4.03.2019, 16:36
Қараулар: 310
ТЕРЕКТІЛІК ТҰРҒЫН АЛЫП АҚҚАЛА СОҚТЫ

ТЕРЕКТІЛІК ТҰРҒЫН АЛЫП АҚҚАЛА СОҚТЫ

Федоров ауылының Ерлан Рысқалиев есімді тұрғыны биіктігі 8 м 20 см аққала соққан.

Бұл жөнінде аудандық балалар шығармашылығы үйінің басшысы Геннадий Креймер редакциямызға арнайы келіп хабарлады. Ақпараттың анық-қанығына көз жеткізу үшін Бейбітшілік көшесін бетке алдық. Есікті ашқан Ерлан бізді көргенде, таңданысын жасырмады.

  •  Жақында «Youtube» желісіндегі балаларға арналған ресейлік «Сливки Шоу» арнасы #SLIVKISHOW #100КЗАСНЕГОВИКА хэштегімен байқау ұйымдастырған болатын. Сайыстың шартында ұйымдастыруышылардың Қазақстан бойынша ең биік 100 аққаланы анықтайтыны, аққала тұрғызғанда ешқандай техника қолданбай, түрлі тәсілдерді, сондай-ақ уақытты тиімді пайдалану қажеттігі жазылған. Содан отбасымызбен сайысқа қатысуға бел будық. Өздеріңіз көріп отырғандай, 7 күннің ішінде ойымдағы аққаланы соқтым. Оңай болды деп айта апмаймын. 8 метрге баспалдақпен шығып, су құю, жан-жағын ағашпен тегістеу сынды жұмыстар көп күшті талап етті. Байқауға қатысып жатқанымды естіп, баланың ермегі деп күлмей, қолдаған достарым Арман Серіков пен Жасұлан Онбаевқа алғысым шексіз. Қолымнан келетініне сендіріп, әрқашан демеу болған жұбайым Заринаға да ризамын, — деді Ерлан Мақсотұлы.

Отағасының бір апталық тірлігін ұялы телефонына түсірген Зарина Дышекова 14 ақпанда жариялаған бейнесін үш күннің ішінде 1000 адамның көргенін айтты: «Біз бұл бейнені өзіміздің жеке «Алмазик ТВ» арнамызды көретін балаларға арнап түсірдік. Балғындарға мақсатқа жету жолында ештеңеден тайынбай, алға ұмтылуды, төзімді болуды үйреткіміз келді», — деп қысқа қайырған Заринаның көзінен қуаныш ұшқынын байқадық.
Теректілік ерлі-зайыптының еңбегін бүгінде «Youtube» желісінен 1164 адам көріп, оның 229-ы «ұнайды», 25-і «ұнамайды» белгісін басыпты. 251 көрермен жағымды пікір қалдырған.

Сайыс қорытындысы келесі аптада шығады. Жеңімпазға 100 000 рубль ақшалай сыйлық берілетін көрінеді.

Олай болса, Теректінің таланттарына сәттілік тілейміз!

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА