1.04.2019, 13:19
Қараулар: 68
«ЖАҢАРҒАН МЕКТЕП: ІЗДЕНІСТЕР, ИГІ ІСТЕР»

«ЖАҢАРҒАН МЕКТЕП: ІЗДЕНІСТЕР, ИГІ ІСТЕР»

Дәл осындай атаумен Федоровка қазақ жалпы орта білім беретін мектебінде облыстық әдістемелік кабинетінің ұсынысымен, Теректі аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен облыстық семинар өтті.

Семинарға облыстық әдістемелік кабинетінің әдіскері Асылзада Аманғалиева мен 12 ауданның мектеп директорлары қатысты. QR-код арқылы тіркелген қонақтарға аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Хусаинова мен Федоровка қазақ мектебінің директоры Галина Құрматова «қош келдіңіз» айтып, қарсы алды. Содан соң мектептің психолог маманы Назгүл Изгалиева директорлардың көңілін көтеру үшін тренинг өткізді. Үнді биін билеп сергіп қалған ұстаздар торт пішінінде жасалған қораптың кесілген бөлігін алып, бір-біріне жақсы сөздер айтып, сыйлады. Танысу кезеңі аяқталған соң, мектеп басшылары «Көшбасшы болуға лайықты тұлға» жобасы аясында құрылған «Ғазал» клубының жұмысымен танысты. Аудандық «Теректі жаңалығы – Теректинская новь» газетінің жауапты хатшысы Әділет Орынбасаров, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Нұрсәуле Аткеева және «Іс үшін – За дело!» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Жасұлановтан тәлім алып жүрген шәкірттер жобаның мақсат-міндеттерін баяндады. «Дубрава қорықшасы» жөнінде жоба қорғап, облыстан ІІІ орын алған Меруерт Жасұланова (жетекшісі – Д.Бекетова) қорықшаның қазіргі жағдайын мәлімдеді. «READх» кезеңінде оқушылар өздеріне ұнаған кітаптардан үзінді оқыды. Одан кейін екі топқа бөлінген ұстаздарға Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» кітабынан сұрақтар қойды. Федоровка қазақ мектебінің тыныс-тіршілігімен танысқан директорлар мектеп мұражайын да шолып, «тамаша» деген баға берді.

Семинардың «Практикалық бөлімінде» қатысушылар жаңартылған білім беру мазмұны аясындағы мектеп үйлестірушісінің қызметін жіктеп, тәжірибе алмасты.

Үш жарым сағатқа созылған семинар соңында мектеп оқушылары қазақтың күйін күмбірлетіп, ән-жырынан шашу шашты.

А.БАҚТЫҒАЛИ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар