20.02.2019, 19:17
Қараулар: 205
ӘКЕЛЕР МӘРТЕБЕСІ АЙҚЫНДАЛҒАН ФОРУМ

ӘКЕЛЕР МӘРТЕБЕСІ АЙҚЫНДАЛҒАН ФОРУМ

Таяуда аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен «Қамқор әке — бақытты бала» тақырыбында аудандық әкелер форумы өтті.

Ең алдымен, көрермен фойеде орналасқан суретші Қуандық Мәдірдің «Ақжайығым» атты көрмесін тамашалады. Кіші залда әр мектептен келген оқушылар әкелерімен бірге отбасылық дәстүрді насихаттады. Аңқатылық Ахметовтар отбасы – атбегілік өнер, Жаңабаевтар жанұясы (Федоров ауылы) – тоғызқұмалақ, Гатауовтар («Үміт» лингвистикалық гимназиясы) мен Сейтхановтар (Ұзынкөл) әулеті салған суреттері мен дипломдарын, Куснетденовтар (Ы.Алтынсарин атындағы ЖОББМ) мен Зинагабденовтар отбасы қол еңбегі – қолөнер бұйымдарын көрсетті. Аудан басшысы Әділ Тауфиқұлы бастаған, облыстан келген қонақтар қостаған бір топ адам әке мен баланың үйлесімді жұмыстарына сүйсінді.

Тағылымы мол шарада аудандық білім беру бөлімінің басшысы, модератор Жанаргүл Хусаинова, аудан әкімі Әділ Жоламанов, суретші, композитор, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың қауымдастырылған профессоры, доцент Қуандық Мәдір, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев әкенің қоғамдағы рөлін, мерейін арттыру, отбасы құндылығын дәріптеу туралы пікірлерін айтты. Ақын-ардагер ұстаз, Қазақстан білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері Дариға Мұштанова да жиында сөз сөйлеп, ұлдарды тәрбиелеудегі тәжірибесімен бөлісті. Жас ақын Айбек Әбілқалым әкелерге арнауын оқыды.

Әке – әркімнің сүйенер тіреуі. Әке әркімге қымбат. Өйткені, ол — отбасының ең басты мүшесі, яғни отағасы. Отбасында әкенің рөлі маңызды. Көпшілігіміз ананың қадір-қасиетін дәріптейміз де, әке образы екінші орынға жайғасып жатады. Алайда, әке міндеті, әке болмысы — балаға бірден-бір әсер ететін фактор. Қыз балаға да, ұлға да әке тәрбиесінің орны бөлек. Бұрын біз әкелеріміздің бойынан жігер, батырлық, батылдық, қайсарлық, білімділік сынды қасиеттерді көріп, ұқсауға тырысатынбыз. Қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Осы олқылықты түзету керекпіз.  Ол үшін қазірден бастап жас ұрпақтың құлағына әке мен ананың рөлін құйуымыз қажет. Ең бірінші кезекте қыздарымызға күйеулеріне бойұсынуды, жарының сөзін «заң» деп қабылдауды, кез келген мәселеде ақылдасып, ортақ шешім шығаруды үйреткеніміз жөн. Ал, ұлдарға аманатқа қиянат жасамау, жауапкершілікті сезіну, жұбайымен көркем мәміледе болуды әрдайым ескертіп отыру қажет. Сонда ғана әр жасөспірім некенің қасиетін үғынып өседі, — деді тарихшы  Жаңабек Жаңабайұлы.

Суретші Қуандық Насихатұлы әкесінің өзіне позэияға жақын болуын өтінгенін айтты. Ақын Дариға Ғазезқызы «Үміт» лингвистикалық  гимназиясының ұлдарын нағыз ер азамат етіп тәрбиелегенін, оларға тұрмысқа шыққан қыздардың бағы бес елі екенін атап өтті.

Содан соң аудан әкімі Әділ Тауфиқұлы отбасы мен қызметінде өзгелерге үлгі болып, бала тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарайтын қамқор әкелер: Нұртас Таңатаров (4 бала тәрбиелеп отыр), Алтынбек Жұмағалиев (5 баланың әкесі), Ержан Иманғалиев (2 баласы оқу озаты), Аслан Алдонғаров (6 баланың әкесі), Ерлан Заров (5 бала тәрбиелеуде), Салауат Изделеев (5 баласы оқуда озат), Ерлан Молдахметов (7 баланың әкесі) және Ислям Досановты (6 бала тәрбиелеуде) марапаттады.

Аудандық әкелер форумына белсене қатысқаны үшін Ахметовтар, Гатауовтар, Жакиевтер, Сейтхановтар, Зинагабденовтер, Жаңабаевтар, Куснетденовтар, Туманбаевтар әулеттері де алғысхат иеленді.

Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филормонияның әншісі, «Ерен еңбегі» медалінің иегері Күләш Қуанышқалиева, аудандық, облыстық байқаулардың жеңімпазы Ержан Шайхиев, Ақсуат ЖОББМ оқушысы Руслан Қажмұқанов, Қабиевтер жанұясы, Ерлан Заров, Жақсығали Жүгінісов өз өнерлерін көрсетіп, форумның шырайын кіргізді. Теректі аудандық лингвистикалық гимназиясының 8-сынып оқушысы Мәди Мулдашев «Read X» форматында Қасым Қайсеновтың «Жау тылындағы бала» шығармасын оқыды.
Әр білім ордасының шәкірттері әкелері туралы монолог оқып, шараға қатысушылардың жүректерін тебірентті.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА

 

 

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар