3.04.2019, 14:37
Қараулар: 270
ҚАМҚОРШЫЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

ҚАМҚОРШЫЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

2 сәуірде мәдениет үйінде Теректі аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен «Білім беру ұйымдарындағы қамқоршылық кеңестің рөлі» атты форум өтті.

Жиынға ауданымыздағы 30 мектептің қамқоршылық кеңес мүшелері, 38 мектептің директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар мен ұстаздар қатысты.
Форумға БҚО Бақылау департаментінің бас маманы Нұрсұлу Гумарова, «Ақжол» шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі ассоциациясы» төрайымы, «Ақжайық — адалдық алаңы» жобалық кеңесінің басшысы Әлия Салиева, «Ақжайық — адалдық алаңы» кеңесі басшысының орынбасары Орынбек Насимуллин қатысып, қамқоршылық кеңестің негізгі бағыты, мақсаты, мүшелерді сайлау тәртібі, кеңестің құрамы мен өкілеттілігі, жұмысты ұйымдастыру,мектептерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және Теректі ауданындағы қамқоршылық кеңестің қызметі жөнінде сөз қозғады.

Шаған және Ұзынкөл мектептерінің қамқоршылық кеңес төрайымдары: Ақмарал Байешова мен Хатима Жаутекова атқарған жұмыстарына тоқталып, жеткен жетістіктерімен бөлісті.
Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламанов аталмыш кеңестің қоғамға да, мектепке де пайдасының зорын айтты. Ұзынкөл мектебі қамқоршылық кеңесі мүшелерінің жұмыстарына тәнті болған аудан әкімі барлық ұстаздар қауымына сәттілік тіледі.

Форумда қамқоршылық кеңестің жұмысын жандандыру, қайырымдылық көмектен түскен қаражатты мектептің материалдық базасын нығайтуға, дарынды балаларды қолдауға және спортты дамытуға жұмсау,оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға қолдау көрсету сынды ұсыныстар қабылданды.
Кеңес мүшелері сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА