10.12.2018, 14:39
Қараулар: 117
Желтоқсанның ызғары естен кетпес

Желтоқсанның ызғары естен кетпес

Тұғыры биік Тәуелсіздігімізді ойға алсақ, Желтоқсан оқиғасын айналып өте алмайсын. 1986 жылдың 17-18 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық іс-қимылдары тарих беттерінде қатталды.

17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 8-де қаладағы Л.Брежнов  атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін көтерілісшілер саны 20 мыңға жеткен. Бірақ көтерілісшілердің қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, “бұзақыларды” күшпен тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілген. КСРО ІІМ-нің бұйрығы негізінде дайындалған “Құйын — 86” операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды. Көтеріліс нәтижесінде 200 жас өліп, 1000-нан аса адам тұтқындалған. Тәуелсіздік алып, аталмыш оқиғаның тарихи маңызын жоғарылату бағытында жұмыстар жасалынғанмен, көтеріліс құпиялары толығымен ашылмады.

Саяси тәуелсіздікті талап еткен батыр жастардың есімдері бүгінгі таңда әмбеге аян. Қайрат Рысқұлбековтен бастап, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Түгелбай Тәшенов боп жалғаса береді.

Осындай ержүрек, азаттық үшін аянбаған жастардың арасында теректіліктер де бар. Солардың бірі – Бибігүл Исалиева. Ауданымызға қарасты Аңқаты ауылында дүниеге келген Бибігүл Мақсотқызы Желтоқсан оқиғасы кезінде Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық «Опера және балет» театрының жанындағы вокалдық-театрлық студияда оқып жүрген еді. Курстастарымен алаңға барған Бибігүл тек әділдікті талап еттік дейді.

  • Ол кездерді еске алу – өте ауыр. Желтоқсан оқиғасы күні кешегідей көз алдымда. Алаңға жалынды жастар азаттықты, тәуелсіздікті талап етіп барды. Аязды күні тәніміз тоңса да, жанымыз тоңбады. Жүрегіміз өрекпіп, елдің амандығын ойладық. КГБ-да жауапқа тартылдық. Қазір ойлап отырсам, оның бәрі бекер емес сыңайлы. Желтоқсанда болған оқиға еліміздің тарихын жаңадан жазуға сеп болды. Сол алаңда қаза тапқан жастарды ұмытпай, есімдерін ұлықтауды тоқтатпауға тиіспіз,-дейді Бибігүл.

Қазір Бибігүл Мақсотқызы облыстағы қара шаңырақ — Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі және актрисасы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Театрда 80-нен астам сомдаған рөлдерінің 50-і қазақ және шетел драматургтерінің классикалық шығармаларының басты кейіпкерлернің рөлдері. Таңдаулы талант иесінің Тәуелсіздік үшін алаңға шыққан жастардың арасында болуы ер мінезді екенін аңғартады. Газет ұжымына жұмысының көп болуына қарамастан сұқбат беруге келіскені қарапйымдылық қасиетін тағы бір мәрте айғақтайды. Бибігүл Исалиева жастардың бойынан осы екі қасиет міндетті түрде табылса, ел іргесі бекем болатынына сенімді.

Аязды күні аянбаған жастардың арасында Мақсотова Күнзила Қабиқызы да болды. Ақжайық ауылдық округіне қарасты Абай ауылында дүниеге келген Күнзила 1986 жылы Алматы байланыс техникумының 2 курс студенті болатын. Желтоқсан оқиғасын кейіпкеріміз былайша еске алады:

  • Дінмұхаммед Қонаев орнынан кетіп, ол лауазымға Колбинның келуі қазақ жастарының наразылығын тудырды. Намыс оты тұтанып, «қазақты қазақ басқарсын» деген ұранмен алаңға шықтық. Көтеріліс нәтижесінде көптеген жастар милицияға түсті. Соққы жеді. Менімен бірге 40-тан астам өрімдей қазақ қыздары қамауға алынып, сағат сайын тергеу жүргізілді. Мені бір тәуліктен соң, менің жолдастарымды бес тәулік, тіпті 15 тәуліктен соң босатты. Көптеген студенттер оқудан шығарылды. Желтоқсан оқиғасы менің өмірімде өшпестей із қалдырды. Ол жылдарды мен көзіме жас алып еске аламын.

Расымен, бұл  тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына жол ашқан, бүгінгі азаттықтың ақ таңын сезінуімізге жағдай жасаған оқиға болды. Күнзила Қабиқызы жүректері елім деп соққан жастардың қатарында болғанын мақтанышпен айтады.

Желтоқсан желі жалындаған қаншама жасты «сөндірді».  Бетті қарыған аяз, қара бұлт…Суық қаруланған жендеттер. Көз алдыңа тек қайғылы картина елестейді. Дегенмен, сол қара бұлттың соңынан аспан шайдай ашылып, күн шықты. Тәуелсіздікті қастерлеп, қадірлеуге Желтоқсан оқиғасы себеп болары шындық.

Әділет Әлібекұлы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар