1.04.2019, 13:27
Қараулар: 760
ТЕРЕКТІЛІК АНАЛАР КЕҢЕСТІ

ТЕРЕКТІЛІК АНАЛАР КЕҢЕСТІ

28 наурызда аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудандық Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Жиынға аудан әкімі Әділ Жоламанов және оның орынбасары Махамбет Батырғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев, аудандық Аналар кеңесінің мүшелері, 15 ауылдық округ әкімдері мен Аналар кеңесінің төрайымдары қатысты.

Күн тәртібіне сәйкес кеңес төрайымы Гүлмира Төлегенова Аналар кеңесінің мақсаты мен 2019 жылда атқарылатын жұмыстар жоспарымен таныстырды. Қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғаған Гүлмира Тайманқызы бүгінгі бойжеткендердің қылығы, тәртібі, ерте жүктіліктің салдары жөнінде баяндады.

  • Аудандық білім беру бөлімімен тығыз байланыс орнатып, жетекші және негізгі мектептерге «Қыз Жібек» клубтарын ашу, қыздарға тәрбиелік мәні бар сынып сағаттарын өткізуді жоспарладық. Жас отбасылар арасында жанұялық өмірге дайындық және ажырасудың алдын алу мәселелері бойынша жас аналармен жұмыстану, облыс бойынша үздік аналар сайысын өткізуді де ойластырып отырмыз. Мүмкіндігі шектеулі және көпбалалы аналар да әрқашан назарымызда. Бұл жұмыстардың бәрін ауылдық округтердегі Аналар кеңестерімен бірге атқарамыз, — деді Гүлмира Тайманқызы.

Ақжайық ауылдық округіндегі Аналар кеңесінің төрайымы Ғазиза Рахметова қыз тәрбиесіндегі еске ұстар қағидалар мен осы кезге дейін атқарған жұмыстары жөнінде мәлімдеді. Ардагер ұстаздың «Тектілік тәрбиеден басталады» атты авторлық тренингін ақжайықтық қыз-келіншектер әлі күнге дейін ауыздарының суы құрып айтатын көрінеді. Ұлттық құндылықтарымыздың дәріптелуіне барын салып жүрген Ғазиза Рахметқызының баяндамасын мұқият тыңдаған әріптестері ұл мен қыз тәрбиесін қатар алып жүру керек деген байламға келді.

Аудан әкімі Әділ Жоламанов кеңеске қатысушылардың әрқайсысымен жіті танысты. Ұрпағының келешегіне алаңдайтын аналар ұсыныстарын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА