1.02.2019, 13:17
Қараулар: 192
Аудан ақынын ардақтайды

Аудан ақынын ардақтайды

Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының және әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, БҚО-ның құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының БҚО бөлімшесінің төрайымы, Ақжайықтың ақ шағаласы Ақұштап Бақтыгереваның 75 жасқа толуына орай өткізілетін іс-шаралар ақынның туған жері Теректі ауданында бастау алды.

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ғимаратында өткен шарада сөз алған аудан әкімі Әділ Жоламанов елдің аяулы ақын қызына деген құрметтің шексіз екендігін айтып, жыл бойына өтетін шаралардың бірқатарына тоқталып өтті.

Ақұштап апамыздың тойы – елдің тойы, халықтың тойы. Қазақ әрдайым ақынын құрметтеген. Теректі ауданы ақынға да, жазушыға да, батырға да, жырауға да кенде емес. Өткен жылы даңқты жерлесіміз, жазушы Хамза Есенжановтың 110 жылдығын жоғары деңгейде атап өтсек, биыл Ақжайықтың ақ шағаласы атанған ақын

апамызға құрмет көрсетеміз. Жоспарда атқарылар жұмыстар жетерлік. Ақын апамызды өлеңге қосатын ақындардың бас қосып, республикалық деңгейде мүшайра өткізуді жоспарлап отырмыз. Ауданның барлық кітапханаларында кітап көрмелері жасақталып, жастар Ақұштап ақынның өлеңдерін жатқа оқу арқылы өзара сынға түседі. Эссе жазу, сурет байқаулары да аудан көлемінде ұйымдастырылады. Қорытынды шараны ақынның туған ауылында өткізіп, дала қызықтары арқылы ұлан-асыр тойға жалғаймыз. Ауданымыз ақын шығармашылығын насихаттап, есімін ұлықтауды бастаса, өзге аудандар осы бастаманы жалғастырады деп сенеміз,-деді аудан әкімі Әділ Тауфиқұлы.

Бастаманы қолдап, шараға арнайы келген БҚО мәдениет басқармасының басшысы Қадырбола
т Мұсағалиев, ақын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріков, ақын, Қазақстан Жазушылар және журналистер одағының мүшесі, «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Ғайсағали Сейтақ, жазушы, журналист, ақын, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, ақын, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Тлес Жазықбай, ақын, Қазақстан ақын-жыршылар одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев секілді қонақтар ақын апамыз туралы жылы сөздерін айтып, ақын тойына сүбелі үлес қосуға дайын екендіктерін жеткізді.

Алматыдан тікелей экран арқылы хабарласқан ҚР Ұлттық кітапханасы директорының орынбасары Ажар Хамитқызы ақынның осынау руханият орталығымен әлі күнге дейін байланысын үзбегенін, мұнда Ақұштап Бақтыгерееваның 1967 жылы жарық көрген «Өрімтал» атты кітабынан бастап барлық жинақтарының сақталып, оқырмандар игілігіне айналып отырғанын, мерейтойлық шаралар Алатау төрінде де ұйымдастырылатынын жеткізді.

 

Тізгінқағар шараға онлайн режимде қосылып, лебіз-құттықтауларын  Ақжайық, Сырым, Казталов аудандары арнады.

Федоров қазақ ЖОББМ оқушылары ақын өлеңдерін жатқа айтса, Подстепный ауылынан келген жас ақындар Ақұштап Бақтыгерееваға арнаған жырларын оқып берді.

 

Әділет ӘЛІБЕКҰЛЫ