4.03.2019, 12:33
Қараулар: 275
Халық қайда баратынын біледі

Халық қайда баратынын біледі

Өткен жұмада «Нұр Отан» партиясының Теректі филиалының төрағасы, аудан әкімі Әділ Жоламанов азаматтарды қабылдады.

Тек аудан әкімі деп емес, билік партиясының аудандағы толық өкілі ретінде таныған азаматтар Әділ Тауфиқұлының алдына өздері үшін өзекті мәселелерді жайып салды.

Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінде жиырма шақты адам болды. Дені – көпбалалы аналар. Сұраныс — баспана, жұмыс, жәрдемақы.

Федоров ауылы  тұрғындары:  Темірболат Байбусинов пен мүгедек ұлын бағып отырған Айгүл Жұмабаева электр қуаты үзілуі жиілеп кеткеніне шағымданды.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Ақсуат мектебіне келген Бәтима Есқалиева – көп балалы ана.  Баспана сатып алуға бюджеттік несие күтеді. Несие алуға құжаттарын өткізіп те қойған.

Екі бірдей мүгедек баламен, жұмыссыз жүрген Жайнагүл Мұратқызы балаларына қажетті ортопедиялық аяқ киім алуға көмек сұрайды. Өзі, үй кезегіне де тұрмаған екен. Артынша кірген жалғызбасты аналар Тәнзила Әмірғалиева, Райгүл Қожесова, көп балалы  Гүлжихан Наурызғалиева үй кезегінде тұрғанын айтып, алдағы баспана берілер кезді барлай келген.

Төрт қыздың анасы, бесінші сәбиінің дүниеге келуін бүгін-ертең деп күтіп жүрген Бейбітгүл Алишеваның жағдайы «түйінді топтама» десек те болғандай. Өздеріне тиесілі үйі жоқ отбасы ата-анасының ауласындағы қисайған тамды паналап отыр. Күн жауса, қоса жауатын «өнері» бар панаға күні ертен дүниеге келер шақалақты қалай әкелерсің? Ыс қайтаратын пеші тағы бар. Ақсай қаласында жұмыс жасайтын балалардың әкесінің үйдегісінен түздегісі көп. Ата-енесінің шақырғанына Бейбітгүлдің барғысы жоқ.  Өздері тұрып жатқан Юбилейное ауылынан үй салатын жерге кезектері жетіпті. Жер босаса, қолға аламыз дейді. Дегенмен, «қысқа жіп күрмеуге келмес». Көмек болмаса, үйдің тұрғызылуы да нейғабыл.

Әр келген адам «Нұр Отан» партиясы болысады» деп, үміт артып келген. Сондықтан да, партияның жергілікті филиалының төрағасы қай мәселе болса да, мұқият тыңдап, шешімін табуға тырысты. Ақылын айтты, кеңес берді. Аудан басшысы ретінде көмек-қолдау көрсетуді тапсырып, басшы-мамандарға міндеттеді. Кейбір азаматтар баспана кезегіне тұру немесе жәрдемақы алу үшін қайда барарын білмейді екен. Бірақ, халық көмек сұрап қайда барарын біледі. Халық «Нұр Отанға» барады!

Камелия ӨТЕУ