1.04.2019, 13:02
Қараулар: 840
БОЛАШАҒЫН «БОЛАШАҚПЕН» БАЙЛАНЫСТЫРҒАН

БОЛАШАҒЫН «БОЛАШАҚПЕН» БАЙЛАНЫСТЫРҒАН

«Болашақ» халықаралық стипендиясы Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылып, 1993 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Содан бері аталған стипендия бойынша 10 мыңнан астам қазақстандық мұхит асып, шетелде білімін жетілдірді. Бұл бағдарлама қарапайым қазақ жастарының дүниенің төрт бұрышына барып, «инемен құдық қазып» қайтуына мүмкіндік туғызды.

 

Газетіміздің бүгінгі нөмірінде оқырман назарына «Болашақпен» болашағын бағдарлаған жерлесіміз Нариман Ишмухамбетовпен сұхбатымызды ұсындық.

 

— Нариман Аманжолұлы, әңгімемізді танысудан бастасақ?

— Мен Теректі ауданы Ақсуат ауылының тумасымын. Осы ауылда өсіп, ер жеттім. Ақсуат жалпы  орта білім беретін мектебінде білім алдым. Кезінде әкем Аманжол Кабиболлаұлы мен анам Зарифа Айтжанқызы Ақсуат ауылына жолдамамен жас маман болып келген. Содан бері сол елді-мекенде тұрамыз. Әкем дүниеден ерте кетті. Анам қазір зейнеткер. Ақсуат жалпы орта білім беретін мектебінде 19 жылдың үстінде директор қызметін атқарып, ҚР білім беру ісінің үздігі және ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері наградаларының иегері атанды. Анамды мақтан тұтамын.

— Отбасында нешеусіздер?

— Жанұямызда үш баламыз: апам, ағам және мен. Апам Айгүл ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, ағам Азамат экономист және заңгер мамандығы бойынша еңбек етіп жүр. Мен де анам мен әпкемнің жолын қуып, шәкірт тәрбиелеп жүрмін.

— Балалық шағыңызға саяхат жасасақ. Қандай бала болдыңыз?

—  Тілалғыш, еңбекқор бала болдым.

— Кішкентай күніңізде немесе мектеп қабырғасында оқып жүргенде, бұзықтық жасап, анаңыз тарапынан жазаланған кезіңіз болды ма?

— Жоқ, ондай мүлдем болмады. (Күлді). Мен жазғы үш айлық демалыс кезінде Шаған ауылында тұратын ата-әжеме қыдырып барушы едім. Олар менің бойыма барлық адамгершілік қасиеттерді сіңіре білді. Сол себепті, біреудің көңіліне кірбің түсіріп, бұзықтық жасаған емеспін. Атам Қабиболла — Ұлы Отан соғысының ардагері,  әжем — Тойғаным тыл ардагері. Мен оларды үлгі тұттым. Айтқан өсиеттерін санама құйдым. Үлкен кісілердің батасын алған, ақылын тыңдаған далада қалмайды. Бала күнімде ата-әжем мені мақтан тұтса деп армандадым.

 — Кішкентай Нариманның арманы орындалды ма?

— Әрине, орындалды. (Жымиды). Ата-әжемнің маған артқан сенімдерін ақтадым. Әлі де барымды саламын.

«Болашақ» бағдарламасымен оқымас бұрын қайда білім алдыңыз?

— 9-сыныпты бітірген соң, «Орал газ, мұнай салалық технологиялар»  колледжінің «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» факультетіне оқуға түстім. Колледжді тәмамдаған соң, өзім тәлім алған Ақсуат мектебінде  инженер болып жұмыс істедім.  2009 жылы Батыс Қазақстан Инженерліқ және Гуманитарлық Университетін «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету»  мамандығы бойынша, 2012 жылы Батыс Қазақстан Гуманитарлық Академиясын «Екі шетел тілі» мамандығы бойынша сырттай оқыдым.

— Шетелде білім алуды армандадыңыз ба?

— 2012 жылы Орал қаласында «Болашақ» бағдарламасын насихаттау бағытында кездесу өтті. Жиында облыс әкімінің орынбасары Алтай Көлгінов «Болашақ» халықаралық стипендиясымен оқыған түлек ретінде мүмкіндіктерді жіті түсінідірді. Әлі күнге дейін сол кездесуге қатысқаныма қуанамын. Сол сәттен бастап алдыма мақсат қойып, құжаттарымды реттеп, ағылшын тілінен сынақтан өтуге дайындалдым. Бағым жанып, аталмыш бағдарламаның стипендиаты атандым. Алдымен Англиядағы «Экзетер» университетінде тілдік курсты оқыдым. Бір жылдан соң, магистратурамды «Лидс» университетінде жалғастырдым. Оқуым аяқталған соң, туған жеріме оралдым.

Шетелдік студенттердің қазақстандық студенттерден айырмашылығы қандай?

— Шетелдік студенттердің өздігінен іздену қабілетіне сүйсіндім. Оларды ұстаздары тексеріп, сабақта бар-жоғын белгілеп жүрмейді. Әркім өзі үшін оқиды. Шетелдік білім жүйесінің айырмашылығы әр студенттің ақпаратты пайдалана отырып, зерттеу, іздену және дәлелдеу қабілеттерін арттырып, дағды қалыптастыруында. Олар әр білім алушының уақытты тиімді пайдалануына, сабақты толық меңгеруіне  көңіл бөледі. Тағы бір ұнайтыны керек материалыңды кез келген уақытта табуға мүмкіндік жасалған. Ақпарат алатын кітапхана кілттенбейді. Еркін қолдана аласыз.

— Не себепті Англияда оқығыңыз келді? 

— Себебі, Англия — өзінің тарихымен танылған өте бай, мәдениеті мен білім беру саласы жоғары деңгейде дамыған ел. Ұстаздық мамандығын таңдаған соң, Англиядағы әріптестерімнің балалармен қарым-қатынасын, сабақ беру тәсілін меңгергім келді. Қазақстан мен шет елдің білім жүйесінің айырмашылықтары мен ұқсастықтарын зерттеп, ұстаздық тәжірибемді тереңдеттім.

— Қазір қайда жұмыс істейсіз?

— Бүгінгі таңда Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі және кәсіптік  бағдар беру кеңесшісі болып жұмыс істеймін. Кім боларын ойлап, уайымдап жүрген оқушыларға бағыт беремін. Бұл жұмыс үлкен жауапкершілік пен ізденісті талап етеді. Саған үміт артқан әр шәкіртке дұрыс жөн сілтеу керексің. Оқушыларыма кез келген істе үлкендермен ақылдасуға, әрдайым жүрек қалауын орындауға кеңес беремін.

— Шәкірттеріңізден нені талап етесіз?

— Берілген тапсырманы тиянақты орындауды талап етемін. Уақыттың қадірін білу қажеттігін үнемі ескертіп отырамын.

Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

— Бос уақыт менде аз. Бірақ, барымша жарым мен ұлыма көңіл бөлуге тырысамын. Отбасыммен бірге қыдырғанды, музыка тыңдағанды ұнатамын. Жаңалықтарды қалт жібермеймін.

Көркем әбеби жанрдағы кітап оқисыз ба?

— Әрине.

Соңғы оқыған кітабыңыз есіңізде ме?

— Жақында Масару Ибука есімді автордың «После трех уже поздно» кітабын оқып бітірдім. Бұл кітап жеке тұлға, қамқор әке ретінде дамуыма зор септігін тигізді.  Автордың жас әкелер мен аналарға тұңғыш перзентін тәрбиелеуде берген кеңестері мен өмірлік тәжірибесімен бөлісуі өте сәтті шыққан.

— Елімізде болып жатқан соңғы оқиғаларға көзқарасыңыз қандай? «Астана» атауының «Нұр-Сұлтанға» өзгеруін қалай қабылдадыңыз?

— Еліміздің даму деңгейінің жоғары болуы себепті барлығы өз уақытымен болып  жатқан құбылыс деп есептеймін. Астанамыздың атауының өзгеруіне қарсылығым жоқ.

Ол біздің бәрібір бас қаламыз, еліміздің жүрегі болып қала бермек.

— Сіздің ойыңызша, бала тәрбиелеуде неге көңіл бөлу қажет?

— Ұлым Наиль әлі кішкентай. Дегенмен, жолдасым Ләззат екеуміз онымен көп сөйлесеміз. Кішкентай бүлдіршінге сөйлемдерді анық айту қажет. Оны жақсы көретініңді сөзіңмен жеткізіп, ісіңмен дәлелдеу керексің. Сонда ғана ол сенімен дос болады. Яғни, сеніміне ие боласың. Бір кітаптан кішкентай бөбекті ата-анасы күніне кем дегенде 1 сағат құшақтап, шашынан сипап, маңдайынан сүю қажеттігін оқығанмын. Өзің тәрбиелі болсаң, балаң да тәрбиелі болады. Алма алма ағашынан алысқа ұзамайды.

—  Жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

—  Ең алдымен, дұрыс мақсат қоюды үйреніңіздер.  Мақсаттың сәтті орындалуына бірнеше факторлар әсер етеді. Олар: уақыттың дұрыс жоспарлануы, іздене білу, талмай-тынбай еңбектену және мақсатыңызға жететініңізге сенімді болу. Еліміздің болашағы болғандықтан, жастарымыз көп кітап оқып, сауатты болуы керек. Тән сұлулығына емес, жан сұлулығына көңіл бөліңіздер дегім келеді.

— Нариман Аманжолұлы, алтындай қадірлі уақытыңызды бөліп, әңгімелескеніңізге көп рахмет. Алған бетіңізден қайтпаңыз. Әрдайым жетістік пен сәттілік серігіңіз болсын!

 

Сұхбаттасқан Аягөз АЙТҚАЛИЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар