4.03.2019, 16:52
Қараулар: 95
Кәсіп ашам десеңіз…

Кәсіп ашам десеңіз…

Өткен аптада Подстепный ауылындағы «Жігер» коворкинг орталығында «Zhas Рroject» жобасын түсіндіру-тарату жұмыстары жүргізілді.

Подстепеный, жақын жатқан Ақсуат, Шаған округтарының жұмыссыз жастары, «Теректі колледжі» студенттері қатысқан кездесуге жастарға арналған жоба туралы баяндау үшін Дүниежүзілік банктің Қазақстанда жастар корпусын дамыту жобасын басқару тобының жетекшісі Гүлмира Ескендірова мен үйлестіру агенттігінің бағалау және мониторинг бойынша маманының ассистенті Сұлушаш Қазтаева арнайы келді.

Биылғы жылды  Елбасы «Жастар жылы» деп жариялады.

Жастар – мемлекеттің ең белсенді бөлігі, қоғамның қозғаушы күші. Ел тірегі – жастарға Қазақстанда мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Мектеп бітірген түлектерге  мемлекет есебінен, шәкіртақы алып  оқуға мүмкіндік беретін гранттар, шетелде озық оқу орындарында білім толықтыруға арналған «Болашақ» стипендиясы, кәсіптік еңбекке баулитын «Жастар тәжірибесі», жас  маманды ауылға тартуды көздеген «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.

Өткен жылы біздің ауданымызда 116 түлек жоғары оқу орнына грант жеңіп алған. 105 жас «Жастар тәжірибесі» арқылы өз кәсібіне машықтанған. Соның 8 тұрақты жұмысқа кірген. «Дипломмен ауылға» келген 75 жас маманға 12 млн. 626,3 мың теңге көтерме төленіп, 31 адамға 107 млн. 962 мың теңге  бюджеттік несие берілген екен. Яғни, мемлекеттік бағдарламалар толық жүзеге асуда. Мамандық алуға да, сол мамандықты игеруге, қызметке қосылуға мол мүмкіндік бар.

Дегенмен, кәсіби білім алудан шет қалған, әлеуметтік жағынан әлжуаз жастар да бар. Соларды қолдауға бағытталған «Zhas Рroject» жобасы Халықаралық қайта құру және даму банкі, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бірлесуімен атқарылып жатыр. 2017-2020 жылдар арасында жүзеге асатын жоба 2018 жылы Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан өңірлерінде 3508 жасты жарылқаған. Биыл Ақмола, Атырау, Маңғыстау облыстары, Астана мен Алматы қалаларымен қатар біздің Батыс Қазақстан облысына келген жоба идеясы мықты, жоспары бекем болғанмен, қаржы жоғы қолбайлау жастарға демеу болады.

Жоба дипломы жоқ, жұмыссыз немесе жалақысы аз, мүмкіндігі шектеулі не ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жандарды қолдауға бағытталған. Бағдарламаға қатысу үшін 14-29 жас аралығындағы жастар жоба дайындап, 3-5 адамнан тұратын команда жасақтауы қажет. Демек, бір қолдың саласындай жұмылған  жастар үшін жұмыссыздық мәселесінің шешімі табылады. Жоба білім беру, салауатты өмір салты және спорт, мәдениет және бос уақыт, азаматтық белсенділік, экология, абаттандыру, ауылды дамыту, волонтерлық бастамалар және тағы да басқа бағыттарда болуы мүмкін. Егер жобада жеңіп шықса,  жеңімпаздарға 1000000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант негізінде қаржы береді. Топ грант иегері атанып, жобаны іске асырған әр ай үшін 6 ай мерзімде шәкіртақы алады. Шәкіртақының көлемі жоғары оқу орнын бітіргендерге  – 60 мың теңге болса, орта оқу орнын немесе мектеп бітірген жастарға – 40 мың теңге.

Бұрын мүлде бизнес жоба дайындап көрмеген жастардың жоспарын нақтылап, бизнес әлемге бағыттау үшін мықты маман, менторлар іске қосылады. Бағдарламаға қатысуға бел байлаған жастармен тренингтер өткізіледі.  Жас кәсіпкерлерге тренерлер кәсіп жүргізуге берілген 6 айлық мерзім аяқталған соң да кеңес беріп, тренинг жүргізеді. Бір ерекшелігі, әлеуметтік жоба болғандықтан, жарты жыл көлемінде жас кәсіпкерлер бизнесінен пайда көрмей, мұқтаж жандарға тегін қызмет көрсетуі қажет.

Мысалы, ауылдық жерде шағын фитнес зал ашуды жобаладыңыз делік. 1 миллион теңгеге қол жетті. Фитнес зал аштыңыз. Оған келушілер – көпбалалы немесе жұмыссыз жастарға қызметіңізді тегін ұсынасыз. Сөйтіп, олардың салауатты өмір сүруіне, денсаулығын оңалтуға, қоғамға тартылуына көмек жасайсыз.

Жалпы, жоба қоғамда талабына қолдау таппай, «мұндай болмақ қайда» деп жүрген жастардың бизнес алаңда бақ сынауына үлкен мүмкіндік сыйлайды.  Егер осы әлеуметтік жастар жобасы туралы білгіңіз келсе,  zhasproject.kz.сайтын қараңыз.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар