1.04.2019, 13:36
Қараулар: 239
1 сәуір – халықаралық Күлкі күні

1 сәуір – халықаралық Күлкі күні

 Күлдіре білу де – өнер

Күлкі күнінің шығу тарихы туралы ғаламторда нақты деректер жоқ. Бұл меркені әр мемлекет әртүрлі атап өтеді.

Мысалы, Франция, Англия, Америкада бұл – ақымақтар күні, Испанияда – дөкірлер, Үндістанда – тоқылдақ, Жапонияда – қуыршақтар, Шотландияда тепкі күні деп аталады екен. Бұл күні әркім таныстарының арқасына сездірмей «мені теп» деген жазу іледі де, оны сырттай күлкіге айналдырады. Бірақ атаулар әртүрлі болғанымен, бұл күн күлкі күні болып саналған соң, бұл күнгі қалжыңға ешкім ренжімейді. 1 сәуір- ресми мереке емес. Бұл күні ешкім демалмайды, бір-біріне сыйлық ұсынып, мерекелік дастарқан жайылмайды. Тек ел бір-бірімен қалжыңдасып, көңіл көтеріп, күлкіге қарық болады.

Қазақ халқы әмәнда әзіл-қалжыңға жақын. Дегенмен, орынсыз әзіл айтпай, әр сөздің астарына ерекше мән беретін болған. Бүгінгі таңда әзілкештер көп елімізде. Уәлибек Әбдірайымов бастаған, Нұржан Төлендиев, Тұрсынбек Қабатов қостаған лек қазақ сахнасының, қазақы қалжыңдардың нағыз майталмандарына айналып үлгерді. Халық солай дейді. Кей-кезі қоғамда арзан әзіл айтып, киелі сахнаны қорлап жүрген «сайқымазақтар» да табылады.

Бүгінгі нөмірде біз әзілкештерді ысыра тұрып, қалжыңның жілігін шағып, майын ішкен сатириктер мен танымал тұлғалардың ел аузында қалған әңгіме-жырын назарға ұсынуды құп көрдік. Сатирик десе Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы, Үмбетбай Уайдин, Көпен Әмірбек, Толымбек Әлімбекұлы секілді тұлғалар ойға оралса, Серке Қожамқұлов атамыз, Мұқағали ақынның, Жүрсін Ерман ағамыздың уытты әңгімелері ел арасында тарап жүр. Олай болса, ресми емес көңілді мереке құтты болсын!

Серәлі(Серке) Қожамқұлов

Аз уақытта екі-үш күйеуге шығып үлгерген актриса бір күні театрға келіп, тағы да тұрмысқа шыққанын айтса керек. Әріптестері сыпайыгершілік жасап «құтты болсын!» айтады. Тек Серке Қожамқұлов қана томсарған күйі үнсіз қалады.

  • Сіз мені неге құттықтамайсыз? – дейді актриса.
  •  Сені құттықтай-құттықтай тіліміз жауыр болды ғой. Тіл байғұсты қашанғы қинай бермекпіз? – дейді Серағаң.
  • Сіз бар ғой, біртүрлі адамсыз осы, – дейді актриса ренжіп.
  •  Оның рас, біртүрлі адаммын. Бірнеше түрлі болу қолымнан келмейді. Сондықтан да өзің көрген жеңгеңмен әлі келем өзгермей, – деген екен Серке ағамыз  күлімсіреп.

 

Мұқағали Мақатаев

Мұқағали Мақатаев бір жолы Ақтөбеге барады. Облыстық газетте қызмет істейтін ақын Мұхтар Құрманалиннің бөлмесіне кірсе, ол кісі жоқ екен де, бірақ жас қызметкер отырса керек.

 

–  Мұхтар қайда? – деп сұрайды одан Мұқағали.

 

–  Редактор шақырып еді, қазір келіп қалар, отыра тұрыңыз.

 

Мұқағали үстелді саусақтарымен шерткілеп: «Мұхтар да Мұқа, Мұқағали да Мұқа», – дегенді қайталап айта береді. Әлгі жігіт қарап отырмай:

 

–  Мұқаң көп болғанмен, Мұхтар біреу ғой, – депті.

 

Мұқағали оған жалт қарайды:

 

–  Дұрыс айтасың, бала, атың кім өзіңнің?

 

–  Құрал.

 

Осы кезде бөлмеге басқа бір жігіт кіріп келеді. Ол Мұқағалиды танып, қол ұсынып, сәлем береді.

 

–  Ал сен кімсің? – деп сұрайды Мұқағали:

 

–  Болат Теміров деген ақын ініңізбін ғой, – дейді жаңа келген жігіт:

 

Сонда Мұқағали:

 

–  Оу, редакцияларыңа құрал-сайман, темір-терсек толып кетіпті ғой, – деген екен.

 

 

 

Оспанхан Әубәкіров

Қарын мен Дарын

-Не деген қабілет!

-Бұл тіпті, «Отелло»,

«Гамлет»!

-Бәрінен де тілі мықты,

Талай ісік тілініпті.

-Ия, сәтті жерлері бар,

Бірақ пьесса былығыпты.

-Жоқ, мынау нағыз еңбек!

-Әрине біраз өңдеп,

Қайта қараса,

Болар,бәлкім тамаша.

-Авторын білесің бе?

-Өй, әлгі бір Дарын,-

Деп қиналды Қарын,-

Егер сын көзбен талдаса,

Пьеса түк емес, далбаса.

Ешқандай тартыс жоқ,

Тартыс жоқ жерде

әртіс жоқ.

Алғаны бүгінгі тақырып,

Шамалы-ақ деймін ұтқаны.

Бір сын жазсам қатырып,

Желім болар жұтқаны,-

Қарын осылай пысылдады,

Ұят-ау деп қысылмады.

Ал,жұртшылық мәз болып,

Дарынды көтерді аспанға.

Қол соғып жас та, кәрі де,

Дән риза бәрі де.

Дарынның аты Дарын,

Қарынның аты Қарын.

 

 

Бетті дайындаған Әділет ОРЫНБАСАРОВ

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар