1.02.2019, 12:26
Қараулар: 147
Ойық ойсаң ерінбей, балық жерсің тіленбей

Ойық ойсаң ерінбей, балық жерсің тіленбей

Батыс Қазақстан өңірінің маржаны – Шалқар көлі тек жазғы демалыс орыны ғана емес, балыққа бай су қоймасы.

Айдында шоршыған шортан-алабұға қыс кезінде мұз астында қалды. Биылғы ызғарлы қыс су астындағы балыққа да оңай болмай тұр. Аяз қысқан сайын мұз қалыңдай түседі. Соның салдарынан су астындағы балық біткен ауа жетпей, тұншыға бастайды.

Осы кезде адам баласы көмекке келмесе, бар балық көктемде қалқып шығуы мүмкін. Сондықтан, мұз ойып, ауа жіберуді уақытылы қолға алған дұрыс.

Осы мақсатта аудан әкімі Әділ Жоламанов, аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев бастаған үлкен топ Шалқар үстіне шығып, ойық ойды. Топ қатарында бөлім-мекеме басшылары, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Нұрсәуле Аткеева ұйымдастырған аудан жастары,  Подстепное, Аңқаты, Ұзынкөл ауылдарындағы мектептердің мұғалімдері болды. Бұл жердің қыр-соқпағын жақсы білетін Шалқар және Аңқаты ауылдық округтерінен келген азаматтардың ісі, әсіресе қарымды.

Енді жері 14 км сәл асатын көлдің ортасына қарай ну қамыс ішіндегі соқпақпен жеткен топ Аңқаты тұрғыны Василий Беляев  мотобұрғысымен аудан басшысы Әділ Жоламанов екеуі кезектесе отырып, айналдыра ойған ұңғымаға жантайта қамыс салды. Бұл бұрыннан келе жатқан тәсілдің пайдасы – ойық бетіне мұз қатса да, қамыс қуысы арқылы астындағы тіршілікке ауа жетіп тұрады.

Сөйтіп, табиғатқа жанашырлық танытқан теректіліктер күннің аязы мен жаяу борасынға қарамай, қолға алған істі тындырып қайтты.

Камелия ӨТЕУ