел-жұртқа көрсеткен еңбектеріне деген ризалығы əрі ықыласын алғыс батамен жеткізеді.

Мереке-тойға, жыл басы – Наурызға, сапар-жорыққа шығарда тілек жеткізетін аталарымыз ел-жерге:

Ырыс қонған жеріңе бата,

Меймандос еліңе бата,

Аққан суыңа бата,

Асқар тауыңа бата,

Қолдасын Қызыр ата!

Жерлеріңде жұт болмасын,

Төрлеріңе құт орнасын.

Ел-жұрттарың жамандық көрмесін,

Ұрпақтарыңның десі өрлесін!

Аллаһу акбар!- десіп, бата қылған.

Даланың данагөйі Қорқыт бабамыз «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ер көгереді» деген екен. Ендеше, қазақ шаңырағында дүние есігін ашқан әр сәби әлдимен тербеліп, аптал азамат болып өссін. Ақсақалдың аузынан бата кетпесін. Берген батасы далаға кетпесін.

 

 

  Камелия ҚАРЕКЕСОВА

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар