4.04.2019, 14:21
Қараулар: 282
Дизайнер Жәмила

Дизайнер Жәмила

Жексенбі күні Подстепное ауылдық Мәдениет үйінде сән көрсетілімі өтті.

Жергілікті киім дизайнері Жәмила Өтепқалиева өз қолынан шыққан, ұлттық нақыштағы киімдерін жерлестерінің назарына ұсынды.

Университеттен дизайнер мамандығын меңгерген Жәмила Серікқызы алғашында өзінің қос бүлдіршіні мен бауырларына арнап киім тігуден бастаған екен. Ісмер жан Мәрия ханым шеберханасында киім тігудің қыр-сырына әбден жатығып шықты.

Қазіргі сұранысқа ие «ана мен қызы» үлгісінде қазақи ою-өрнекпен көркемдеп көйлек тіккен, камзол-бешпентті оқалаған Жәмиланың қолынан шыққан киім үлгілерінің біз тек жартысын ғана көріппіз. Дизайнер өз жұмысында үлкен топты қамтып отыр. Әр бағытта тігілген – сәнді кешкі көйлектер, спорттық, күнделікті киімдерді жарасымды көрсеткен  нәзік жандылардың жас шамасы орта жастан тәй-тәй басқан сәбиге дейін екен. Қай бағытта тігілсе де, әр топтамаға ортағы – қазақы нақыш.

Тұңғыш Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шебер қолды, ұлттық болмысты насихаттаған қазақ қызын жұртшылыққа осы мәдениет үйінің басшысы Айнұр Қуанышқалиева таныстырды.

Біз үшін мегаполистерде өтетін «fashion» сән кештерінен кем әсер қалдырмаған шараны облыстық филармония әншісі, халықаралық, республикалық ән байқауларының лауреаты Күләш Қуанышқалиева, «Жұлдыз» үлгілі би ансамблі ән-бимен көмкерді.

Халықтың қазақы талғамын қалыптастыруға ден қойған этнодизайнер Жәмила ханымға аудандық үшкі саясат бөлімінің басшысы Рүстем Мүтиев аудан әкімі Әділ Жоламановтың атынан алғысхат пен ықылас гүлін ұсынды.

 

Камелия ӨТЕУ