1.02.2019, 12:43
Қараулар: 229
СВЕТЛАНА ГАЛИЕВАДАЙ ЖУРНАЛИСТ БОЛУ — АРМАНЫМ

СВЕТЛАНА ГАЛИЕВАДАЙ ЖУРНАЛИСТ БОЛУ — АРМАНЫМ

   Облысымызда тұңғыш рет «Туған жер» этно-мәдени жобасы аясында ұйымдастырылған «Өрімтал» жас тілшілер фестивалінің аудандық кезеңінде облысқа жолдама алып, бағымды сынаған едім.

    Аталмыш фестивальде мен республикалық деңгейдегі «Дружные ребята» газетінің Светлана Галиева атындағы жүлдесін қанжығама байладым. Сол сәттен бастап Светлана Галиеваның шығармашылығымен таныстым.

    Светлана Галиева 1956 жылы 6 тамызда Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында дүние келген. Даңқты журналист. С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетті (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) қызыл дипломмен бітірген. Ол — Қазақстан Журналистері Одағының, Қазақстан Журналистері Академиясының мүшесі, Еуразияның теледидар және радио академиясының академигі, Жастар саясаты кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген журналисті, «Алтын Жұлдыз» журналистік сайысының лауреаты. Бірнеше жыл қатарынан «Дружные ребята» балалар газеті редакторының орынбасары, тақырыптық жоспарлау бөлімінің редакторы, қоғаммен байланыс және «Жалын» баспа үйінің маманы, «Бөбек» балалар қорының баспасөз және қоғаммен байланыс  бөлімі директоры, «Детское время» балалар баспасөзі, радио, теледидар және кинотеатр орталығы мен Қазақстан Жастары Медиа Одағының басшысы қызметін атқарған.

Сонымен қатар, Светлана Галиева «Кольцо Евразия», «Южная столица глазами юных», «Детское время»,  «Друг детства», халықаралық «Айналайын» фестивалі сынды көптеген жобаларға жетекшілік еткен.

    Менің пайымдауымша, Светлана Галиева балаларға көп көңіл бөлген.Ұлты бөлек болса да, қазақ үшін жанын аямаған, өз ісінің хас шебері. Бұл апамыздың жазған мақалаларын оқыған адамның жаны тебіренбей қоймайды. Өзім сондай күй кештім. Светлана Галиева ауыр дерттен Бельгия емханасында жан тәсілім еткен. Бұл туралы әріптесі Хельх Исманов: «Біздің әріптесіміз әрі досымыз Светлана енді жоқ. Оның күлімсіреген жүзін енді көрмейміз. Егер тірі болса, қолынан көп нәрселер келетін еді. Оны енді көрмейтініме сене алмаймын. Отбасына қайғырып көңіл айтамын», — деп хабарлапты.

Осындай дара да, сара жол қалдырған апамыздың жүлдесін алғаныма әлі күнге дейін қуанамын. Алдағы уақытта дәл Светлана Галиевадай журналист боламын. Менің жадымда бұл ерекше жан Қазақстан Республикасындағы журналистердің майталманы ретінде сақталды.

Балнұр СЕБЕП,

Подстепный №1ЖОББМнің 11-сынып оқушысы