10.12.2018, 14:27
Қараулар: 102
91-93 немесе жылдар жақындығы

91-93 немесе жылдар жақындығы

 

Бұйырмыс болар-ау ол Хақтан,
Таң күтіп,
Қан жұтып жол жатқан.
Қайратта намыс боп бұлқынып,
Сәбира,Ләззаттар толғатқан.

 

Үміт пен қорқыныш күресіп,
Жатқанда…
Өзара тіресіп.
Сен келдің қуантып қазақты,
Мен келдім артыңнан ілесіп.

91-93.
Не түрлі,
(Жан емен білмейтін ретімді)
Екеуі-қайырған кекілді,
Ананың егізі секілді.

Өткеріп бойынан сес күйді,
Жылдар да тектен-тек ілеспейді.
91- бөріктер аспанда,
93- дүйім жұрт ес жиды.

Ұйқыдан оянған санам-ай,
Қазаққа бұйырған далам-ай.
91- шыр еткен нәресте,
93- тәй басқан баладай.

Сан кезең біреуге жем болдық,
Жаратқан қалапты. Енді оңдық.
91- қамыттан құтылып,
93- егемен ел болдық.

91 — аспан жоқ түнерген,
93 — кереге түгел кең.
Бабалар азаттық әперіп,
Сақта деп дәл мені жіберген!

27 жыл!
Өтсе де сол сана,
Ұлы бақ — жылдармен толса ара.
91!
Мен сені сүйемін!
…Арамыз екі жыл болса да!

Тарихтың сенсің рас бар емі,
Әдемі азаттық әлемі.
Махаббат жасқа да қарамас,
Дегеннің біз болдық дәлелі.

Сені аңсап жоғалды ұл.
Жоқ сан Гүл.
Сен болдың Алашым тосқан нұр.
Жау етер көп елмен достастың,
Тәу етер тәуелсіз 91!

Алға ұмтыл!
Серпілгін!
Білек түр!
Сен үшін соғады жүрек бұл!
91- тұғырдан таймайсың,
Ғасырлар өзіңді тіреп тұр!

Әділет ӘЛІБЕКҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар