4.03.2019, 12:26
Қараулар: 209
КӘСІПКЕРЛЕР КЕҢЕСТІ

КӘСІПКЕРЛЕР КЕҢЕСТІ

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан басшысы Әділ Жоламановтың төрағалығымен кәсіпкерлер кеңесі өтті.

Аудан бизнесмендері бас қосқан кеңесте аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Ихсанов «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы» жөнінде баяндады.

БҚО кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Саид Садаров аукционда сатылып жатқан бос жер телімдерін жеке шаруашылықтары бар жандардың ғана алуға құқы барын, кәсібін жаңадан бастап жатқандарға мүмкіндік жоғын жасырмады. «Бақыт» шаруа қожалығының басшысы Аманғали Бөкенбаев Аңқаты ауылдық округіне қарасты Қандық ауылындағы мектептің жабылғанын, сол ғимарат тоналып кетпей тұрғанда, тұрғындардың кәдесіне жаратқысы келетінін жеткізді.

-Қандықтың кішкентай ауыл екенін білесіздер. 120 тұрғынның жағдайын жасап, жұмыссыз жүргендерді жұмыспен қамту үшін мектеп ғимаратын жалға алсам деген тілегім бар. Кейбіреулер қой қырқып болған соң, жүнін лақтырып тастайды. Мұндай ысырапқа жол бермеу үшін көрпе жасайтын шебер жандарға шағын тігін цехын ашсақ, жақсы болушы еді. Соған сіздерден қолдау күтемін, — деді Аманғали Бақытұлы.

«Бақыт» шаруа қожалығы басшысының сөзіне «Тұмар» ШҚ басшысы Руслан Лұқпанов қосылып, ауылындағы келіндердің құрт қайнатып, облыс орталығы Орал мен Атырау, Ақтауға сатып, нәпақаларын тауып жатқанын айтты. Нәзік жанды болса да пысық кәсіпкер «Лунара» ЖК басшысы Лунара Аязбаева Ақсуат ауылына шағын супермаркет, туристердің демалатын орны және монша салуды жоспарлап жүргенін айтты. Бұл ойын қолдайтын тағы екі кәсіпкер бар екен. Ең бірінші кезекте қаржы мәселесін шешіп алуды жөн көрген Лунара Сабырғалиқызы бәрі реттелгенде жобасын тиянақты дайындап, іске кірісетінін мәлімдеді. Ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, сүт өнімдерін өндіріп отырған покатиловтық «Қарлығаш» шаруа қожалығының басшысы Қарлығаш Сералиева салық жөнінде сұрақтарын қойса, «Алтын дала» шаруа қожалығының басшысы Нұрлан Мадиев егін мен мал шаруашылығын қатар алып жүру керектігін атап өтті.

Кеңеске қатысқан барлық кәсіпкерді толғандырған сұрақтарға бөлім басшылары жауап берді.

Төраға Әділ Тауфиқұлы қаланың күйбең тірлігінен шаршаған жандардың Теректіге келіп демалуына жағдай жасау қажеттегін айтып, жиынды қорытындылады.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар