1.02.2019, 12:16
Қараулар: 186
16 отбасы баспаналы болды

16 отбасы баспаналы болды

       Жылды жақсы жетістіктерімен қорытындылап отырған Теректі ауданы тағы бір қуанышқа кенелді.

Аудан орталығындағы стадионға қойылған ауданның бас шыршасының маңы халыққа толы. Қардан соққан сырғанақ, мұз айдыны үстінде толған бала. Шана жеккен ат та бар балаларды серуендетуге. Ересектер жағы ет, Шалқардың балығынан бастап, бал, көкөніске дейін саттыққа шыққан жәрмеңкені жағалап жүр. Осы жәрмеңкеге педагогтар өздері тәрбиелеп жүрген мүмкіндігі шектеулі балалардың қолөнер туындыларын алып шыққан. Мақсат — сатып, ақшасын балалардың қажетіне жұмсау.

Алаңның бір шетінде спорттық ойындар қызып жатты. Арқанмен жеңіл көлік сүйреу, жүк көліктің дәу тегершігін аудару, қол күресінде ер жігіттер күшін танытты.
Дегенмен, халықтың күткені – жаңа қоныстың кілтін табыс ету салтанаты болатын. Басы 2000 жылы, кейінгілері 5-6 жыл бұрын үй кезегіне тұрған, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; жалғыз тұрғын үйі апаттық деп танылған азаматтар; мемлекеттік қызметкерлер, басқа да бюджеттік ұйымдар мен әскери қызметкерлер; халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатындағы 16 адам, яғни, 16 отбасы үйлі болды. Үй алады деген жанұяның жанында жанкүйер ағайын шоғырланып, көңілді топ у-шу болып жатыр.

Халық алдына шығып, құттықтау лебізін білдірген аудан әкімі Әділ Жоламанов кезекпен үй кілттерін табыс етті.

         Федоров ауылында, Юбилейная көшесінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша сап түзеген сары үйлердің әр қайсының құны — 9 100 773,44 теңге. Жалдамалы негізде пайдалануға берілетін әр үй үшін төленетін айлық ақы 8 мың теңге шамасында.
Көгілдір отынға, таза су құбыры мен электр көзіне қосылған әр үйдің ішінде тіршілікке жайлы жағдай жасалған – қала пәтеріндей, салқын-ыстық су, жуынатын орын, бәрі дайын. Жылдар бойы кезекте тұрып, баспаналы болуды арман еткен теректіліктердің қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Соның ішінде, аудан әкімі қолынан су жаңа баспананың кілтін алған мемлекеттік қызметкер Миргүл Стамқұлова:

  •  Үй кезегіне тұрғаныма он жыл болған екен. Ата-анаммен бірге тұрдым, бала-шаға көбейген соң жалдамалы пәтерге шықтық. «Кісідегінің кілті аспанда» дейді ғой, жағдайға қарау көшіп-қонып күн кештік. Енді соның бәрі артта қалды деп, қуанып отырмыз. «Бас пана» деп неге айтты дейсіз. Өз баспанаң болғанға жетері жоқ. Осындай жағдай туғызған Елбасына алғысым шексіз, — дейді.

Үш бірдей баланы жалғыз өзі сүйреген, жалғызілікті ана Әслима Кабдушева:

  •  Мен Ақжайық ауылдық округінің Абай ауылынанмын. Отағасы қайтыс болды. Үш баланың тауқыметі мойынымда. Баспанасыздық тағы бар. Бүгін үйлі болып жатырмыз. Жаңа аудан әкімі Әділ Тауфиқұлының қолынан үй кілтін алғанда толқығаным қандай. Енді балаларыммен жайлы үйге отырып, жаным жай табады-ау. Баспаналы болу арман еді. Арманыма жеткізген Елбасы аман болсын. Жаңа жылды жаңа қоныста тойлау бұйырыпты, — дейді көңілі шалқып.

16 үйдің біреуіне ие болған Тілеп Ниетқалиевтің шаңырағына бас сұққан аудан әкімі Әділ Жоламанов, мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев бастаған үлкен топ «Қонысыңыз құтты болсын» деген тілегін айтып, сыйлық ұсынды.
Ал алаңға жиналған халық осы кезде көңілді ән тыңдап, сауда қыздырып жатты. Осы жерде лоторея ұтыстары да өткізілді.

Жаңа жыл қызықтары осымен тоқталмай, ертеңгі күні де жалғасын табады.

Камелия ҚАРЕКЕСОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар