27.11.2018, 9:56
Қараулар: 242
Мәдениет үйі – өнер шаңырағы

Мәдениет үйі – өнер шаңырағы

Ұлттық өнерді ұлықтап, салт-дәстүрді дәріптеуде мәдениет ошағы басты қызмет атқарады. Осыдан бір жыл бұрын «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бой көтерген 300 орындық  Подстепное ауылының мәдениет үйінің көлемі  1300 шаршы метр.  22 қызметкер еңбек етеді. 7 үйірме жұмыс жасап тұр.

Жыл ішінде  аудандық, облыстық, республикалық өнер сайыстарына қатысқан көркемөнерпаздар жүлделі орындарды қанжығаға байлап қайтты. «Япурай» әжелер ансамбілі  Астананың  20-жылдығына арналған  «Ел жүрегі — Астана» атты облыстық  ардагерлер байқауында  ІІ-орынға ие болды. Республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Ақжелең» өнер байқауында  Есбол Расул, Балтабай Тамерлан  І-орынға ие болды.

Осы уақыт ішінде мәдениет үйіне  танымал тұлғалар: қазақ эстрадасының жұлдыздары Гүлнұр Оразымбетова, Ғаділбек Жаңай, Асхат Тарғын, Абай Бегей, Айгүл Иманбаева, Серік Ибрагимов, Мөлдір Әуелбекова, Бейбіт Кушкалиев, «Заман», «Алашұлы», «Назар» топтары, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театр ұжымы келіп, өнер көрсетті.

 

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының  орынбасары Л.Прокопенко, Парламент Мәжілісінің  депутаты С.Имашева да мәдени ошаққа бас сұқты.

«Ұлы дала ұрпағымыз», «Дарабоз» балалар және жасөспірімдер арасындағы республикалық өнер байқауы, республикалық «Шалқар толқыны» ән байқауының І-кезеңі, «Жаһандану жағдайында   отбасылық  құндылықтардың сақталуы»   аналар  форумы өтті.  Қазақтың  Мұқағали ақынын ұлықтау мақсатында «Жырлайды жүрек» байқауы ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының  Халық артисі , «Отан» орденінің иегері , мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтың туған күніне орай «Атамекен» ән кешін өткіздік.

Қазақтың ұлттық салт-дәстүрін насихаттау мақсатында  «Бауырсақ  parti»,  «Дәстүрім — берік діңім» атты  киіз басу, ши тоқудан мастер класс ұйымдастырылды. «Ұлттық жаңғыру отбасынан басталады»  аудандық отбасылық альбом,  мұрағат байқауы, ашық аспан астында «Мұражайлар үн қатады» көрмесі өтті.

Еңбек ардагерлерінің  «Алтын ғұмырдың алтын кезеңі» күзгі балына қатысушылар көп болды.   Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Абай — ұлттық санамыздың негізі» ән байқауы өтті. «Жүректен жүрекке»  қайырымдылық концерттерін ұйымдастырып, қатерлі дертке шалдыққан Ерсұлтан Орынғали, Жаһангер Тлекқали Бауыржанұлына  көмек көрсеттік.

Елбасы ішіндегі  талантты  жастардың   шығармашылық  жұмысына  қолдау  көрсетіп келеді. Сондай қолдау арқасында бізге келген жас мамандар Аңсар Сагиев, Айымбек Маратов, Айгерім Шайхиева, Гүлбегім Сиражова, Ақсамал Жасұланова өнерімкен танылып үлгерді. Гүлбегім Сиражоваға  үкімет тарапынан үй, Айымбек Маратов, Айгерім Шайхиева көтерме ақы берілді.

Бір жылда жеткен жетістіктеріміз осындай.  Келер жылдан күтеріміз көп. Алдағы уақытта елге танымал күйші, термешілер, ақындар мен сазгерлердің шығармашылығынан дискілерін шығару, демеушілер тауып, өнер майталмандары туралы кітаптар шығару жоспарда бар. Жас таланттарды тауып, жол ашу — біздің басты мақсаттарымыздың бірі.

 

Айнұр Қуанышқалиева,

Подстепное ауылдық мәдениет үйінің директоры

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар