5.12.2018, 21:29
Қараулар: 142
Теректіліктер облыстық жобаға үн қосты

Теректіліктер облыстық жобаға үн қосты

Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Аудан кітапханаларының күндері» жобасы аясында «Туған өлкем – Теректім» атты орталықтандырылған кітапханалар күні өтті.

Жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналған «Туған жер» бағдарламасы аясында өткен шараның шымылдығы 2013 жылы түрілген-тұғын. Теректі ауданы аталмыш жобаның әдемі нүктесін қоя білді.
Шара барысында аудан әкімі Әділ Жоламанов сөз сөйлеп, аудандағыатқарылған жұмыстарды жіпке тізді. Алдағы жылы Тақсай кешені желісінде мұражай ашу жоспарда бар екендігін де атап өтті. Одан соң «Қойнауы сырға толы-Теректім» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.

«Қайсар талант арқалаған нар сенім, Ақ Жайықтың атын жайған жаршы едің» атты қазақтың көрнекті жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Хамза Есенжановтың 110 жылдығына орай өткен әдеби–сазды кеш аясында аудандағы мектеп оқушылары даңқты жерлесіміздің өлеңдерін нақышына келтіріп оқып берді. «Жылаған күнім көп шығар» атты көріністе жазушының 17 жыл сталиндік лагерьде азап шеккен сәттері көрсетілді. Қарапайым кітапханашылардың әртістік қабілеттері жиылған көрерменді таң-тамаша етті.
Облыс ақындарының Хамза Есенжановқа арнаған жыр жолдарын аудан кітапханашылары оқып берді. «Жаралған жан Ақ Жайықтың төсінен» атты облыстық байқаудың қорытындысы жарияланды. Хамза Есенжановқа арнау жазу бағамы бойынша Казталов ауданының кітапханашысы Мөлдір Ғазезова жеңімпаз атанса, «Қайсар талант иесі» атты бағамда, яғни аудандық,ауылдық кітапханалар Хамза Есенжановқа арналған мәдени шаралар өткізіп, электронды нұсқасын дайындау шарттарын толығымен орындаған Сырым аудандық кітапханасы үздік деп танылды.

Мәдени шарада Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің «Тарих және гуманитарлық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы, өлкетанушы, жерлесіміз Сайлау Сүлейменов Хамза Ықсанұлы және оның жары София анамыз туралы біраз естелік айтты. Аудандық мәдени-демалыс орталығының әншілері Таңат Жексенбаев, Айбек Дәулетқалиев, Кәмшат Ғалымова, №2 саз мектебінің оқытушысы Жеңіс Қайров және Сарыөмір ауылдық кітапханашысы Құралай Темірова әсем әндерді әуелетіп, шараның көркіне айнала білді.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ
суретті түсірген Темірболат Тоқмамбетов

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар