26.03.2019, 11:25
Қараулар: 89
«Ұлағатты әже»

«Ұлағатты әже»

Ана! Осы үш әріптен тұратын сөзде қаншама жылулық пен мейірім жатыр?! Ауданымызда әлемді де, бесікті де тербете білген, еліне еңбегі сіңген, өмірден көргені мен түйгені көп, сыйлы жандар көп. Солардың бірі әрі бірегейі — Шолпан Кауленова.

1951 жылы Теректі ауданына қарасты Шағатай ауылында дүниеге келген. 1970 жылы тұрмыс құрып, бес баланың анасы атанды. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған зейнеткер қазіргі таңда  Аңқаты ауылында тұрады. Бала кезінен ата-ананың қолқанаты болып, тек еңбек қана мұратқа жеткізетінін ұғынған Шолпан әлі күнге дейін бел жазбай еңбектенуде. Үлкен мен кішіге жақсылық жасап, қолдау көрсетуге тырысып жүрген азаматша — былтыр Бибігүл Ахметованың бастамасымен «Болашаққа  бағдар:  рухани  жанғыру»  бағдарламасы   аясында Шалқар ауылдық  округінің  Сарыөмір  ауылдық мәдениет үйінде  «Асыл  сөзді  әжелер»  байқауына Аңқаты ауылының атынан қатысып, бақ сынаған Шолпан Теректі аудандық  мәдени  демалыс  орталығының директоры  Арман Сагидоллиннің  атынан  «Ұлағатты  әже» номинациясын  иеленіп,  бағалы  сыйлықтармен  марапатталды.

Қазақ халқының қонақжайлылығын дәріптеу, ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағам түрлерін  жастарға үйрету  мақсатында  Ақжайық ауылында өткен «Қазақтың  дастарханы-ай» шеберлік сағатына қатысқаны  үшін алғысхат иесі атанды.

Келешек ұрпақ тағдырына алаңдайтын көпбалалы ана әр қазақтың баласы тарихын, салт-дәстүрін, тілі мен дінін толық меңгеріп, ұлтын сүйген патриот болып өсуі тиіс деп есептейді.

Әлібек ИСЛМҒАЛИЕВ,

штаттан тыс тілші,

Аңқаты ауылы