1.04.2019, 13:42
Қараулар: 706
Теректіде «Библиотүн» шарасы өтті

Теректіде «Библиотүн» шарасы өтті

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұжымының  ұйымдастырумен өткен «Библиотүн»  шарасы демалыс күніне дөп келді. Содан шығар шараға жиылғандардың қарасы көп болды.

Кәрі мен жастың басын қосқан кітапхана аталмыш шараны биыл алғаш рет ұйымдастырып отыр. Шараның ашылу салтанатында сөз алған орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Марина Лукманова «Библиотүн» шарасы келесі жылы да өз жалғасын табатынын жеткізді. Ал аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев кітап оқу мәдениеті, кітапхананың қоғамға берер тәрбиесі туралы сөз қозғап, кітап оқу жан-дүниені жаңғыртып, сөздік қордың баюына әкеп соғатынын баса айтты.

«Библиотүн» шарасы  салт-дәстүрімізді ұлықтады деуге толық негіз бар. Кітапхана фоесінде тоғызқұмалақ, асық ату секілді  ойындар балғындардың ермегіне айналса, ісмер, қолы шебер жандар әдістемелік –библиографиялық  бөлімінде өткен «Таңғалдыратын қолөнер» атты шеберлік сыныбына  қатысуға мүмкіндік алды. Балалар кітапханасының аурасы тіптен бөлек. Кітапхана меңгерушісі Аида Жоламанова бастаған ұжым қонақтарды қарсылап, түрлі сындардан өткізді. Мысалы, кинотуындылардың үзінділерін тамашалған халық киноның атауын тауып, мақал-мәтел айтудан жарысты. Сонымен қатар өңірімізге танымал ақын-жазушылардың  еңбектеріне аса мән беріліп, батырлар жырындағы  сәйгүліктердің қалай аталғаны көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Кітапхананың екінші қабатында көне жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылса, кітапхананың тұрақты оқырманы, аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Ұлан Сайтмухаев қамшы өрудің қыр-сырымен бөлісті. Ақ жаулықты аналарымыз ауылдың алты ауызына салып, жүн сабау, ұршық иірудің құпияларын жастармен бөлісті.

Кітапхана ішінде өткен барлық шараларға қатысқан  аудан әкімі Әділ Жоламанов «Библиотүн» жобасының өміршең боларына сенім білдірді.

 

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар