4.03.2019, 17:23
Қараулар: 272
Қайраттан ән шашу

Қайраттан ән шашу

Алты Алашқа ән оздырған Мұхит пен Ғарифоллаланың ізін басып, өнерін дәріптеп жүрген ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері, әнші-термеші Қайрат Кәкімов  теректіліктерді  ерекше дауысымен тәнті етті.

Қайрат Сайлауұлының Подстепный Мәдениет үйінде, Ғарифолла Құрманғалиевтің 110 жылдығына орай берген есептік  «Әсем әні асқақтап» концертінде  сахнадан ұлттың бекзат болмысы, жүрек сыздатқан сағынышы, көңілдің нәзік қылын шертер сезімі, мұң-шері, қызық-қуанышы төгілді. Бауыржан Ақтаев жетекшілік ететін «SARMAD»  этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен бірнеше халық әндерін орындады.

Бүгінде ән сөзіне аса байыппен қарап, ұлттық нақышты, қазаққа тән бояуды жоғалтпауға тырысатын әншілердің бірі де бірегейі —  Қайрат киелі қара домбырасын күмбірлетіп,   ұлтымыздың бай әншілік дәстүрін Теректі халқына қос уыстап шашты.

Әншілігі бір төбе Қайрат Сайлауұлының ұстаздық қырын да көрсеткен шәкірттері Берік Амантаев, Данияр Елеуов қазақтың әуезді әуендерін  әуелетті.

Халқымыздың асыл қазынасы, бабаларымыздың ән мұрасын жеткізген екпінді әншіні тыңдауға келген көрермендердің қатарында болған  аудан әкімі Әділ Жоламанов аудан тұрғындары атынан бүгінгінің серісі — Қайрат Кәкімовке күллі теректіліктер атынан алғыс-ілтипатын білдіріп, естелік сыйлық табыс етті.

 

Айнұр Қуанышқалиева,

Подстепный Мәдениет үйінің директоры

 

 

 

 

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар