26.03.2019, 11:21
Қараулар: 183
Таксиге мінсең, түңілесің…

Таксиге мінсең, түңілесің…

Аудан орталығы Орал шаһарынан онша қашық емес. Аудан мен қаланы байланыстыратын арнайы автобус болмағандықтан, амалсыз такси қызметіне жүгінесің. Адамның шаруасы бітсін бе? Қалаға жол түсіп, таксиге міндім.

 Жүргізуші алдымен менің үйіме келгесін алдыңғы орындық  бос екен, соған жайғастым. Федоровты аралап жүріп тағы үш жолаушыны алды көлік жүргізушісі. Сонымен не керек «қайдасың Орал?» деп жолға шықтық. Көліктің артқы орындықтарына жайғасқан үш жан бір-бірін танитын боп шықты. Басталды кеп әңгіме…

  • Биыл қар қалың. Көшеге көлік атаулы кіре алмайды, -деп бастады біріншісі.
  • «Акимат» тазалау керек емес пе соны? Тіпті ауламнан шыға алмаймын,-деп екіншісінің бойына қан жүгірді.
  • Сендер әйтеуір орталықта тұрасыңдар ғой, «Северныйға» (көше атауы) қарай трактор келгенін көрсем көзім шықсын,-деп қойып қалды үшіншісі.

Үш жолаушының әңгімесін жүргізуші бөліп жіберді.

  • Қой, «Северныйда» өткен жылғыдағыдай проблема жоқ. Таңмен тұрсам жол ашылып тұрады,-деді ағам.

Бұл сөзге де жауап табылды.

  • Сен көшенің бас жағында тұрасың ғой, саған жеткен трактор менің ауламның алдына жетпей жатыр.

Түсінбедім. Сонда әкімдік әр тұрғынның ауласын қардан тазалап, үйін жинастырып, қорасындағы малына дейін бағып беру керек пе? Әңгіме ауанына қарасам солай сықылды.

Үш жолаушы жалғастыра берді.

  • Менің ауламның жанында үлкен шұңқыр бар. Федоровканың барлық қоқысы соған жиналады. Тазаламай ма екен?
  • Өзің неге тазаламайсың? Сенің аулаңның аумағында емес пе?-деп қайыра сұрақ қойды біреуі.
  • Мен неге тазалауым керек? Жата берсін солай шашылып. Ақшасын төлесін, жылтыратып қоямын. Керек болса жан-жағына гүл отырғызамын,-деп қарқ-қарқ күлді.

Адамның ауласы, үйі – оның өзінің мәртебесі. Ол жан-жағын өзі үшін, өзінің ұрпақтары үшін жинақы ұстап, керек десең гүл-гүл жайнатып қоюға тиісті. Оған әкімдік келіп не үшін ақша төлеуі тиіс? Тағы түсінбедім.

  • Жұмыс таба алмай жүрмін. «Акимат» бәріне өз таныстарын «тығып» қойған,-деп бастады үнсіз қалған үшінші жолаушы.
  • Өткен аптада «собезге» барып жұмыс сұраймын деп жүр едің ғой?
  • Тракторшы бол, қала берді құрылысқа жібереміз дейді. Керек емес ондай жұмыс. Маған сол «охрана» (күзетші дегені) болмаса. Рахааат, жатып алып ақша таба бермеймін бе,-деп көкіп отыр ағам.

Осылай деп сөйлеп отырған ағамды көзбен көрсеңіз сіз! Қол-аяғы балғадай, денелі, атпал азамат. Ал сөзі өте-мөте уақ.Отбасының берекесі үшін ер азамат деген кез-келген жұмысты іліп әкетіп, шаңырағына еңбектің нанып әкеледі емес пе? Бұрын солай болған-тұғын. Әлде қазір бірдеңе өзгерді ме?

Қалаға жеткенше құлағым тұнып қалды. Егер мен аудан тұрғыны болмасам, жасалып жатырған жұмыстарды нақты білмесем онда ауданымызды ең кенжелеп қалған жер екен деп бағалар едім. Үш жолаушының әңгімесі оптимисттік ойға беріліп жүрген адамның өзін өмірден баз кештіріп жіберуге бар. Бұл тек бір мысал ғана. Такси біткенге мінсең ылғи осы тақылеттес әңгімелермен кездесемін.

Адамда қанағат деген қасиет жоғалып барады. Егер өмірде жолың болмаса, жай ғана отырып ақша табуды қалап, ол ойың жүзеге аспай жатырса оған неге өзгелер кінәлі? Осындай әңгімелерді өрбітетін кілең ер азаматтар. Әйел біткен тырысып, тырмысып, отбасы қамы деп күн-түні жұмыс жасайды. Ал «охрана» болғысы келетін азаматтар таксиде отырып бос әңгіме айтуға құмар. Ұсақталып барамыз ба?

 

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар