1.02.2019, 12:46
Қараулар: 126
Ақ жаулығы арындай…

Ақ жаулығы арындай…

Бұл қоғамда ұрпағынан ел түлеген, ақ жаулығы көк тудай желбіреген, өмірі мен өнегесін отбасына арнаған, өсиетін өміршең қып жалғаған аналарымыз қаншама?! Біз кейде ошақ басы, отбасы деп жүгірген, мейірімі маңдайындағы әжімнен білінген аналарымыздың батырлығын байқай бермейміз. Ойлап қарасақ, бүгінгі күннің батырлары солар.

Сондай батыр ананың бірі — Аңқаты ауылдық округі, Қандық ауылында дүниеге келген Ақжонас Дәндібаева. Сұм соғыс басталғанда шыр еткен  кейіпкеріміздің балалық шағы қандай қиыншылықпен өрбігенін айтпасақ та түсінікті шығар. Ұрпағының санасына ұят ұялатып, жастайынан дұрыс тәрбиемен сусындатқан ана мен әке бақытты. Ақжонас анамыздың әке-шешесі тәрбиені алдыңғы орынға қойып, қыздарын бойжеттірді. Ақжонас анамыз сауыншылар бригадасында еңбекке араласып, 1962 жылы көршілес Бозай ауылына келін боп түседі. Кешегі тұлымшағы желбіреген қыз –ақ жаулығы желбірейтін ана, аяулы жар атанып шыға келді. Осы сәтте кейіпкеріміз ақ жаулықтың қадір-қасиетін жете түсіне бастады. Басынан орамалын тастамаған келін шаңырақтың ұйытқысы бола білді.

 

  • Отбасының көрігі, бары болған,
  • Сол себепті бақыт деген тағы қонған.
  • Түн ұйқысын ұрпағына арнап сосын,
  • Ақ жаулығы намысы һәм ары болған.

Расымен, 3 ұл және 5 қыз өрбітіп, одан 22 немере сүйген Ақжонас анамыз барлық өмірін тек ұрпағына арнады. Бұл – жұмыстың төресі. Өмірден өткеніне биыл 16 жыл толса да, ол артына ешқашан өшпейтін із қалдырды. Ол қаумалаған ұрпақтары. Ақжонас анамыз өмірінің соңына дейін ұл-қыздарына өсиет айтып өтті. Анамыздың ғұмырлық серігі болған Жұбандық әкемізбен ұлдарын намысты, қыздарын ибалы етіп тәрбиелеуге тырысты. Бастысы, арындай болған, жанындай болған, ғазиз басына бағындай қонған ақ жаулығын тастамады. Ұрпағы «ақ жаулығы желп-желп еткен жан көрсек анамызды сағынып кетеміз» дейді. Ақжонас Дәндібайқызы өзінен тараған балаларына көл-көсір байлық емес, қора-қора мал емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын тәрбие қалдырды. Қазіргі кезеңде халық дәл осы өміршең тәлім-тәрбиеге зәру – ақ.

 

Әділет ӘЛІБЕКҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар