26.03.2019, 11:33
Қараулар: 661
«Өрлеумен» өрлеген отбасы

«Өрлеумен» өрлеген отбасы

Күнтізбелік қыс біте келсе де, төпелеп жауған қарлы күні жолымыз Покатилов ауылына түсті. Маңдай тірер бағыт – Медет Аманғалиев деген азаматтың шаңырағы.

Казталов ауданының Қараоба деген ауылында дүниеге келген Медет жас кезінде өзінен үлкен апаларының шақыруымен көрші жатқан Ақтөбе облысының орталығы, Ақтөбе қаласынан бір шыққан.

Сол Ақтөбе өңірінің  Ойлы деген жерінде бойжеткен Жанар Дүзбағанбетова білім қуып, Ақтөбеге келді.  Бес балалы отбасында өскен Жанар үй ішіндегі ісмер қыз. Сондықтан да, ол мектепте балаларды еңбекке баулитын «Технология» мамандығын таңдады.

Әр қайсы өз жолымен келген екі жас осы Ақтөбеде кездесті. Кездесті де, жарасты. Отбасын құрды. Тұңғыш қыздары Ақзере, артынша тетелес Жанерке келді дүниеге.

Медет құрылыста жұмыс жасап, Жанар балабақшада еңбек ететін. Төрт жаннан тұратын отбасы жатақхананың  қуықтай бір бөлмесінде отырды. Оның өзін де айына 25 мың теңгеге біреуден жалға алды. Еңбекқор жанұя аз-аздап қаржы жинап, «Тұрғын үй жинақ қорына» құя бастады. Армандары – баспаналы болу.

Үшінші сәбилі болар кезде Медет те, Жанар да қарекет қылып, үй алу керектігіне тірелді. «Мен Медетке қай жерден үй алсаң, сол жерге барамын дедім»-дейді Жанар.

Содан, шаруасы айдап ел жақтан Медеттің Нұрбек деген досы келе қалыпты. Досының тар бөлмеге тәуелді болып отырғанын көрген ол: «Орал қаласына 50 шақырымдай жерде Покатилов деген ауыл бар. Саттық үйлердің құны қымбат емес. Жақсы ауыл» деп, қызықтыра айтып «насихат» жүргізіп кетеді. Ойланып қалған Медет бірер ай өткен соң жолға шықты.

Күре жолдан бұрыс жатқан бақуатты Покатилов Медетке бірден ұнады. «Көшемін» деген шешім қабылдаған Медетті үйде қалған Жанар да құптады.  Саттыққа үйін қойып отырған қариямен де тез келісті. Қызының баспана алып, орнығамыз дегеніне Жанардың әкесі қатты қуанып, жинап-терген қаржысын берді. «Тамшыдан теңіз құралады» деген, жақсы іске көмектесушілер табылды.

Екі қызды жетектеп, жөргектегі Кәусарды көтерген жанұя жаңа қонысқа қонды. Қуыс бөлмеде, тас аулаға анасымен бірге  ғана ойнауға шығатын екі бүлдіршіннің қуанышын айтсаңызшы! Еркін шығып, таза ауада күні бойы сайрандаған Ақзере мен Жанерке айналадан құрбы-дос тапты. Ауылда өскен қыз емес пе, Жанар да шаруашылықты дөңгелете жөнелді. Нәпақа айырып,  үйге алған қарызын өтеуге бел буған Медет айналып Ақтөбеге кетті.

Бұл 2014 жылдың шілдесі  болатын. Содан бері Покатиловты мекендеген Аманғалиевтар отбасы құтты орыннан қозғалғысы жоқ. Екі  жыл ішінде шаруақор, шебер Медеттің қолымен үйдің іші-сырты жөнделді. Қора-қопсы тәртіпке енді. Екі қолына тыным бермейтін, ұсынықты Жанар үй ішін жайнатты. Бір кездері Ақтөбеде «Бикеш» ательесінде жасаған Жанар үшін тігіншілік – үйреншікті, қызықты іс. Айтпақшы, қазір үйірме-шарадан қалмайтын қыздарына, олармен бірге ән айтып, домбыра-биге баратын қыздарға да сахналық киім тігіп береді. Тігін машинасы әрқашан дайын тұратын  Жанар Ақзере мен Жанеркесін ине-жіп ұстауға баулып жүр. Мектептегі қоғамдық жұмыстардан қалмай, ауылдастарының көзайымына айналған қос қызғалдақ үйде де қарап отырмайды, анасына қолғабыс беріп, өздерінен кіші бауырларына қарасады. Бұл әке-шешеге қарап, үлгі алғаннан. Медет пен Жанар өздері  Покатилов ауылында өтетін мерекелік, бұқаралық шаралардың бел ортасында жүреді. Екеуі де спортқа үйір, ауылдағы волейбол құрамасының мүшелері. Айтпақшы, 2016 жылы балапандай үш қызын ілестіріп, «Толағай» байқауының аудандық кезеңінде жеңімпаз атанғандығы тағы бар.

2016 жыл отбасы үшін табысты болды. Ауылдық округ әкімі Лунара Сердалиеваның ұсынысымен «Бастау Бизнес» мемлекеттік бағдарламасы бойынша оқыған Медет «Өрлеумен» несие алды. Қора-қопсысын майлап, жем-шөбін сайлаған  ол ірі қараға қол созбай, ұсақ мал сатып алды. Алғашында оншақты жандық алған Медеттің қазір қойы жиырма шақты болды.

2017 жылы қарашада  дүниеге атұстар келді. Есімін әкесі Дінислам қойды. Қазір сол бөбектің күтімімен үйде отырған Жанар қолы қалт етсе, отағасына көмекке ұмтылады.

«Шүкіршілік, ауылға келіп, жағдайымыз  түзелді. Мемлекеттік қолдау арқасында қорамызға мал кірді. Енді, жайлап асылдандырумен айналыссам деймін»-деген Медеттің ауласын кеңейтуге көңілі ауып жүр. Қоныстанғалы көкөніс өсіріп, бау баптап жүрген ерлі-зайыптылар алған өнімді ысырап қылмай, іске асырады. Қыстай өздері қайнатқан тосап, шырын, шыны ыдысқа тоғытқан тұздалған қияр-қызанақ дастархандарынан кетпейді. Тағы бір ерекшеліктері – балаларына дүкенде самсап тұрған чипсы-кириешки, барни-хрум-хрум деген «бәлелерді» алып бермейтін көрінеді. Оның орнына Жанар күнделікті бауырсақ, бәліш, орама тәрізді тәтті-дәмдіні  дайындап отырады. Бұл ана мен әкенің бала денсаулығына деген қамқорлығы. Жастайынан консервантты тамақ жеп, еселеп қант салынған шырын ішкен ұрпақта не саулық болушы еді?!

Медет пен Жанардың жанұясы жайлы  айта берсең, осындай өнеге болар тұстары шыға береді. Бастысы, масылдықтан ада екі жан «бүгін тоқ болсам — болды» деген оймен емес, отбасым берекелі болсын деген қағидамен жүреді.

Отбасы – шағын мемлекет дейміз. Осындай берекелі-қуатты отбасылар көп болса, еліміз  бай болары анық.

Камелия ӨТЕУ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар