8.02.2019, 11:42
Қараулар: 120
Оңаша бұзаудан ортақ өгіз тиімді

Оңаша бұзаудан ортақ өгіз тиімді

2016 жылы елімізде «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заң күшіне енді. Сөйтіп, ірілі-ұсақты қожалықтар басын қосқан құрылым – ауылшаруашылығы кооперативтері пайда бола бастады.

Мәселен, бір шаруаның жері, біреуінің тракторы, енді бірінің себетін дән-тұқымы бар. Олар бірігіп қожалық құрады. Сөйтіп, трактормен жер жыртып, егін салады. Түскен өнімді бөліседі. Малға азық дайындап алады. Бар малды бордақылап, сатып, тағы да пайда түсіреді. Ол пайданы да бөлісіп, немесе, тұқым алуға, мал басын көбейтуге, техника жаңартуға өзара келісіп, жұмсайды. Міне, кооперативтің мәнісі осы. Бұл іс, бір жағынан ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік берді. Екінші жақсы жағы – ауылдағы «өз пұшпағын өзі илеп», күнкөрісін айырудан аса алмаған ауыл тұрғындарына бас қосып, кіріс өсіруіне сеп болады. «Көптің күші көлдей» деген, жұмылған соң өнім мол болары сөзсіз. Тағы бір пайдасы – жұмыспен қамту. Кооперативке біріккен шаруалар тек өздерін емес, үй-ішін де жұмыспен қамтамасыз етеді. Сол арқылы түгел бір отбасы нәпақасын айырады. Яғни, кооператив – ауыл тұрмысын жақсартып, халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға бағытталған мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамыту саясаты.

Кооператив құру басталған 2015-2016 жылдары халыққа оның құрылысы мен тиімділігі жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сала мамандары ауыл-ауылды аралаған болатын. Біреу түсініп, бас қосты, енді біреу «ортақ өгізден оңаша баспақ артық» деп, бұра тартты.

Дәз қазір ауданда жиырма шақты кооператив бар. «Жылқының аласы бар, құласы бар» демекші, кооперативтің өндіріп, жұмыс жасап тұрғаны, тұралап тоқтап қалғаны бар.

Осыдан бір-екі апта бұрын ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Сағадат Жолдығалиев пен бөлімнің бас маманы Нұрлан Бердіғалиевке ілесе, қыстақ аралауға шыққаным бар. Жігіттердің мақсаты – малдың қысқы күтім-бабын байқау. Азық қорын анықтау. Менің ойым – мал баққан жандармен жүздесіп, тұшымдысын халыққа жеткізу.

Ауыл жағалап, шаруашылық аралап келе жатып, Аңқаты ауылындағы «Мақсат-Аңқаты» кооперативінің мүшесі Азамат Қуанаевпен кездестік. Мамандығы инженер-механик болғанмен, көз ашқаннан мал ортасында өскен жігіт ағасы қазір ауылдастарының арасында «зооинженер» аталып жүр. Қазақтың ақбас қарасын өсіретін «Аңқаты» асыл тұқымды мал шаруашылығына жоғары білім алсымен келген ол әрі де сол қызметінен қол үзбеген. Қазір де сол құрылым ізіндегі «Айсұлу» қожалығында механик инженер. Мал басында жүрген соң, қарабайыр мал ұстағаннан, асыл тұқымды малдың өнім сапасы жоғары болатынын біледі. Қазақтың ақбасын жеке қолда ұстап-бағып жүрген Азамат кооперативке бірігу туралы әңгіме көтерілсімен қос қолдап қостады. Өзі сияқты, ауласында мал ұстап, шөп шауып жүрген жігіттер – Бауыржан Әмірханов, Бекболат Медеуов, сапар Сұлтанғалиев, Нұрымғали Еслямғалиев бар, бас қосып «Мақсат- Аңқаты» кооперативін құрды. Басы біріккен жігіттерге бас болып, құжат-ұйымдастыру жұмыстарын да өзі атқарып жұр.

Қазір ортаққа кірген екі трактор сақадай сай. Жаздай осы тракторлармен далада шөп шауыпты. Артылған шөптің арбасын 20 мың теңгеден ауылдастарына сатты. Кейбір ауылдарда шөп құны 30-35 мың теңгеге жетіп сатылғанын естіп жүрміз. Оның қасында, 20 мың теңгеден сатылғаны едәуір арзан. Сынған техниканың ақауын өзі қарап, жөндеп жіберетін шағын шеберхана да жасақтап алған. Жем тартатын құрылғы бар. Кооперативтегі жігіттер келіп, қолданып жатады. Тағы бір ауылдастарына қарайласқаны – меншігіндегі «Руся» деген ақбас қызыл бұқа ауылдағы аналық қараға «қызмет» көрсетіп тұр. Әр сиырдың ұрықтанған күнін мұқият дәптерге «түртіп» қоятын Азамат Балиғоллаұлынан мал иелері төл алар күндерін біліп жүреді. Әлгі «зооинженер» деген қосымша дәрежені досы Медеу Ахметов мал күтімі мен бабына мұқият қарайтыны үшін берген көрінеді. Неше жылдан бері үзеңгілес жүрген қос азаматтың әзілдері жарасқан. «Туған жеріміз – осы Аңқаты» деп, ауылға жаны ашыған ер-азаматтар. Мамандығы зоотехник Медекеңнің досына берер кеңес-әдісін қалт еткізбей «қағып алып», іске жаратып жібереді.

Жан жолдасы Сақыпжамал да осы іске төселіп алған. «Бақпасаң, мал кетеді» деген атам қазақтың қағидасын ұстанып, ерте таңнан мал қораға тұрғанша тыным таппайды. Сүт, май-қаймағын сайлап алады.

Жалпы, кооператив бағымында 30 шақты мал бар. Біз Азамат Балиғоллаұлының өз ауласында болдық. Аналық мал бөлек, баспақ-торпақ бөлек тұр. Аула іші таза. Селкеу жатқан селеу көрмейсіз. Қысқыға жиналған шөптің бұрышы ойсырағанмен, қолдағы малға көкке дейін еркін жетер.

Ауылда тұрған соң, ата кәсіптен қол үзбей, қораны малға толтырған дұрыс. Әсіресе, біздің ақбас қара аққа жарытпағанмен, етке берекелі. Сол ақбас қараның бұқасының құны 420 мың теңге екен. Етті мал өсіретін кооператив болған соң, бұқаға 150 мың теңге үкімет субсидиясы бар. Екі-үш жыл тұқымдыққа ұстаған соң, етке өткізіледі. Оның үстіне, осы бұқадан алынған төл бір жыл ішінде 230-240 келі құрайтын көрінеді. Бір төлі 270 келі тартқаны да болыпты. Сонда, шамамен бір бас төл жыл толған соң орташа есеппен 200 мың теңгедей кіріс кіргізеді деп, ойша есептеп те қойдым. Өткен жылы «Мақсат-Аңқаты» 10250000 теңгеге 8,2 тонна ет тапсырыпты. Міне, кіріс деген осыдан құралады.

«Аластан арбалап» әкелген мал жерсініп, өнім бергенше, біздің ақбас өндіріп-ақ тастайды. Тек, әттеген-айы, қазір шеттен әкелінбеген асыл тұқымдыға субсидия беру тоқталған деп естідім. Олай болса, қолдағы өзіміздің ақбасты алуға қожалықтар қызықпай да қалуы бек мүмкін. Бұл мәселе оңынан шешіліп, «алыстан арбаламай», өзіміздің аңқатылық ақбас ірі қараға басымдық берілсе, Елбасының ет экспорттау әлеуетін арттыру туралы тапсырмасын әбден орындар едік.

Күнделікті тұтынатын ет-сүтті біз шағын шаруашылық, жеке мал ұстаған ауыл халқынан аламыз. Бұл – ішкі нарық. Ал, сыртқы нарыққа шығуға ондай шаруашылықтардың шамасы жетпейді. Сыртқа шығып, ел әлеуетін арттыру үшін шағын қожалық-кәсіпкерлер бас қосып, қуатты одақ – кооператив құрған жөн.

«Малды жаман баққаның, келген бақты қаққаның» депті мал баққан қазағым. Дұрыс сөз. Өмір бойы ауылда тұрған ауыл қазағына қала тіршілігі қол емес. Баспана мәселесі тағы бар. Қалаға қарай көш түзеп, «жетім бұрыш» баққанша, мал баққан тиімді. Мал баққанда, үкіметтің өзі қолдау көрсетіп, жағдай жасап отырған кооперативке бірігіп бақсаңыз, тіптен дұрыс. Қысқа да нұсқа айтсам, «оңаша бұзаудан ортақ өгіз» тиімді.

 

 

Камелия Қарекесова