1.04.2019, 13:11
Қараулар: 192
Жер аламын. Үй саламын.

Жер аламын. Үй саламын.

«Отан отбасынан басталады». Отбасы түзу болса, ел мықты болмақ. Ол үшін ең алдымен отбасына баспана керек.

Баяғыда атам қазақ жас отбасын «отау» деп, қасына бөлек қондырған. Әлі жеткендері келін түсірген соң енші беріп,  жаңа  отауды үлкен үйдің ығына қарай, бөлек тіккен. Үйленген ұл жағы алдына енші  салып, қызын ұзатқан жақ  жасауын жеткізіп берген. «Баяғыдан қалған сарқыншақ» деп жүрген қалың мал сол қыздың асай-мүсейіне жұмсалған.

Бүгінде киіз үйде тұратын заман емес. Қауқары бар әулеттер жас үйленгендерге үй сыйлап жатады. «Бес саусақ бірдей емес» деген, үйленгенмен, үйлі бола алмай жүргендер жеткілікті. Бүгінде баспана мәселесі   ең жиі көтеріліп жүр. Аудан әкімі өткізіп жүрген «Ашық әкімдік», азаматтарды қабылдау шараларының қай-қайсында да келген адамның жартысы сол, баспана сұрағандар. Жыл басында халық алдында есеп берген кезде аудан әкімі Әділ Жоламанов жалға берілетін тұрғын үй кезегінде 707 адам тұр деген мәлімет айтты.

Былтырдан бері үй кезегіне «жан бітті». Жыл аяғында 16 отбасы қоныс той тойлады. Федоров пен Ақжайықта салынып жатқан қос көпқабатты үй біткен соң, тағы 60 отбасы баспана мәселесімен «қош» айтысады.

Бұл, енді, түрлі санаттар бойынша үй кезегінде тұрғандар үшін. Үкімет бас-басымызға үй ұстатпайды. Әркім өзі тіршілік қылып, өз отбасын қамалы болар үймен қамтамасыз етуге ынталы. Үй сатып алу үшін «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкіне» қаржы жинап жүргендер бар. Елбасының «7-20-25» бағдарламасы оларға әбден қол. Ауылдық жерде көбі үйді өзі салып алғысы келеді. Онысы да дұрыс.

Бүгін біз «Ауылда үй салу неден басталады» деген мәселені қарастырамыз.

Ең алдымен, жер кезегіне тұрасыз. Кезекке тұру жергілікті әкімдік  арқылы атқарылады. Қажетті құжаттар – жеке куәлік не паспорт, сол жерде үлгіге сай өтініш толтырылады. Өтініште жер телімін сұрау мақсатыңызды, яғни, «жеке тұрғын үй құрылысын салу» деп, анық көрсету қажет. Бұдан бұрын жер телімін алмаған болсаңыз, ісіңізге оң жол беріледі, кезекке қойыласыз. Қазақстан Республикасының жер қатынастары туралы заңнамасына сәйкес, әрбір қазақстандық азамат,  бір мәрте, жеке үй салу үшін 10 сотық жер телімін алуға құқылы. Жер телімі тегін беріледі.

Кезекке тұрған соң оны ақпараттық сайт арқылы бақылап отыруға болады. Жер кезегі әр аудан, елді мекен бойынша бөлек жүргізіледі. Бізде жер кезегінде аудан  бойынша 9791 азамат тұр. Мысалы, Подстепное округінде жер алып, үй салуға 7024 адам, Жаңа Өмір ауылында 1243 адам, Федоровта 431 адам тіркелген. Биыл ауданда Жаңа Өмірде — 738, Юбилейныйда  — 234, Федоровта 500-ден астам инфрақұрылым тартылған жер телімі беріледі деп күтілуде.

Сонымен, кезегіңіз жетті. 10 сотық жерге үй салу үшін әрі қарай қандай қадамдар жасауыңыз керек?

Ең алдымен, жеке басыңызды растайтын құжат – куәлік немесе паспортыңыздың түпнұсқасы және көшірмесін алып, жергілікті әкімдікке барасыңыз. Біз аудан бойынша қарап отырғандықтан, баратын жеріңіз — жер телімін алуға кезекке тұрған ауылдық округ әкімдігі. Бұл жерде сізге жер телімін  таңдау актісі  рәсімделеді. Акт әрі қарай,  аудандық құрылыс, қала құрылысы және сәулет бөліміне жолданады. Олар құжаттарыңызды жер комиссиясына жібереді. Комиссияның шешімі шыққан соң Федоров ауылы, Юбилейная көшесі 20 үй, 3 қабаттағы аудандық жер қатынастары бөлімінен аласыз. Содан соң жер учаскесін орналастыру жобасын дайындау үшін уәкілетті орган – жер кадастріне  жүгінесіз. Кадастр қызметі жерге орналастыру жобасын жасап береді. Одан соң құжат жинағымен Халыққа қызмет көрсету орталығына жетесіз. Біздің жағдайымызда ол Федоров ауылы, Юбилейная көшесі, 24 үйде орналасқан. Айтпақшы, жер кадастрі де осы ғимарат ішінде.  ХҚО арқылы қолыңызға жерге орналастыру жобасының бұйрығы тиеді. Сол бұйрықты алып, ауылдық округ әкімдігіне, жер телімін уақытша өтеулі жалға беру шешімін алуға кірісесіз. Соңғы қадам – халықта БТИ (техникалық түгендеу бюросы) деп аталатын жылжымайтын мүлік тіркеу орнына барасыз.

Сонымен, тиісті құжаттар қолыңызда. Жер шекарасы белгіленді. Оң жақ, сол жақ, үйдің арты мен беткі жағы қарар тұсты жоспарлап алдыңыз. Енді, ең басты іс – үй салу. Үй салудың да мерзімі бар. Заң талабы бойынша, жаңағы алған жеріңізге, акт шыққан күннен бастап, үш жыл ішінде үй салып, оны пайдалануға тапсыруыңыз тиіс.

Рәсімдеу сатысынан өттік. Енді құрылыс тұрғызуға келейік. Құрылыс мамандарының айтуынша,  үй жобадан басталады. Жобалаған кезде, үйдің көшеден 3 метр қашықтықта жатуы тиіс екендігін есте ұстаңыз. Өрт қауіпсіздігі талаптарына сай болуы үшін  көрші үйлермен 3-4 метрлік арақашақтық сақталуы тиіс.

Егер қаржы үнемдеп, баспананы тез тұрғызғыңыз келсе, қарапайым жоба таңдаңыз. Қазіргі кезде ғаламторда тез тұрғызылатын үйлер, қаңқадан жиналатын құрылыстар үлгісі көп-ақ. Солардың бірін таңдауға немесе өз жобаңызды дайындап алуға болады. Үй салғанда «жеті өлшеп, бір кес» деген халық ақылын ұмытпаңыз.

Менің сәби кезімде әкем Өтеу мен анам Тәбила жұмыс бабымен өздері отырған Бисен ауылынан жаңадан құрылған Тайыр Жароков атындағы совхозға қоныс аударыпты. Жаңа құрылған шаруашылықта дайын үй қайдан бола қойсын. Үйдің орнын белгілеп, ол кездерде «финский» деп аталатын жобалы үйдің қаңқасын ортасына үйіп тастаса керек. Қаңқа дегенде, ортасына қамыс салынған, жұқа тақтайдан жиналған тақталар. Жұмыстан бос уақытында, өздері құрылысшы болады. Сол кезде ауылға келген мамандардың барлығы да осы жолмен баспаналы болыпты. Кештетіп не болмаса демалыс күндері асар салады екен жиналып. Асарға келген адам ақы күтпейді. Шақырушы жақ жақсылап дастархан жайып, ас-суын береді. Асар – қазақ ауылында бір отбасының қолынан келмейтін, күрделі де көлемді жұмыстарды ұжымдасып атқару үшін ауыл адамдары асарға шақырылған. Бізде, батыс қазақтарында, осыған ұқсас «үме» деген бар. «Үмеге келген үндемей қалмайды» деп, үлкен шаруаны тындырған соң үме арты көңілді отырысқа ұласқан. Осы игі дәстүр қазір ұмытылып барады. Биыл ауданда жаппай жер беру басталады дедік. Сол кезде үме салып, көпбалалы отбасыларға, құрылысшы жалдауға тұрмысы мүмкіндік бермейтіндерге көмек берілсе, елдігімізді көрсетер едік.

Үй салу төзімділікті, үнемділікті қажет етеді. Осындайда көмек берер ағайын-тума қасыңнан табылса, құба-құп. Әйтпесе, жалдамалы құрылыс бригадасын іздейсің. Хабарландырулар ілінетін «OLX» қабырғасында «құрылыс саламын» дегендер көп. Үй салу іргетастан басталады. Бұл кезеңде қара жұмыс – жер қазу, цементтен табан құю. Құрылыс дүкендерінде 50 келілік цементтің құны 1300 теңгеден жоғары қарай. Тонналап алғанда, ең арзаны 20-25 мың теңгеден. Цементке қосатын құмыңның бір мәшинасы  15-17 мың тұрады. Қабырға кірпіштен немесе газоблоктан. Кірпіштен үй қалайтын шеберлер 1 куб.метрлік жұмысына 9-12 мың теңге, блоктан қаласа 7-8 мың теңге аламыз дейді. Силикат кірпіштің бір данасы 50-60 теңге. Ұлутастан жасалған блок -170 теңге, керамзитблок – 190-200 теңге. Саманнан соғылған тас 100 теңгедей тұрады.

Қызметтес Гүлбаршын жары Абай екеуі сол саман тасты өздері-ақ соққан еді. «Соқыр там» — жартылай жертөле сатып алуға халдері жеткен жас отбасы үлкен үйлі болуды армандапты. Армандап отыра бермей, бір жыл тас соғып, сатып, қаржы жинапты. Келесі жылы тағы тас соқты. Сөйтіп, үлкен күш салып, жып-жылы үй салып алды. Қазір бес баланың ата-анасы болып отырған екеуінің жанкешті қимылы арқасында қазір «баспана беріңіз» деп үкімет үйлерінің табалдырығын тоздырмайды. Үлгі болар іс.

Әрі қарай қозғалайық. Іргетас салынды. Қабырға қаланды. Енді шатыр көтеру керек. Менің пайымдауымша, ең шеберлікті қажет ететін іс – осы. Шатыр бірқұламалы, екіқұламалы, көпқұламалы деп кете береді. Ең жиі қолданылатыны – екіқұламалы.

Алдымен үй төбесіне, ғимараттың тірек қабырғаларын пайдалана отырып,  мықты тақтай бекітіледі.   Содан соң оған көлденең арнайы қарағай тақтайлар шегеленіп, итарқаланады. Қар, су ағатын құламасы құрылады. Бұдан басқа да да, жылу ұстау қабатын төсеу, жабынды бекітетін тақтайларды торкөздеп қағу және т.б жұмыстар жетерлік. Шатырға көп қолданылатын 50Х150 тақтайлардың бір данасы 650 теңге. Төркөздеп қағылар 30Х100 тақтайдың данасы 200 теңге. Шатыр жабыны шифер, металл немесе керамикалық черепица болуы мүмкін. Соңғы жылдары көбінесе пішінді қаңылтыр (профлист) қолдану үрдіске айналды. Металлочерепица құны – шаршы метріне 1600-1700 теңгедей. Пішінді қаңылтыр одан сәл арзандау,  қолданылған материалына қарай,  шаршы метрі 1050-1450 теңге екен.

Бұл келтірілген құрылыс заттары мен оның құны тек бер жағынан, «терең қазылмай» алынған деректер. Өткен жылдың аяғында аудан орталығында 16 жаңа үй тапсырылды дедім ғой. Толықтай іші-сырты аяқталған, қала үлгісімен жуынып-шайынар орынға дейін жасалған, аумағы 80,07 шаршы метрлік үйдің құны 9 100 773,44 теңге құрапты. Осыдан-ақ үй салуға кетер шығын жағын пайымдай берсеңіз.

Үй қаңқасы тұрғызылды. Енді есік-терезе. Темір есіктің құны – 45-30 мың теңге, бөлмеаралық есіктер, сән-сапасына қарай 10-15 мың теңге арасында. Одан да қымбаттары бар-ау. Пластик терезелер 12-15 мың  теңге шамасында.

Еденді қалауыңызша, цемент қосындысымен тарттырып, не болмаса тақтайдан шығарасыз.

Ішкі-сыртқы сылақ-әрлеу жұмыстарына гипсокартон тақталар, сылақ материалдарын қолданасыз. Гипсокартонның бір тақтасы, өлшеміне қарай, 1000-1400 теңге тұрады. Сылақ материалдарының 25 келілік қабы 1100-1350 теңге арасында.

Үйге жылу желісін тарту,  электр, газ, су  кіргізу  істері бар. Қазіргі талап бойынша, инфрақұрылым толық жеткізілген соң ғана жер беріледі дегенмен, үй ішіне жарық-жылу енгізу өзіңізге қарап тұрады. Электр қуатын енгізу, яғни, көше бойындағы бағаннан үйге тарту 3500 теңгедей болады дейді электр желісі қызметкері. Бұған алынатын кабель-сым, айырғыш, есептегіш, токқа қосу нүктесі дегендерді, соны ұқсатып беретін электрик жұмысын қосыңыз.  Су кіргізуге келгенде, сырттағы су бөлу құдығынан үйдегі есептеуішке дейінгі жұмыстың бір метріне 3000 теңге жұмсайсыз. Ішкі су желісін жасақтау – бөлек әңгіме. Ең қымбаты – көгілдір отын желісіне қосылу. Бүгінгі таңда құны 200-300 мың теңгедей көрінеді. Әр ауылда әр түрлі. Үй көлеміне, мердігерге байланысты. Кейбір халі әлжуаз отбасылар сол көгілдір отын игілігіне әлі жете алмай отыр. Осы мәселе аудан басшылығы алдында да жиі көтеріледі.

Сонымен, үй салынды. Машақаты бітіп, рахатын көрер күн жетті. Ағайын-туманы жинап, қоныстойын дүрілдетпес бұрын құжаттарын жөнге келтірген дұрыс.

Ол үшін үйді пайдалануға тапсыру керек. Қолыңызға тиісті құжаттар жинақтап, уәкілетті орган – Федоров ауылы, Бойнов 18 үйдегі құрылыс, қалақұрылысы және сәулет бөліміне  барасыз.  Сол жерде жеке тұрғын үйді пайдалануға тапсыру туралы құжаттар ретке келтіріліп, ХҚО кетеді. Дайын құжатта сол жерден қолға аласыз. Сонымен, іс тәмам.  Сіз мемлекеттен тегін алған 10 сотық жеріңіздің толық құқылы иесі болып таныласыз.

Баяғыда бір ділмәр шешен, парасатты адам болыпты қазақ жерінде. Жиренше шешен деген. Ойшыл бабамыз қазақ хандығын құрған Жәнібек ханның кезінде өмір сүрген деген дерек бар. Би болып, кесім айтыпты.  Жиренше шешен бір ұзақ жолдан шаршап келіп, хан үйіне тоқтамай, өз баспанасына жете жығылады. Ақылы кең, байлығы кем Жиренше «қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп киіз үйіне созыла жатқан екен. Сөйтсе, «кең сарай» үйінің сықырлауық есігінен аяғы шығып, сыртта жатыр екен деседі.

Әркімге өз үйі – кең сарай. Ендеше,  әр отбасына пана болар үй  бұйырсын.

 

Камелия ҚАРЕКЕСОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар