1.02.2019, 12:16
Қараулар: 108
«Жеті қырды» танытқан Манас

«Жеті қырды» танытқан Манас

     Өткен жылдың қарашасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жариялап, күллі қазақты дүр сілкіндірген еді.

Ұлы даланың жеті қыры — атқа міну мәдениеті, ежелгі металл өндіру мен өңдеу техноло­гиясы, айшықты  «аң стилі» өнері, әлемді тамсандырған жәдігері − «Алтын адам» жауынгері, Алтайдан бастау алатын түркі тарихы, Ұлы Жібек жолы жүйесі, Қазақ елінің ұлт­тық брендіне лайықты алма мен қызғалдақтар әрбір қазақ үшін аса қымбат құндылықтар. ­

Елбасы көрсеткен құндылықтарды ұстанып, жас ұрпаққа таратып жүрген адам өз ортамыздан табылды.

Манас Аққожин – Теректі ауданының Подстепное қазақ мектебінің бейнелеу өнері пәні мұғалімі. 1997 жылы мектеп есігі ашылғаннан бері, үзіліссіз осы білім ордасында еңбек етіп келеді. Оған қоса, қосымша білім беру педагогы. Балалар шығармашылығы үйінің «мүсіндеу» және «кеме модельдеу» үйірмесін жүргізеді.

 «Жігітке жеті өнер де аз» деген. Топырағынан өнерлілер тараған Қаратөбенің Аққозысында дүниеге келген азаматтың домбыра тартып, «әу» дейтін өнері бар.  Бозбала-жас кезінде ат үстінде ойнаған. Ал, үшінші қыры – қол өнер шебері. «Темірден түйін түйіп, ағаштан иін иген» деген сөз тура осы Манас Исмағұлұлы туралы айтылғандай.

Өзі тұратын Подстепое ауылына «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы  аясында сыйға тартып, кіре берісінен орын тепкен «Алтын бұғы»  бағзы бабаларымыздың  алтыннан құйған аң стиліндегі туынды. Көргеннің көзін тартқан осы мүсін жайлы сұрағынымда:

  • Орғып бара жатқан бұғы сонау сақ дәуірінен бері үзілмей келе жатқан ұрпақтар арасындағы бай  мәдени-рухани байланысты айшықтайды. Алға қарай басу, дамуды ишаралайды. Осы сыйлығым арқылы туған жерге деген құрметімді білдіруге тырыстым,-деді Манас ұста.

«Жақсыны көрмекке» деген. Мектеп шеберханасында болып, Манас ұстаздың шәкірттерінің қолынан шыққан дүниелерді көрдім. Үстел үсті толған арнайы сазермектен жасалған жылқы мүсіндері. Жылқы болғанда да, батырдың серігі болар арғымақтар. Әрі қарай дулыға киген, бес қаруын асынған батырлар «қонады» екен ат үстіне.  Бұл – мүсіншілердің «Батырлар» топтамасына дайындық көрінеді.

  • Рухы биік азамат өсуі үшін баланың бойында «Мен – қазақпын» деген ұлттық, елдік мақтаныш қалыптастыру керек. «Тарихын білмеген елдің келешегі бұлыңғыр болады» деді Елбасымыз. Атқа міну мәдениеті алғаш рет қалыптасқан Ұлы дала небір батырларды көрді. Сол батырлардың биік рухын қазіргі жастарға жеткізу үшін мүсіндеу кезінде батырларын жырын, Құрманғазы, Динаның жалынды күйлерін қосып қоямын. Қолөнері әркімге қона қалмайды, ілеуде біреуге дариды. Мен міндетті түрде қолөнер шеберін дайындап шығарамын деп емес, бала елсүйгіш, қолы іс білетін азамат болып өссін деймін, — деп, сыр бөлісті.

Қолы сәл босай кетсе, кітапқа үңілетін Манас Исмағұлұлы қазақ халқының түп-тамырын зерттеген ғалым-тарихшылардың еңбектерін ізденіп оқиды. Оқып қана қоймай, сабақ кезінде оқушыларына айтып береді.

Еліміздің қарыштап алға басуы үшін   әр азамат қолынан келгенінше, туған жеріне жақсылық жасауы тиіс. Манас Аққожин — жақсылықты күнделікті өмірде,  халқымыздың асыл мұраларын танып, дәріптеп, дамыту арқылы жасап жүрген, қолы шебер, рухы биік азамат.

«Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» — деген болатын Елбасы. Еліміздің табысты болуы осы Манас ұстадай азаматтардың қолымен жасалады.

Камелия Қарекесова