2.02.2019, 19:05
Қараулар: 120
«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Теректіде

«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Теректіде

Шалқар ауылдық округіндегі Х.Есенжанов атындағы мектептің 9-11 сынып оқушылары мен жастары «КазИИТУ» ғылымбілім кешенінің құрылтайшысы, Қазақстанның тұңғыш «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ақсерік Әйтімов бастаған қонақтармен кездесті.

Кездесуге аудан әкімі Әділ Жоламанов және оның орынбасарлары, мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев, Шалқар ауылдық округінің әкімі Сабырбек Мусин, мектеп мұғалімдері қатысты.

Шалқарлықтар қонақтарын дәстүр бойынша ақ ұсынып, гүл шоқтарын табыстап, қарсы алды. Содан соң жерлес жазушы Х.Есенжановтың 110 жылдығына орай ашылған мұражайды тамашалады. Хамза атамыздың ұстаған заттары, киім-кешектерімен таныстырған оқушылар меймандарға роботтарын да көрсетті.

Белсенді шәкірттермен жиын одан әрмен жалғасып, «КазИИТУ» университетінің ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Әліби Баяхов, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөлімінің басшысы, заң ғылымының кандидаты Талғат Рақметов, Білім және ғылым министрінің 2010 жылы бекіткен 1-5 және 9-сыныпқа арналған «Өзін-өзі тану» оқулықтарының авторы, аудит бөлімінің бастығы Айболат Сейтақов шалқарлық шәкірттерге «КазИИТУ» университеті даярлайтын мамандықтар, жеткен жетістіктері, жас ғалымдарға көрсетілген қолдау, білім саласын не себепті таңдағандары жайында мәлімдеді.

Аудан әкімі Әділ Тауфиқұлы алыстан ат терлетіп келген қонақтарға алғыс айтып, қоғам дамуына, адамдардың тұлғалық қалыптасуына сүйікті Отанымыздың патриоты ретінде рухани жаңаруға өз үлесін қосып жүрген Ақсерік Сарыұлына алғыс айтты.

Кездесуге қатысқан шалқарлықтар көкейіндегі сұрақтарын қойып, естелікке суретке түсті.

Түстен кейін аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Жақсыгерейұлы бастаған топ Шалқар көліне барды. Балықтар мен су жануарларына оттегі жіберу мақсатында мұз ойып, 70 дана буылған қамыс салды.

Аягөз АЙБАРҚЫЗЫ

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар