14.03.2019, 10:23
Қараулар: 483
Нағыз ерсің, Николай!

Нағыз ерсің, Николай!

Биыл өңірімізге қар қалың түсті. Көктемнің «келетін» түрі әлі байқалмайды. Аракідік күн жылынып, қалың түскен қар еріп, халықты әуреге салуда. Еріген қар да «тілсіз жау» секілді. Төбеден топ етіп түскесін тұрғындардың да зәре-құтын қашырады. Өмірлеріне де қауіп туғызатын жағдайлар кездеседі.

Шаған ауылдық округіне қарасты Жаңа өмір ауылының тұрғыны Айсұлу Макуова қызын ертіп жеке шаруасымен ауылдағы ауруханаға бет алады. Ешқандай қауіпті сезбеген тұрғын бірер сәттен кейін қалың қардың астында қаламын деп ойламаған еді. Ауруханаға жақындай бергенде ғимараттың шатырынан түскен кесек қар Айсұлуды қызымен бірге басып қалады. Олардың өтіп үлгермегенін байқап қалған жергілікті тұрғын Николай Коваленко дереу көмекке келіп, жалаң қолмен Айсұлуды қызымен бірге қар құрсауынан шығарып алады.

Осы оқиғаны бізге жеткізген ауыл тұрғыны Гүлмира Батырғалиева көмекке мұқтаж жанға қолұшын бере алатын ержүрек Николайдың ауылдасы екендігін мақтанышпен айтады. Дәл осындай оқиғалар облыстың кез-келген түкпірінде орын алуы мүмкін. Ал ондай жағдайда не істеу керектігін шағандық азамат көрсетті. Түсінгенге, бұл –азаматтық. Нағыз ердің ісі. Егер Николай болмағанда Айсұлудың жағдайы қандай боларын көзге елестету мүмкін емес.

Қазір Айсұлу Макуова ауруханада ем алып шығып, үйіне оралды. «Нағыз ер Николайға алғыс айтудан шаршамаймын» дейді бір ажалдан аман қалған кейіпкеріміз.

 

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар