11.04.2019, 10:21
Қараулар: 35
ҒАРЫШҚА ҰМТЫЛҒАН ҰЛАНДАР

ҒАРЫШҚА ҰМТЫЛҒАН ҰЛАНДАР

12 сәуір – Халықаралық авиация және ғарышкерлер күні. Тарих қойнауында қалған, осыдан 55 жыл бұрынғы көктемнің керемет күнінде, яғни 1961 жылдың 12 сәуірінде Кеңес Одағы қазақ жеріндегі Байқоңыр ғарыш айлағынан әуе кеңістігіне «Восток» кемесін аттандырды. Ол кемеде әлем тарихындағы орбитаны бойлай ұшқан тұңғыш ғарышкер, аға лейтенант Юрий Гагаринның болғаны әрбір жанның жадына мықтап бекігені рас. Осы оқиғадан кейін ғылыми-техникалық революцияға ерекше серпін беріліп, спутниктік телевизия, интернет, ауа-райын бақылау, бағдарлау секілді заманауи өмірдің игіліктеріне жол ашылған болатын. Осынау адамзат тарихында адам баласының алғашқы болып айға біздің жерімізден аттануы қалай мақтаныш кернесе, осы ғарыш айлағынан ұлтымыздың қырандарының да көкке самғап, айға қонуы әр қазақ үшін соншалықты мақтаныш әрі қуаныш екені даусыз.

Бүгінде ауданымызда қазақтың ғарышкер ұлдары — Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетовтың жолын қуып, ғарыштық технологияларды зерттеп жүрген шәкірттер бар. Аудандық балалар шығармашылығы үйі жанындағы «Технополис» үйірмесінде білімін жетілдіріп жүрген Шаған жалпы орта білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Даниял Сағын мен  11-сынып оқушысы Алтынбек Қайырғалиев (қос шәкірттің ұстазы —  «Технополис» үйірмесінің жетекшісі Медет Бисекенов) сәуір айының 3-6 аралығында Байқоңыр қаласында өткен «Ғылым əлемін ашамыз» атты халықаралық ғылыми жобалар байқауына қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленді.

Ғарыш əлемін игеру, ғарыштық технологиялар мен инфрақұрылымды дамыту жəне адам денсаулығы мен ғарыштық экология, медицина бағытындағы жаңа, тың зерттеулерді жүзеге асыру, ақпараттық технологияларды дамыту мақсатында ұйымдастырылған шарада жерлестеріміз: Даниял мен Алтынбек «Астрон-5» атты ғарыштық оранжереясы жобасын дайындап, сынға түсті.  Бұл жоба — халықаралық ғарыш станциясында жұмыс істейтін ғарышкерлерді азық-түлік жəне оттегімен қамтамасыз ететін бірден-бір жоба.

Байқоңырдың төрінде облысымыздың намысын қорғап, ұшқыр ойымен бөлісіп, тәжірибе алмасып келген жерлестерімізді мақтан тұтамыз.

Аягөз АЙБАРҚЫЗЫ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар