19.03.2019, 10:39
Қараулар: 241
Ауылды жаңғырту қолға алынды

Ауылды жаңғырту қолға алынды

Бүгін Теректі ауданы Пойма ауылындағы «Теректі май комбинаты» ЖШС май өңдеу зауытына жұмыс сапарымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдинов келді.

Елордалық төрағамен қатар ауданымызға БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының башысы Берік Есенғалиев, облыстық табиғи ресурстарды және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ринат Шауенов те ат басын бұрды.
Бір топ мейманды май зауытының жұмысымен жіті таныстырған аудан әкімі Әділ Жоламанов пен зауыт директоры Мұрат Жәкібаев кәсіпорынның облыстық агроөнеркәсіптік кешен үшін маңызды жоба екенін атап өтті.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, зауытта күнбағыс тұқымы қайта өңделіп, тазартылмаған және тазартылған күнбағыс майы шығарылады. Былтыр 235,4 тонна май мен 422,15 тонна күнжара өндіріліп, 50 тонна май Өзбекстанға экспортталған.

Жыл сайын жанданып келе жатқан зауытты асықпай аралаған Қайыр Өмірсадықұлы Елбасымыздың «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларды қабылдауға бағытталған тапсырмаларын түсіндіру үшін зауыт қызметкерлерінің басын қосты.

— Жуырда «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде Елбасымыз Н.Назарбаев «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Бұл жоба екі бағытта жүзеге аспақ. Біріншісі – ауылдық аумақтарды жаңғырту, екіншісі – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында 2022 жылға қарай еңбек өнімділігі мен өнім экспортының көлемін 2,5 есеге арттыру міндеті қойылды. Шағын және орта шаруашылықты дамыту үшін 2019 жылға 44,7 млрд. теңге сомасында бюджеттік кредит көзделіп, 12 000 микрокредит беру жоспарланып отыр. Осы кезге дейін «Сыбаға», «Нәтижелі жұмыспен қамту», «Қарқынды бақ өсіру», сүтті мал шаруашылығы бойынша қабылданған бағдарламалар негізінде атқарылған жұмыстар оң нәтижесін берді. Осы орайда ауылда бизнес ашқысы келетін тұрғындарды қолдауға әрқашан дайынбыз. Түйіндей айтқанда, саланы білікті адами ресурстармен, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету арқылы агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін арттыратын боламыз, — деді Қайыр Өмірсадықұлы.

Басқосуға қатысқан теректілік тұрғындар сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА