13.02.2019, 17:46
Қараулар: 143
7 мыңнан шөп сатылады

7 мыңнан шөп сатылады

Қарашадан қылаулаған қар ерте жатып алды. Қаншама үйреншіктіміз дегенмен, осы қыс қарлы-боранды болды. Ара-арасында күрт жылытып, көктайғақ та қылды. Оның артынан күрпіте жауған қар  адамға ғана емес, малға да жәйсіз. Әсіресе, азығын тебінгіде айыратын қылқұйрықты жануар мұз басып қалған шөпке жетем деп, тұяғын кемітіп, шашасынан айырған халі бар.

Тай-жабағы қолға қарағалы қашан. Жылқыға арнап жем-шөп жинақтап, Қамбар ата тұқымын қораға байлауды әдетке ұстамаған қазақпыз. Жылқыны мол ұстайтын Ақжайық, Ақсоғым, Шалқар, Шағатай округтері жағында осыған байланысты қиындықтар да болып тұр.

Алдымыз кең көктем. Енді бір оншақты күннен күнтізбелік көктем кіреді. Десек те, наурыз кірсімен ауа-райы оңалып кетуі екіталай, қыс пен көктем күресер өліара, қазақ айтқан «ұзынсарыға» ұласады. Ауа-райы болжамынан байқасақ, наурыздың ортасына дейін қыс беріспес түрі бар. Мал баққан жанға қыс ұзақ.

Ауыл шаруашылығы бөлімі мамандары берген мәліметке сүйенсек, күзде шөмеленген 123,5 мың тонна шөптің 51,5 тоннасы, 23 мың тонна жемнің 16,1 тоннасы азыққа жұмсалыпты. Қар кетіп, көк көрінгенше жетер есебі бар. Бұл, енді, жалпы есеп. Азық бір шаруашылықта мол, кейбірінде ойсырап қалған. Осындайда ауылдастарына қарасып жүрген шалқарлық «Сенім» қожалығының басшысы Абай Химановтай азаматқа риза боласың. Сарыөмірдің басында мал азығынан  тарығып отырғандарға ол буған шөпті 4 мыңнан сатып, қарызға да беріп отыр екен. Бұл үлкен көмек. Подстепный ауылында да саттыққа шөп бар. Бумасы 7 мыңнан. Жайық, Приречный, Новопавлов  ауылдарында жем сатушылар бар. 30 келілік қапшыққа толтырылған жемнің орташа құны 2500 теңге, кебек – 1350 теңге көрінеді. Күздің күні арзанырақ болған арпаның тоннасын новопаловтық «Мәдиев» шаруашылығы қазір 55 мың теңгеден деп отыр.

«Шанаңды жазда, арбаңды қыста сайла» деген мақал-қағиданы естен шығарып алған жұрт осылай қымбатшылыққа ұрынып отырған сыңайы бар. Әйтеуір, жем-шөп іздеп сабылмай, өз аумағымызда мал азығының бар екендігі көңілге тоқ. Егер шөп тақұл-тұқыл болса, жем керек болса, аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне жолығып не 21-0-73 нөміріне телефонмен қоңырау шалып, қай жерден сатып алуға мүмкіндік бар екендігін анықтап алуыңызға болады.

 

Камелия Қарекесова