26.03.2019, 11:06
Қараулар: 274
Алғыс арқалаған Роллан

Алғыс арқалаған Роллан

Қайырымдылық – адам баласының бойынан табылуы тиіс асыл қасиеттердің тек біреуі ғана. Жүрегі мейірімге толы жан жеңілі мен ауыры қатар жүретін қатігез өмірдің басты тірегі. Мейірімге толы қайырымды жүрек мұқтаж жандарға демеу болумен оларға өмір сүруге жаңа күш пен талпыныс сыйлай алады. Көмекке зәру жандарға қиналған шағында қол ұшын созу — әрбір адамның парызы.

Қайырымдылық жасап, сауап жинауды сүйетін жан Подстепный ауылында тұрады. Роллан Бектеміров негізінен Ақтөбенің тумасы. 1978 жылы қалаға іргелес Подстепныйға  қоныс аударып, қазір өзін нағыз теректілік санайды. Бүгінгі таңда Роллан облыс орталығында жұмыс жасайды. Асып-тасып жатырған байлығы жоқ. Алайда, ол көмектескен жандардың есебі күн сайын артып келеді. Тумысынан жасаған жақсылығын жария етуді құп көрмейтін жерлесіміз, «қайырымдылық жасауға үлкен дүниенің керегі жоқ, тек мейірімге толы жүрегіңіз болса, болғаны» дейді.

  • Мен аудандық қоғамдық кеңестің мүшесімін.Әр жұма сайын Подстепный ауылдық округінде тұрғындарды қабылдау болады. Қабылдауға келген жерлестерімнің мұң-мұқтажын әкімдік тыңдағанымен, бәріне бірдей көмектесу мүмкін емес. Сосын қолымнан келгенше мен де қайырымдылық жасап, аз қамтылған отбасыларды қолдайыншы деп шешім қабылдадым.Жасаған жақсылықтың бәрін жіпке тізіп, мақтанғым келмейді. Тек біреуіне тоқталсам. Барбастау ауылында тұратын Ғиният Нұрмановтың шаңырағы мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отыр. Дегенмен, үйге көгілдір отын келмеген. Осы жағдайды естіп үйге газ өткізіп, жылыту жүйесін жөндеп бердім. Дәл осындай көмекті Подстепный ауылының тағы бір шаңырағына көрсеттім.

Роллан Бектеміровтен осы сұқбатты алудың өзі қиынға түсті. Себебі жылы жүректі жан өзі жасаған жақсылығын айтуды қаламады. Бүгінгі қоғам «тек өзіме болсын» дейді. Ал осындай қоғамда Ролландай алғыс арқалаған азаматтың болуы, сол азамат жерлесіміз екендігі жаһанға жар салып мақтануға тұрады.

 

Әділет ОРЫНБАСАРОВ