4.03.2019, 17:01
Қараулар: 253
АНА – ГҮЛ, АНА – ӨМІР ШЫРАҒЫ

АНА – ГҮЛ, АНА – ӨМІР ШЫРАҒЫ

Шұғылалы көктемнің алғашқы айы қазақстандықтар үшін тағатсыздана күтетін мерекелерге толы. Осыған орай газетіміздің бүгінгі нөмірін ақ жаулықты әжелеріміз бен аналарымыз, қарындас,  сіңлілеріміздің төл мерекесіне арнадық. Олай болса, ауданымыздағы бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен нәзік жандылардың үлгілі өмірімен таныс болыңыздар!

Адам жанының бағбаны

Теректі ауданының тұрғындарына Ақтөре Лұқпанова деген есім әуелден таңсық. Денсаулығы сыр берсе немесе балалары ауырып қалса, дертіне дауа табу үшін Ақтөре Кеңесқызын іздейтін әдетіміз. Жүзі нұрлы, жайдары мінезді Ақтөре Кеңесқызының білімі мен біліктілігі, тәжірибесінің арқасында теректілік тұрғындарға «шапағатшы» болып жүргеніне биыл тура 30 жыл толыпты.

Ақтөре Лұқпанова 1964 жылы қаңтар айының 2 жұлдызында Ақтөбе облысы Кенкияқ мұнай кентінде дүниеге келген. Сол ауылда мектеп табалдырығын аттап, 1980 жылы бітіреді. Оқуда озат болған Ақтөре кішкентай кезінен арманына айналған дәрігерлік мамандықты таңдап, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының педиатрия бөліміне оқуға түседі. Ақ халатты абзал жан болу үшін 7 жыл білім нәрімен сусындаған А.Лұқпанова 1 жылдық интернатураны Орал қаласындағы облыстық балалар емханасында өткізген. 1989 жылы жолдама арқылы Теректі аудандық ауруханасына келіп, жұмысқа орналасады.  Содан 2016 жылға дейін балалар дәрігері қызметін атқарған. Қазіргі таңда жалпы дәрежелі дәрігер. Дүние есігін жаңадан ашқан сәбиден бастап, жеткіншек, орта буын,  қариялардың өміріне жауап беретін абзал жан жоғарғы дәрежелі дәрігер сертификатының иегері,  2017 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Британовтың, 2018 жылы облыс әкімі А.Көлгіновтің алғысхаттарымен марапатталған. Бұдан бөлек, жерлестеріміздің өздері редакциямызға аяқтай келіп, алғыс айтып, мақалаларына арқау етіп жатады. 30 жыл бойы күн-түн демей,  мейрам күндеріне қарамастан, халыққа қызмет  етіп келе жатқан Ақтөре ханым — Айгүл және Айнұр есімді екі қыз тәрбиелеп отырған ана. Үлкені Елорда төрінде еңбек етіп, напақасын тауып жүрсе, кенже қызы Ақтөбе қаласында жоғары білім алуда.

Үйдің де, түздің де жұмысына үлгеріп жүрген дәрігер-ана бос уақытында кітап, газет-журнал оқығанды жақсы көреді. 1992 жылдан бері отағасы Хамит Лұқпановпен тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан Ақтөре Кеңесқызы бақытты болу үшін барыңды бағалау қажет деп есептейді.

 

ЕГІЗДЕРДІҢ ҚАМҚОРЫ

Аудан орталығы Федоров ауылында өте белсенді, өнерлі, танымал Қабиевтер отбасы бар. Жас та болса, бас болып, аудан намысын халықарылық, республикалық, облыстық сайыстарда қорғап, жүлделі оралып жүрген жанұяның ұйытқысы Гүлнар Қабиевамен сұхбаттасудың сәті түсті.

Гүлнар Мақсотқызы 1990 жылы 16 ақпанда Қазталов ауданы (бұрынғы Фурманов) Жалпақтал ауылында дүниеге келген. Бала күнінен өнерге жақын ару 2004 жылы аудандық «Балдәурен» байқауында І орын, «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» сайысында ІІ орын, 2007 жылы «Көктем дауысы» атты өнер додасында жүлделі І орынды иеленген. Қазіргі таңда 4 балапанын да өнер жолына баулып жүрген жайы бар.

Бала тәрбиесіне көп көңіл бөлемін. Әр ата-ана балаларына жақын болуы керек. Сол үшін балалар психологиясына арналған мақалаларды жиі оқимын. Кез келген мәселеде егіздерімнің пікірлерімен санасамын. Отағасы екеуміз балаларымызға ана тілін сүю, үлкенді құрметтеу, бауырлары мен туған-туыстарына қамқор болу керегін әрдайым айтып отырамыз. Үлкен ұлдарым – Сұлтан мен Бейбарыстың әнге деген қызығушылықтарын 2 жастарында байқадым. Егіздер киелі сахнаға үш жастарында шығып, өнер көрсетті. Кішкентай егіздер Амир мен Томирис те өнерге жақын. Ойыншықтың орнына микрофонмен ойнайды, — дейді көп балалы ана.

Замир мен Гүлнардың 2-сыныпта оқитын егіз ұлдары Сұлтан мен Бейбарыс — республикалық  және халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы фестиваль-байқауында — І орын, аудандық «Мистер первокласник и мисс первоклашка» білім додасында — бас жүлде, республикалық «Қазақстан таланттары – 2018» сайысында — І орын, «Балдәурен – 2018» байқауында — І орын, Алматы қаласында өткен «Біз бақытты баламыз» байқауында — бас жүлде, Қазақстанның халық әртісі Айжан Нұрмағамбетова ұйымдастырған «Болашақ дауысы» өнер додасында «Меломен» тобымен ән айтып, ІІ орынды қанжығаларына байлады. Таяуда «Таңғы шұғыла – 2019» сайысында бас жүлдені иеленіп, Түркия  елінде өтетін «Турция страна талантов» байқауында бақтарын сынайды. Ал Амир мен Томирис 1 жастарында «Егізім – сыңарым» аудандық байқауына белсенді қатысқандары үшін алғысхат алған. Бұл бүлдіршіндер ата-анасының қолдауының арқасында көрермен көзайымына айналып үлгерді.

Былтыр облыстық «Асыл ана – 2018» байқауында бас жүлдеге ие болған Гүлнар Мақсотқызы мерекеге орай облыс әкімі Алтай Көлгіновтың қабылдауына Теректі ауданының атынан қатыспақшы.

Өнер десе, ішкен асын жерге қоятын аяулы ана, ардақты жар Гүлнар Қабиевамен әңгімелескенде, балаларына деген ерекше махаббаттың куәсі болдым. Олардың қатардағы адам емес, атақты, елінің маңдайалды ұл-қыздары болуына жанын салып жүрген Гүлнардан әр қазақ қызы мен келіні үлгі алуы керек.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар