1.04.2019, 13:32
Қараулар: 268
Жымиып жүр, жұртшылық!

Жымиып жүр, жұртшылық!

Күлкі — өмірдің кілті. Гелатология (күлкіні зерттейтін ғылым) күлкі адам өміріне айтарлықтай ықпал етеді дейді. Ал Дарвин күлкі жүйке жүйесін емдей алады деген пікір айтқан. Күлкісіне қарап, адамның мінезін, ішкі жан-дүниесін шамалауға болады екен.

Айғайлап күлу. Мұндай адамдар көбіне ашық мінезді, дені сау, көпшіл болып келеді.

Дыбыс шығармай, ақырын күлу. Мұндай адамдардың мінезі тұйық болады. Адамдармен жақсы қарым-қатынас жасай алатын мінезі жұмсақ, көнбіс адамдар да осылай күледі.

Қысқа күлу. Күштің, ақылдың, құпиялықтың белгісі. Мұндай адамдар үлкен қиындықтарды оңай жеңе алады.

Үзіп-үзіп күлу. Көбіне жүйке жүйесі сыр берген күйгелек адамдар осылай күледі.

Дөрекілікпен күлу. Мұндай адамдар жабайы, билікке ұмтылғыш, эгоист болып келеді.


Бүгінде адамдар жүз жыл бұрынғыға қарағанда, аз күледі. Бөбек үлкен адамға қарағанда, 20 есе көп күледі. Әйелдер ерлерге қарағанда көп күледі.

Күліп, көңілді жүретін адамдар жүрек ауруына аз шалдығады. Америкадағы Калифорния клиникаларының бірінде дәрігерлер мен ғалымдар науқастарға «Күлкімен адамды емдеуге бола ма?» деген сұрақ төңірегінде зерттеу жүргізді. Науқастарға таңертең дәрілермен қоса, анекдоттары бар жаңа газеттер әкеліп берді. Зерттеу нәтижесінде, науқастардың жағдайы анағұрлым жақсарған. Демек, күлкі денсаулықтың жақсаруына әсер ете алады.

 

Күлкінің төресі — кез келген күйзелісті, жүйкедегі жүкті жеңіп шығатын шынайы күлкі. «Күл! Күлсең, әлем сенімен бірге күлетін болады. Ал жыласаң, сенімен бірге ешкім де жыламайды» депті Элла Уилер Уилкокс. Үнемі жылы жымиып, көңілді жүруге тырысайық…

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар