15.03.2019, 10:27
Қараулар: 268
Теректіге инспектор келді

Теректіге инспектор келді

Теректі ауданында Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Мұхамеджан Абауов жұмыс сапарымен келді.

Жұмыс сапарын ауданға кіре беріс – Подстепный ауылында бастаған Мұхамеджан Мейрамұлы Мәдениет үйі жұмысымен танысты. Күні кеше ашылған, көпбалалы  отбасында өсіп жатқан жеткіншектерге арнайы ашылған тегін үйірме бөлмесіне,  зейнеткерлер ансамблінің дайындық орнына бас сұқты. Осы жерде қар суының басуына  қарсы тұру үшін қабылдап жатқан шаралар туралы округ әкімі Сержан Мәдиев баяндады. Подстепный дәрігерлік амбулаториясында болған мемлекеттік инспектор емделушілердің жай-күйіне қанығып, науқастардың медициналық тарихын жүргізетін электрондық бағдарламаның қолданылуын көрді.

Бұдан соң Әйтиев ауылындағы жылыжай, Пойма ауылындағы «Теректі май комбинаты», Жайық ауылындағы «Сырым kz» қожалығының мал бордақылау алаңы сияқты өндіріс-шаруашылықпен танысқан М.Абауов аудан орталығы – Федоровка ауылындағы орталық емхана, Халыққа қызмет көрсету орталығы, №1 Федоров орта мектебінде болды.

Қай жерде болмасын, Мұхамеджан Мейрамұлы тек өндіріс не қызмет атқарылуы емес, дәрі-дәрмектің болуы, еңбекақы мөлшері, мектеп асханасының жұмыс жасауына назар аударып, халық үшін жағдай жасалуына аса мән берді.

 

Камелия Қарекесова