19.12.2018, 10:36
Қараулар: 954
ТЕРЕКТІ АУДАНЫНДА ЖЫЛЫЖАЙ АШЫЛДЫ

ТЕРЕКТІ АУДАНЫНДА ЖЫЛЫЖАЙ АШЫЛДЫ

ҚР Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында Ақсуат ауылдық округіне қарасты Әйтиев ауылында жылыжай ашылды.

Салтанатты шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Рүстем Мүтиев, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сағадат Жолдығалиев, кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Ихсанов, Ақсуат ауылдық округінің әкімі Максим Энгелов және ауыл тұрғындары қатысты.

Жиында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Рүстем Сейтонұлы мен округтегі ақсақалдар қоғамының төрағасы Жамбыл Рамазанов егемен еліміздің ең қастерлі мерекесімен жерлестерін құттықтап, халқының игілігі үшін жылыжай ашқан Тұрсынбек Бақтығалиевке сәттілік тіледі.

» Біз 4 гектар жер телімін жалға алып, құны 6 млн. теңгені құрайтын 6 жылыжай құрылысын салуды жоспарладық. Биыл 2 жылыжай құрылысы аяқталды. Екі жылыжайдан маусымына (үш ай сайын) 20 тонна көкөніс өнімін алуды көздеп отырмыз. Заманауи құрылғылармен толық жабдықталған жылыжай тамшылатып суару әдісін қолданады. Біздің басты мақсатымыз – жергілікті өнімдердің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету. Қазіргі таңда қызанақ пен қияр отырғыздық. Бұйырса, 2019 жылдың қаңтар айында өнім береді», — деді «Теректі өнімдері» ЖШС басшысы Тұрсынбек Бауыржанұлы.

Жылыжайдың ашылу салтанатында лента қию рәсімі Рүстем Мүтиев пен ауыл ақсақалы Өтеген Жұмағалиевке бұйырды. Ақсақал ақжарма тілегін айтып, кәсіпкерлерге алғысын айтты.

Әйтиев ауылының өнерпаздары әннен шашу шашып, көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар